Тілді тірілтетін – терминдер

Тілді тірілтетін – терминдер

Өткен аптада Ақтөбеге арнайы шақыртумен Шерубай Құрманбайұлы бастаған Тіл комитетінің өкілдері келіп қайтты. Сапар­лары­ның мақсаты 20 жылдан астам уақыт бойы төрімізге шығара алмай келе жатқан туған тіліміздің тұралап жатқан тағы бір тұсын қаузау екен. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы бастап, Алаш зиялылары енгізген сөздік қорымыз жаңа заман талабына сай терминдермен толықпай жатқаны қонақтардың жандарын ауыртып жүргені көрініп тұрды. Түп төркінін түркі тарихынан бастап көз майын тауысып жазған еңбектерін елдің алдына жайып салғанда, шынымен де, біраз жұмыстардың жасалып жатқанына көзіміз жетті. Егер осы қарқынмен алға баса берсек, ғылымның әр саласында өзінің ұлттық атауы бар ұлтқа айналатын күн алыс емес секілді көрінді.
ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білі­мінің қалыптасуына, оның ғылым тіліне айналуына ұлт зиялылары аз еңбек сіңірген жоқ. Тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Бай­тұрсыновтың көшін ғылымның басқа салаларында Қаныш Сәтбаев, Мағжан Жұмабаев, Елдос Омаров, Жұмахан Күде­ровтер жалғай білді. Ә. Бөкейхан, М. Ду­латұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Әуезов секілді қаламгерлер әр салада аударма жасап, тәржіме жұмысының кемел үлгілерін көр­сетті. Қысқасы, Алаш зиялыларының мұра­ларынан алатын тағылым жетіп- артылады. Тек оны жаһандану заманының жетегіне ілестіріп, техника тілінде сөйлетіп жіберуге өзіміз қауқарсыздық танытып келеміз.
Шерубай ҚҰРМАНБАЕВ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары:
– Алаш азаматтарының қай-қайсысы да өз заманында ұлттық санамызды оятуға, рухани құндылықтарымызды ұштауға, дербес елдігімізді Тәуелсіздікке ұластыруға қажыр-қайраттарын, қабілеттері мен білімдерін сарп етті. Сол қайраткерлеріміз қалдырған мол мұра ұлы талпыныстың куәсіндей болып бізге жетті. Бірақ бүгінгі ұрпақ осы асыл қазынаны қажетінше иге­ріп, ұлттық мұраттардан қажетінше тағы­лым ала алмай, енжарлық танытып отыр. Төл тіліміздің өзге тілдің аудармасы ретінде қолданылып жүргенінің өзі – жүрекке сал­мақ түсіретін үлкен мәселе. Одан қалды БАҚ тілінің де бұрмаланып, «бұзылып» бара жатуы – бүгінгі күннің өзекті өртер тұстарының бірі.

Мен БАҚ өкілдері пайдаланып жүрген аудармалар мен сөз тіркестерін арнайы жинақтай отырып, бір еңбек жазып шық­тым. Ең қорқыныштысы – құлаққа түрпідей тиетін аудармалардың қарапайым халық­тың құлағына сіңісті болып, одан қалды сол сөздердің қолданысқа еніп бара жатқан­дығы жаныма батты. Тіпті танымал дик­торлардың өзі баяндауышты сөздің орта­сында айтып, орыс тіліндегі мағына­сымен дүңк еткізіп жүр. Дипломы бар, көзі ашық, сауатты деген маман­дарымыз жал­пақ жұрттың санасын сауатсыз аударма­ларымен улап жатса, тілдің болашағынан не күтуге болады? Есігінің алдында өсіп тұрған алабұта мен жусанды ажырата алмайтын мектеп оқушысының Африканың папри­касын жаңылмай жатқа айтуы – соның дәлелі.
Бүгінгідей нано, ІТ техонологиялардың заманында тілге термин төңкерісі керек. Әр саланың маманы өз қызметіне қатысты тілдік қолданысқа тастай батып, судай сіңіп кететін терминдер тудыруы керек. Сонда ғана тіліміздің іргетасы мықты, керегесі кең болады. Біреудің қаңсығын өзімізге таңсық қыл­май-ақ қоржынымыздағы көпсөзді қол­данысқа оп-оңай енгізіп жіберуге болады. Мәселен, өз әскері бар қазақтың әскери тілі жоқ дегенге сенер ме едіңіз? Құлағымыз жауыр болған засада сөзін – торуыл, ата­каны – шабуыл, приставты – жасауыл, ком­войды айдауыл десек, кімнің тіліне сүйел шығады? Сол бір ғана уыл жұрнағы арқылы әскерге қатысты қанша сөз жасауға бола­тынына көз салып көріңіз. Барлауыл, бақа­уыл, жандауыл, қайдауыл, сайдауыл, сыр­ғауыл, тыңдауыл, торуыл, шабуыл, жор­­­­т­уыл, шырғауыл т.б.
Ғылыми ұғымдарға ат қою оңай жұ­мыс емес. Ол – үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді, Абайша айтсақ, «айналасы теп-тегіс, жұмыр келуді» қажет ететін шығармашылық үдеріс. Атаудың ықшам болуы, бірмағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиын­дығы – терминдерді ана тілінде жасау­дан гөрі көп жағдайда оны өзге тілдер­ден дайын қалпында ала салуға мәжбүр ететін себеп­тердің бірі.
– Калька тәсілімен термин жасау – Ахаң­ның кезінен бері бар әдіс. Тиімді пайдалана білсе, калькалау тәсілімен де тәп-тәуір тер­миндер жасауға болады. Тек аударманың сәтті шығуы үшін өзге тілдегі сөздің семан­тикасын, морфологиялық құрылысын және қолданылатын саласын жақсы білу керек, – дейді «Аудармаға және аударма­шыға қойылатын талаптар» тақырыбында баян­дама жасаған Ш. Шаях­метов атындағы Тіл­дерді дамытудың рес­публикалық үйлестіру-әдістемелік орта­лығы РМҚК директоры Бижомарт Қапалбек.
«Өзге сөзбен былғанса сөз арасы...»
«Іс қағаздары қазақшалансын» деген­нен қорыққан қызметкерлердің көбі бүй­ректен сирақ шығарып жүргендерін өздері де байқамай жүр. Жақында ерлердің ішкиімі салынған қораптың сыртындағы «еркектер қорқақтар» деген аударманы да көрдік. Орыс тіліндегі нұсқасын көріп, оның «муж.трусы» деген қысқартылған сөздің аудар­масы екенін білгенімізде сауатсыз аудар­ма­шының қатесі екенін түсініп, тілі­мізді тістедік. Мұндай мысалдарды күн­делікті тірлікте сіз де көріп жүрсіз. Бір мейрам­хананың мәзір жазылған кітап­шасынан «куриная грудинканың» «тауық­тың кеуде­шесі» деп аударылғанын оқып, күлкімді тыя алмағаным бар-ды. Тауықтың төс етін осылай аударған маман, тауықтың сан етінің орнына тауықтың борбайшасы деп айды аспаннан бір шығарыпты. «Огур­цы» дегенге «қиярлар», «свекла» дегенге «қы­зыл­­шалар» деп қоятындар да қазақ тілінің заңдылық­тарынан хабары жоқтар­дың тірлігі екенінде дау жоқ. Соның сал­дарынан бір қазақтың аударғанын екін­ші қазақ түсінбейтіндей жағдайға жеттік.
Ербол ӘБДІРӘСІЛОВ, Л. Гумилев атын­дағы ЕҰУ-дың қазақ тіл білімі кафе­драсының оқытушысы:
– Қарапайым халықтың тілдік мәдениеті қызмет көрсету орындарында да қалып­тасатынын ескерсек, осындай орашолақ аудармалар ертең тілімізге сіңісті болып кетуінен қорқуымыз керек. Әсіресе орыс тіліндегі ойды сол қалпы тігісін жатқызбай бере салу тілдің дамуын шектеп, оның қолданылу аясын тарылта түсері сөзсіз. «В старших классах почувствовал увлечение к чтению на­цио­нальной лите­ратуры» деген сөйлем «Аға кластарда оқи жүріп ұлт әдебиетін оқуға құнық­қанымды сезе бас­тадым» деп аударылыпты. Осын­дағы «аға кластар» дегеннің орнына «жоғарғы сынып­тарда», ал «ұлт әдебиеті» дегеннің орнына «ұлттық әдебиетке» деп аударған дұрыс болмас па еді?

