Төрткүл кешені қайтсе тығырықтан шығады?

Төрткүл кешені қайтсе тығырықтан шығады?

Басқасын айтпағанның өзінде туризм – бизнес. Төрткүл дүниенің бірқатар мемлекеттерінде туризм секторы ел бюджетінің қоржынына түсетін қаражаттың басым бөлігін құрайтын салаға айналып үлгерді. Ресми дерекке зер салсақ, әлем бойынша туризм саласынан түсетін табыс мұнайдан кейінгі екінші орында тұр. Саланы табыс көзі санайтын елдер қатарына ежелгі Мысырдан бастап, Таяу Шығыстағы, Еуропа мен Африкадағы, Австралия мен Латын Америкасындағы көптеген мемлекеттерді жатқызуға болады. Айталық, Мысыр мен Грекияның, Түркия мен Италияның, Тайланд пен Біріккен Араб Әмірлігі тақылеттес өркениетті мемлекеттердің жыртығын жамап, экономикасының тамырына қан жүгіртіп отырған дәл осы туризм саласы екені анық. Сол себепті де аты аталған елдер осы секторға баса ден қояды. Алайда бізде туризмнің бойына қан жүгіртіп, қадамын қарышты қылуды ойлап отырған кәллә аз болып тұр...
Туризм саласындағы басты бағыттардың бірі – этнографиялық туризм. Ол дегеніміз мәдени-танымдық ой-өрісті арттырады. Әлбетте, этнотуризмді ұтымды пайдалана алсақ, одан ұтылмаймыз. Этнотуризмді дамытуды шұғыл түрде қолға алып, жедел жандандыруды Елбасы Н. Назарбаев Үкімет отырыстарында, аймақтарға барған жұмыс сапарларында айтудай-ақ айтып, соны іске асыруға жауапты құзырлы органдарға тапсырма берудей беріп келеді. Оның мәні де тереңде. Неге десеңіз, қазақ сахарасы сары жамылғы жамылып, ұзыннан ұзаққа шұбап жатқан сартап дала ғана емес, тұмса табиғатты, саф ауалы, асқақ таулы, төсін жасыл желек жапқан көркем жерлерге бай. Қазақияның қай түкпіріне барсаңыз да жәдігерге толы, тарихқа, әсем жерлерге толы. Құс қанаты талып, құлан тұяғы мүжілетін ұлан-ғайыр аумақты бір өзі алып жатқан Қазақстанның батысындағы Атырау мен Маңғыстау, Орал мен Ақтөбе, одан бергі абыздар мен би-батырлардың, толып жатқан баптардың мекені – Қызылорда мен Шымкент өңірі, солтүстіктегі Көкшетау мен Павлодар, жер жәннаты Жетісудың көз тартар көрікті жерлері қай елдің болсын мәртебесін асырып, атақ-абыройын еселеуге негіз бола алатындай өңірлер. Балығы тулаған, құстары шулаған Марқакөл мен Зайсан, Алакөл, екінші Швейцария атанған Катонқарағай неге тұрады? Тірі пейзаж ғой. Мұның бәрі этнотуризмнің дұрыс бағытта дамуына ықпал ете алатын аймақтар. Біздің өңірде де осы саланың жібін түзу есуге мүмкіндіктер баршылық. Айталық, ілгеріден Орта Азия аумағын бір-бірімен жалғап тұратын керуен жолдардың болғанын бәріміз білеміз. Байырғы қала орындарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары сауда жолдарында түрлі өркениеттердің болғанын дәлелдейді. Соның бірі – Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайы.
Бұл кешен IX ғасырда ірге көтергенін тарихи деректер айқындайды. Кешеннің жалпы аумағы кәдімгідей көлемді. Қорғандарының биіктігі 5 метрдей болса, қалыңдығы да 5 метрге жуық. Қорған айналасында 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа жасалған. Негізгі қақпаның екі шетіндегі 4 бөлмеде қолданбалы өнер шеберханасы болған.
«Төрткүл» керуен сарайы шамамен XI-XIII ғасырларға жататын Тараз қаласының тарихи орындарының бірі. Бүгінгі күні кешенді аспанасты музейіне айналдыру жұмыстары жүргізілгені аян. Зерттеу жұмысы барысында қала дуалдарының ортағасырлық қалаларға тән топырақтан (пақса) салынғандығы анықталды. Осыдан біраз жыл бұрын жұмысы қолға алынған Төрткүл кешеніндегі тірлік көңілден шыға ма?

Бар мәселе қаржыда ма?

