Тіл арқылы татуласу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 22 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай, апта бойы «Тіл – достық пен татулықтың тірегі» атты тіл апталығы өтпек.
Қазақстан – өзінің геосаяси орналасуы мен этникалық құрылымы жағынан ерекше көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет болғандықтан, жүзден аса өзге ұлт өкілдерімен тіл табысып өмір сүруге бейімделген. Тілдер мерекесі достық пен татулық идеясын насихаттап, жастар арасында елжандылық пен жалпы адамгершілік қасиеттерге үндейді.
Мерекеге орай, барлық факультетте қабырға газеттері дайындалып, тіл тақырыбында әр түрлі формадағы мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» пікірсайыс барысында бірнеше тілді жетік меңгерген студенттер «Қазақстандағы тіл саясаты» тақырыбында сөз жарыстырмақ. Поэзияда қаламын ұштап жүрген студенттер «Ана тілі – ардың тілі» жыр сайысында тіл тақырыбына арналған туындыларымен таныстырса, «Қазақстан халықтары тілдерінің шоғырындағы Корей тілі» атты дөңгелек үстелде Қазақстандағы өзге ұлт тілінің жай-күйі баяндалады.
Мерекелік апталық аясында «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында шығарма жазу байқауы, тақырыптық ашық сабақтар, «Мемлекеттік тіл –айбыным менің» атты әдеби кеш, «Қазақ тілі – қызметтік тіл» тақырыбында дебат, «Тілге құрмет – елге құрмет!» атты мерекелік кеш, өзге ұлт студенттерінің арасында қазақ тілінде викторина, өлең оқу сайысы, «Қазақ тілін білу – қазақстандық патриотизмнің белгісі» атты дөңгелек үстел және басқа да шаралар жүзеге асырылады.
Университет студенттері сондай-ақ республика көлемінде өткізілетін тіл мерекесіне орай, Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы аясында өтетін «Тіл-дарын – 2009» олимпиадасына да қатыспақ.