Түбі бір түркі жұрты
Ноғайлар
Ноғай этнонимі ХІІI ғасырдағы Алтын Орда билеушісі Ноғай ханның есімімен байланыстырылады.
Патшалы Ресейдің қан тепкісіне ұшырап, тоз-тозы шыққан байғұс ноғай халқының тағдырын дәуір трагедиясы деп атауға болатын шығар. Бір кездегі Ұлы Ноғай Ордасының территориясына осы күнде Ресейдің бес облысы сыйып жатыр. Ел кеткен соң, жерден не қайыр? Алты миллионға жуық ноғайдан жүз мыңға жетер-жетпес қана қалғаны шынымен қабырғаңды қайыстырады. Патшалы Ресейдің шынжыр балақ, шұбар төс генералдарының қатыгездігі мен Кавказдағы қан-соқта соғыстардан титықтаған 200 мың ноғай ХІХ ғасырдың соңында Түркияға босып кетті. Олардан қалған жерді орыс мұжықтары мекендеп ала қойды.
Қазақ пен ноғайдың төл перзентi Қазтуған, Доспанбет, Асанқайғы секілді халық ауыз әдебиетінің қадау-қадау тұлғаларының зираты қазір Қазақстаннан тыс жерлерде – байырғы ноғай жұртында қалды. Бұл мәселелер қазақтың да, ноғайдың да ауыз әдебиетінде кең көрініс тапқан. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Зар заман әдебиеті» атаған осы бір тұс ұлт тарихындағы ұрымтал кезең еді.
Қазіргі ноғай тілінің жазу емлесі кириллица негізінде қалыптасты. Қазақтың «қ», «ғ», «ң» секілді әріптерін «к», «г», «н»-ға жіңішкелік белгісін қосып таңбалайды. Жазуындағы бар айырмашылық осы ғана. Демек, біздің кітаптарымызды емін-еркін оқи береді деген сөз. Онда неге ол жаққа өзіміздің оқулықтарымызды жіберіп, сусап отырған халыққа ортақ тарихымызды белсенді насихаттамасқа? Ресейдегі басқа түркілер орыстанып кеткен болса, ноғайлардың басты ерекшелігі салыстырмалы түрде ана тілін таза сақтап келеді. Бірақ өз тіліндегі баспа өнімдері азайып бара жатыр. Ноғайтілді зиялы азаматтар да жыл жылжыған сайын сиреп барады.
Кейінгі кезде тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің арасында «ноғай халқын сақтап қалудың жалғыз жолы – оларды түп көтеріп Қазақстанға көшіріп алу керек» деген пікірлер айтылып жүр. Ең бастысы – ол мәселені ноғай зиялыларының өздері бастап көтеріп жатыр. Оның қаншалықты өзекті екендігін уақыт көрсетер. Дегенмен біз Алашты алаңдатқан осы сауалды төменде бірқатар зерттеушілерге қойып көрген едік.
«Ер жігітке бақ қонса,
пайдалы істі қағынтад,
Ер жігіттен бақ тайса,
өткен күнді сағынтад».Жыраулар поэзиясынан