Бүгінгі сөз қолданыстағы аудармалар­дың сапасы сын көтермейтінін түрлі меке­мелердегі іс қағаздарының қате тәржі­мелерінен көріп жүрміз. Құжаттардың аудар­масында қазақ тілінің заңдылық­тарына қайшы келетін тіркестер толып жатыр. Бұны бірізділікке салатын – тек ма­ман ғана. Ал маманның ұлттың уызына жарыған, қазақ тілінің қаймағын жеп, ма­йын жалаған сауатты болуы – басты мәселе.
Қос тілділіктен құтылу керек
Алтай ТАЙЖАНОВ, М. Оспанов атын­дағы мемлекеттік медицина университетінің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының жетекшісі:
– Тіл төңірегіндегі мәселелерді тізе берсек, таң атуы мүмкін. Бірақ айтпай кетсек, сөздің атасы да өлуі ықтимал. Менің түсінігімде әрбір ұлт өкілінің өзіне ұнаған мекенінде өмір сүруге, өзінің өркениетін таратуға құқығы бар. Біздің елімізде жері­мізді мекендеген жүздеген ұлтқа осындай конституциялық құқық берілген. Бірақ бұл – біздің Отанымызда қос немесе көптіл­ділікті ұстансын деген сөз емес. Себебі біз Ресей елі секілді құрамында бірнеше авто­номды мемлекеті бар федерациялық мемлекет емеспіз. Біздің жерімізді паналап тұрып жатқандардың кетем десе, өз Отаны алдарында күтіп тұр. Ал бізді кім күтеді? Сондықтан да Ата Заңымызда қазақтың туған тіліне мемлекеттік мәртебе берілген. Соған сәйкес, біздің тіліміз тек қана қазақ тілі болуы қажет.

«Қазақстан – 2050» стратегиясы және тілтаным мәселелеріне әлеуметтік талдау» тақырыбына баяндама жасаған профессор Тайжанов көпұлтты Қазақстандағы тіл тағдырының дертіне нақты мысалдармен шолу жасады. Егемендік алғаннан кейін пайда болған жаңа терминдердің кейбірін сыпыртып сынап та алды.
Семинар-тренингіден қазақ тілінің болашағы мен қазақпын деген әр азамат­тың арқасына аяздай бататынын түсіндік. Аттан салып айқайлағаннан түк шықпай­тынын түсіндірген терминологтер сауатты сөзжасамдар арқылы ана тіліміздің аясын кеңейтуді ұсынды. Термин жасаудың үлгісі болған Алаш зиялыларының кешегісінен бастап ой қозғап, Орынбор съезінде қа­был­данған «Қазақтың өз ті­лінен табыл­маған пән сөздер басқа түркі халықтарынан ізделсін; басқа түркілер тіліндегі пән сөздер жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» деген қағидасымен түйіндеді. Осы семинар ой салып, әр салада жаңа сөзжасамдар қалыптасып жатса, бүгінгі басқосудың жемісі болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста