Түркі дүниесін таныған
Бүгін Түркі академиясының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерлері және Немат Келімбетов шығармашылығы» атты республикалық практикум өз жұмысын бастайды.
Ауқымды ғылыми конференцияға белгілі түрколог-ғалымдар, әдебиеттанушылар мен сыншылар, қаламгерлер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысады.
Ұлттық әдебиет пен тамырлы тарихымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым, көрнекті қаламгер егер тірі болса биыл 75 жасқа толар еді. Бұл шара Немат Келімбетов мұрасын талдап, танып-білуге бағытталмақ. Осы орайда біз ұлағатты ұстаздың тәлімін көріп, еңбегін бағалаған ғалымдардың толғанысты ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Осыдан жарты ғасыр бұрын ғана қазақ әдебиеті ХVIII ғасырдан, Бұқар жырау шығармашылығынан басталады деген қағидаға негізделген, ұлттық әдебиеттану ғылымымыз халық тарихының шындығына арқа сүйеген озық идеялы, азат саналы ғалымдарымыздың қайсарлықпен атқарған іс-әрекеті, тер төге жасаған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде әдебиет тарихының басталу кезеңдері жөнінде жаңа сатыға көтерілді. Пайымдаудың тар шеңберінен шығып, ортақ мұраға тән сипаттарды айқындап, соған орай ұлттық әдебиетіміздің бастау көзі де сол ортақ мұраға барып тірелетінін дәлелдейтін жаңа көзқарастар қосылу барысында тың идеялар жүзеге аса бастады. Соның жарқын бір айғағы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академигі, жазушы, философ, Күлтегін және Франц Кафка сыйлықтарының лауреаты Немат Келімбетовтің ғылыми еңбектерін айта аламыз.
Кенжебаев ұлағатын жалғастырған
Өткен ғасырдың екінші жартысына дейін әбден орнығып қалған, әдебиет тарихын дәуірлеудің тар шеңберлі қасаң қағидасына қарсы бағытталған қазақ әдебиетінің бастау көзін Бұқар жыраудан емес, түркі халықтарына ортақ дәуір аясында қарастыруда білікті профессор Бейсенбай Кенжебаев бастамасын алдымен ауызға аламыз. Қазақ ССР Ғылым академиясының ұйымдастыруымен 1959 жылы 15 – 19 маусым аралығында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған әйгілі ғылыми-теориялық конференцияда кейбір жоғары лауазымды ғалымдар тарапынан қолдау таппай, соның салдарынан конференция ұсыныстарының қатарына енбей қалуына қарамастан, профессор Б.Кенжебаев өз бастамасынан, ғылыми орта назарына салған өзінің әдебиет тарихын дәуірлеуге қатысты негізгі идеясы мен ұсынысынан бас тартқан жоқ. Қайта конференциядан кейін бұрынғыдан да серпінді түрде өз идеясының дұрыстығын дәлелдеу бағытында жұмыс жасады, кешенді түрдегі зерттеу әрекетіне кірісті. Әдебиет тарихын жүйелі бағытта зерттеудің жаңаша бағдарламасын жасап, әр кезең әдебиетін жеке тақырыптар бойынша, әрқайсысы өзіндік жеке мәселелерді қозғайтын ауқымда жоспар құрды. Осы жоспарға сәйкес, өзі басқаратын кафедрада бірге қызмет істейтін іні әріптестеріне, университет қабырғасында өзі тәрбиелеген шәкірттеріне әр кезең бойынша зерттеу жүргізуге бағыт-бағдар сілтеді. Ұлы ұстаз бұл ұстанымын әр буын шәкірттерін араластыра отырып жалғастыра берді. Сөйтіп, бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында дара сипаттағы жаңашыл бағыт ұстанған бірден-бір мектеп қалыптасты десек, ол осы Б.Кенжебаевтың ғылыми мектебі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Кенжебаев мектебіндегі қазақ әдебиеті тарихының арғы дәуірін зерттейтін ғалымдардың алдыңғы толқыны Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Н.Келімбетов болса, одан кейінгі толқын өкілі ретінде аталатын бірден-бір тұлға өмірден ерте озған талантты ғалым Алма Қыраубаева еді.
Міне, осы топтың ішінде ұстаз идеясын асқақтатып, жаңа биікке көтеруде ерекше еңбек сіңірген, зерттеу нысаны, қол жеткізген ғылыми табысы ұстаз межесінен де әрі асып кеткен тұлға Немат Келімбетов болды. Ол қазақ әдебиетінің тарихы ежелгі дәуірден басталатынын дәлелдеу жолында тынымсыз ізденді, тыңғылықты зерттеу жүргізді, қажырлы еңбек етті. Соның нәтижесінде қазақ әдебиетінің көп ғасырлық тарихы ежелгі дәуірлерден, тіпті одан арғы ықылым замандардан басталатынына ғылыми пайымдаулар жасады. Бұған бүгінде жоғары баға алып отырған, қазақ әдебиетінің тарихы, оның ішінде нақтылап айтқанда арғы түркілік замандағы және орта ғасырлардағы әдеби жәдігерлерді ең басты нысана етіп алған монографиялары мен оқулықтары, жүздеген зерттеу мақалалары айқын айғақ бола алады. Ғалымның зерттеу еңбектеріндегі көтерілген мәселелердің қаншалықты мәнділігі мен қомақтылығы олардың тақырыптарының кең ауқымды екендігінен-ақ байқалады. Н.Келімбетов кітаптарын қолына алған адам мұны бірден байқай алады.