Этнографиялық туризмнің қайта түлеуінің негізі болады деп жүрген «Төрткүл» кешенінің төрт құбыласы тең бе? Жылдар бойы мұнда не атқарылды? Күні ертең туристер мұнда ұялмай келе ала ма? Осы сауалдарға жауап іздеген едік. Бұл керуен сарайы бірден айта кетейік, алдымен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының есебінде болса, кейін олардың балансынан шығарылып, облыстық тарихи өлкетану музейіне берілді. Жақында ғана музейдің қарамағына өткен кешеннің өткенінен хабардар болуы үшін алдымен өткенге зер салайық…
«2008 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының ішкі туризмді дамыту бағытындағы жоспары бойынша жобаланған ашық аспан астындағы мұражай Төрткүл керуен сарайына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстары барысында Төрткүл керуен-сарайының мәдени қабаттары анықталып, бірқатар қыш-құмыра бұйымдары табылды. Мәдени қабаттардың стратиграфиясы мен жобасы анықталып, табылған археологиялық жәдігерлерге сүйене отырып нақты мерзімі айқындалды. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді. 2009 жылы Төрткүл керуен сарайында қазба жұмыстары қайта жалғасып, нәтижесінде керуен сарайдың ашық аспан астындағы жобасы жасалынды. Жоба бойынша керуен-сарайдың қабырға іргетастары қайта тұрғызылып, ішкі құрылыс орындарында консервациялық жұмыстар жүргізілді. Керуен-сарайдың ішкі құрылыс бөліктерінің бірқатар бөліктерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазба орындары уақытша сақтау шатырларымен жабылып, қабырға бөліктерінен қойма және лабораториялық бөлмелер орны салынды. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді. 2010 жылы Төрткүл керуен-сарайының нақты жобасы бекітіліп, реставрациялық жұмыстар қорытындыланды. Жоба бойынша Төрткүл керуен-сарайы қалпына келтірілумен қатар онда қолданбалы өнер орталығын ашу жоспарланды. Бұл жұмыстарға жоба сметасына сәйкес облыстық бюджеттен 120 млн. теңге сұралған, нәтижесінде 67 млн.теңге қарастырылды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары кешеннің төрт қабырғасы, бес мұнарасын тұрғызудан басталды. 83х110м төртбұрышты құрайтын қабырғалар мен мұнараларды тұрғызу ортағасырлық құрылыс жүргізу тәсілі бойынша, пақсалық әдіспен тұрғызылып шықты. Тұрғызылған қабырға ортасынан музей мен қойма орындарына арналған 7х3,5 метр болатын төрт және әкімшілік шаруашылыққа арналған 5х3,5 метр болатын екі бөлме жасалынды. Қазба орындарының төбесі шатырланып жабылды және солтүстік-шығыс қазбаның орнындағы бөлмелер қайта қалпына келтіріліп, қазбадан табылған заттар орналастырылды. Керуен сарайдың орталық алаңына жолдар жасалынып, көгеріштендірілді. Кешеннің ішін түнгі уақытта жарықтандыруға және мұнараларға арналған шамдар орнатылды».
Қаражаттың қысқартылуына байланысты реставрациялық жұмыстар толығымен аяқталмай қалған болатын. Бұл дирекцияның мәліметі. Әлбетте, бір қарағанда бәрі дұрыс секілді көрінгенімен, Төрткүлге барған кездерімізде кешендегі олқылықтарды да көз шалған…

