Тіл сындыра бастады
Мемлекеттік тілге деген талап жоғарылап келеді. Дегенмен нәтиже шамалы. Бұл сынның бір бағыты мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Кейбір облыстарда іс-қағаздар толықтай қазақ тіліне көшірілгенімен аудармадан аса алмай отырмыз. Ондай олқылықтардың орнын толтыру үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік қызметкерлер арасында сайыстар өткізді.
Семейде мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ тілінің дамуының нәтижесі көңіл тоғайтарлық деп айтуға болады. Өйткені былтыр облыс, республика көлемінде өткен тіл сайыстарынан біздің жерлестеріміз үздік жүлдені иеленіп келген болатын. Бұл нәтижені одан әрі жақсарту үшін тілдерді дамыту бөлімі тіл сайыстарын өткізуді жалғастыруда. «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» деп аталатын тіл сайысына жыл сайын қатысуға ниет білдіруші ұжымдардың саны артып келеді. Ана тілінің абыройын арттыратын биылғы бәсекеге тоғыз мекемеден өтініш түскен. Олардың жетеуі – әкімшілік бөлімдердің қызметкерлері.
Сайыс шарттары бойынша бес адамнан тұратын әрбір топ, сахнада қазақ тілінде іс-қағаздарын жүргізу, мемлекеттік тілді жаңа технологияларды қолдану арқылы дамытудың жолдарын ортаға салды. Сондай-ақ сайысқа қатысушы ұжымдардың қазақ тілінде жасаған ғаламтордағы сайттары таныстырылды. Тіл бәсекесіне бақ сынауға келген экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандары мемлекеттік тілді білмейтін басшыларды сынға алып, әзіл бейнеролик те дайындапты.