Ежелгі дәуір әдебиетін зерделеген
Б.Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихының бастау көзі ретінде VI – IХ ғасырдан жеткен түркілік ортақ дәуірдегі жазба ескерткіштерді меже етіп алса, Немат Келімбетов аталған ғылыми мектеп бағытын одан әрі дамыта жалғастыра отырып, «Сақтардың қаһармандық дастандары», «Алып Ер Тоңға» дастаны, «Шу» дастаны, «Ғұндардың батырлық жырлары», «Оғыз-қаған» дастаны, «Аттилла» дастаны, «Көк бөрі» дастаны, «Ергенекон» дастаны, Көк түріктердің ерлігі туралы «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары, «Қорқыт ата кітабы», «Авеста – қасиетті жазбалар жинағы» туралы тарихи-дерекнамалық, мәтіндік талдаулар барысында бұл жәдігерлердің түркі халықтарына ортақ мұра екенін, сондықтан қазақ әдебиеті тарихының да бастауы болатынын ғылыми саралап берді.
Қазақ тарихының бастау көзі сақ, үйсін, ғұн, түркі болып жалғасатын болса, онда сол дәуірлерден жеткен әдеби жәдігерлер де олардың бүгінгі ұрпақтары болып есептелетін халықтардың қай-қайсысының да өз мұрасы ретінде иеленуге қақысы бар деп ойлаймыз. Сондықтан Немат Келімбетовтің «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атилла», «Көк бөрі», «Ергенекон», «Күлтегін», «Тоныкөк» сияқты сақтардың, ғұндардың, түркілердің қаһармандық дастандарын қазақтың да көнеден жеткен рухани мұрасы ретінде бағалауы, қазақ әдебиеті тарихының да бастау көзі деп қарауы – заңды тұжырым. Н.Келімбетовтің зерттеушілік талантын көрсететін, ғылымға қосқан ерекше үлесі, әкелген тың жаңалығы оның диссертация жазу барысында бұрын аттары ғана белгілі болып келген, ал негізгі мәтіні жоғалған сақтар мен ғұндар дәуірінің «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атилла», «Ергенекон» сияқты төрт дастанын сақталып қалған үзінді-жұрнақтары бойынша қайта құрастырып, ғылыми айналымға енгізуі еді. Құрастырып қана қоймай, сақтар мен ғұндардың осы қаһармандық дастандары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы ұқсастықты, сабақтастықты әдеби, тарихи,тілдік, модельдік, стильдік тұрғыдан дәлелдеп шығуы қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа өрістерге бастаған жаңалық деп бағалауымыз керек.
Осылайша ғалым көп уақытқа дейін мамандар арасында дау туғызып, талай пікірталастың тақырыбы болған, ХХ ғасырдың 70-жылдарына шейін оң шешімін таппай келген, тек Қазақ мемлекеттік университетіндегі Б.Кенжебаев бастаған Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин тәрізді қазақ әдебиеті кафедрасының ғалымдары құрастырып шығарған «Ежелгі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматиядан кейін орныға бастаған қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесі бойынша тиянақты жүргізген зерттеулері барысында Б.Кенжебаев идеясын дамыта түсті. Сөйтіп, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаеваның еңбектері арқылы дәлелденген қазақ әдебиетінің ҮІ ғасырдан басталатын тарихы Н.Келімбетов зерттеулерінің нәтижесінде б.з.д. әдеби жәдігерлерге табан тірей бастады. Бұл құбылыс, әсіресе, «Сақтардың қаһармандық дастандары» деген тақырып аясында «Томирис», «Шырақ», «Алып Ер Тоңға», «Шу» атты дастандарға талдау жасағанда айқын байқалады. Бұл қазақ әдебиеттану ғылымындағы көрнекті жаңалық екені даусыз. Ғалымның іргелі зерттеулерінде талданатын шығармаларға арқау болатын тарихи дәуір көрінісі бүгінгі географиялық кеңістікпен сабақтастырыла өзіндік ғылыми тұжырымдармен жаңаша байыпталады.
Ғалымның зерттеу еңбектерінде тың тұжырымдар тарихи кезеңдерге байланыстырыла беріліп отырады.
Қорыта келгенде, Н.Келімбетов зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымының кешеуілдеп қолға алынған саласындағы олқылықтарды толықтырған, сұңғыла ғалым, ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ғылыми идеясын жалғастыра отырып дамытқан, жаңа биікке көтерген тұлға ретінде ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, білім нәрімен сусындата беретіні кәміл.
Құныпия АЛПЫСПАЕВ, Түркі академиясының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор