Тойға келген ақын ата-енесінен рұқсат сұрап қалыңдықты айтысқа шақырды
Танымал айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова тұрмысқа шықты, күйеу баланың есімі Жәнібек, полицияда қызмет етеді, деп хабарлайды «Тілші».
Тойға арнау айтуға келген ақындардың бірі Қайырхан Жұбаниязов ата-енесінен рұқсат сұрап, қалыңдықты айтысқа шақырды.
«Айтыс тартысты өтті. Әзіл айтыс болды. Әрине, қалжың кезінде отбасы құрып отырған жұбайларға жақсы тілектер айтылды. Бұрын-соңды мұндай тойды көрмедік. Жұлдыз қызымызға тек бақыт тілейміз», — дейді тойда болған қонақтардың бірі «Тілшіге».
Ақын Қайырхан жұбайларды мақтай келе, күйеу балаға ақын қызға жақындаудың өзі ерлік екенін айтқан. Күйеу баланың полицияда қызмет ететініне де айтылмай қалмапты.
Танымал ақын Жұлдыз Қожабекова көптеген айтыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Былтыр облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолынан әдебиет саласындағы жетістіктері үшін арнайы сыйлық алды. Таяу күндері Ғани Мұратбаев атындағы сыйлыққа ұсынылды.