«Айдаладағы ақ отаудың»
мекен-жайы енді нақтыланыпты

Дирекция келтірген мәліметтерге сенсек, қаржы тапшылығы салдарынан жұмыс толық аяқталмағанын аңғарамыз… Алайда, күн күңгірттеніп, ауа райы құбылғанда керуен сарайдың қабырғаларынан су сорғалағанын сан мәрте көз көрді. Демек, құрылыс жұмыстары сапалы жүргенде мұндай берекесіздік болмас та еді ғой… Сапалы материал (қызыл кірпіш) қолданылғанда да қабырғалар берік болатынына күмән жоқ. Алайда, су алған дуалдың мәселесі сол күйінде қалғанын байқаған болатынбыз. Бұл жерде бар мәселені қаржыға тіремей, жұмыстың сапасына мән берген ләзім болар еді. Енді қазір кешен облыстық тарихи өлкетану мұражайының есебіне алынды. Музей басшысы Бақыт Тілегенқызы мұндағы жұмыстар хақында өз ойын ортаға салды.
«Кешенді бізге өткен жылдың күзінде берді. Сондықтан мен керуен сарайының жұмысы туралы толыққанды айта алмаймын. Төрткүл бізге шын мәнінде керек екені белгілі. Алайда, жұмыстардың жүргізілу барысында кей мәселелер толық қамтылмаған. Қыстың күні адамдар отыратындай мүмкіндік жоқ. Біздің балансқа өткізілгеннен кейін қала әкіміне қайырылып, жерін заңдастырып беруді өтіндім. Қалалық жер комитеті арқылы және архитектура бөлімінің ықпалымен бәрін реттестірдік. Ағымдағы жылдың ақпан айында мемлекеттік актісін алдық. Одан кейін мекен-жайын нақты анықтау үшін анықтама алуға тура келді. Ілгеріде Сүлейменов көшесі 195-197 үйлер аралығы деген адрес бар болатын. Біз нақтылаған мекен-жай бойынша «195 а» үй болды. Соңыра техникалық паспортын жасаттық. Мамыр айында өзіміз барып, сенбілік жасап, ағымдағы жұмыс жүргіздік. Қабырғалардан су аққан кездер ұшырасты. Оның бәрін өзіміздің ақылы қызметтен түсетін қаражатпен қайта қалпына келтіріп отырдық. Бұрындары қайдам, қазір біздің есепке өткеннен кейін барлық құжаттары рәсімделіп, заңды ғимарат ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда жарық мәселесін де оңды шештік. Ақылы қызметтен түскен қаражатқа алынған матор арқылы су мәселесі де шешімін тапты. Өз басым Төрткүлге күнделікті барып, ондағы жұмысты жіті қадағалаймын. Қабырғаға шыққан сортаңды дер кезінде арнайы сұйықпен жуып, интернеттен іздеп тапқан әдіс бойынша бәрін қатырдық. Төрткүл біздің иелегімізге енгелі бері барынша жұмысты жандандырып жатырмыз. ТарМУ, ТарМПИ студенттерін сонда апарып, тәжірибеден өткіземіз, сондай-ақ, олар болашақ тарихшылар болған соң, тарихпен танысады. Жұмыс жасау әдісін көреді. Жалпы, Төрткүлдің болсын, музейдің болсын жұмысын ретке келтіру үшін қызу жұмыс атқарып жатырмыз».

Қыста қалың киініп барыңыз…

Иә, керуен сарайындағы жағдай әртүрлі, кейде «біртүрлі» себептермен оңды шешілмегенін сөз еттік. Осы күнге дейін нақты мекен-жайы белгіленбей келіп, енді ғана өз «орнын» тапқан Төрткүлдегі жұмыстың тым ұзақ уақыттан кейін құжаттандырылғаны таңқалдырды. Бұдан бөлек, ілгеріде қабырғасынан су сорғалаған кешеннің бастапқы жобалау кезінде-ақ кемшіліктер кеткенін аңғара түсеміз. Расы солай. Қыстың күні кешенге бара қалсаңыз, қалың киініп алғаныңыз ләзім. Ондағы экскурсоводтар сізге мән жайды түсіндіргенімен, бойыңызды жылыта алмайды. Себебі, мұнда жылу жүйесі жүргізілмеген… Бастапқыда осы жұмыс нақты жобаланғанда мұндай олқылықтар орын алмас еді… Әлбетте, ол кезде басқа басшылық болды. Бәрі басқаша-тұғын. Енді бұл кешеннің жұмысын мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы назарда ұстайтын шығар...

Түйін
Этнографиялық туризмді дамыту үшін алдымен жобаң оңды болуы керек. Бастапқыда жобасында қажеттіліктер толық қамтылмаған Төрткүл керуен сарайы ендігәрі этнотуризмді дамытуда айрықша рөлге ие бола ала ма? Бүгінгі күнде тек студенттер практикаға барып жатқанын ескерсек, мұндағы жұмыстарды әлі де ширату қажеттігін түсінеміз. Төрткүлге туристер ағылуы үшін менеджерлік жұмыс қажет. Алдымен жарнамасы мықты болуы тиіс. Әлбетте, Юнесконың «Бүкіл әлемдік мәдени мұра» тізбесіне өңірімізден бес кешен енгенін мақтанышпен айта аламыз.
Дегенмен, Төрткүлде жылу жүйесін жүргізіп, қосымша қаржы қарастырып, дуалдардың сапалы, яғни, су өтпейтіндей деңгейге жетуін қамтамасыз ету керек. Оған кім назар аударады? Еуропа елдерінде қарыштап дамыған этнографиялық туризм саласы біздің өңірде неге кенжелеп қала береді?

Табиғат Абаилдаев,
Тараз.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста