Тереңнен тартқан талғампаз
Әлемдік деңгейге көтерілген ұлттық сөз өнеріміздің қадір-қасиетін, тарихы мен табиғатын, мәдени-рухани мәнін ашып, саралайтын әдебиеттану ғылымы да арыдан тамыр тартып, кемелдік кезеңге жетіп отыр. Осы салада өнімді еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым – ҚР Жоғарғы мектебі Ұлттық Ғылым академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Қазақ прозасын зерделеу
Сонау 1985 жылы КазГУ-де өзі оқыған кафедрада кандидаттық диссертациясын қорғаған соң білім-ғылым саласына бүтіндей ат басын бұрды. Осы тұстан бастап-ақ әдеби-сын мақалалары мен зерттеулері республикалық басылымдарда, әдеби жинақтарда жиі жариялана бастады.
Қазақ әдебиетінің түрлі жанрдағы шығармалары мен ұлттық құндылықтарын ұлықтап, оның келелі мәселелерін талдап, бағалауда ғалым қажырлы еңбек етіп келеді. Оның қаламынан туған «Кейіпкер және тартыс», «Ел мен жер тағдыры», «Тарих және тағдыр», «Әдебиет және өнер», «Т.Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы», «Жазушы және заман шындығы» (сын мақалалары), «Таным көкжиегі», «Семсер» т.б. зерттеу-сын кітаптары бар. Бұлардан басқа да көптеген әдеби-сын мақалалар жазған. Мұның бәрі ғалымның тынымсыз еңбегі мен қалам қарымын, талғам-танымының кеңдігін көрсетсе керек.
Қазақ әдебиетінің даму тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысы, яғни 1960-1980 жылдар аса мәнді кезең болғаны мәлім. Өйткені бұл кезеңде қазақ әдебиетінің нәрлене-құнарлана дамуына үлес қосқан талантты жазушылар шоғыры әдебиетке келген-ді. Солардың бірі сындарлы суреткер Т.Әлімқұлов болатын. Оның шығармалары өз кезінде әдеби-сын мақалаларда қарастырылған, жақсы бағаланған. Бірақ жазушы шығармаларын тұтастай қамтып, терең зерделеген алғашқы еңбек – профессор Қансейіт Әбдезұлының «Т.Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» деп аталатын іргелі зерттеуі. Автордың бұл еңбегінде жазушы шығармаларының идеялық-көркемдік және тақырыптық-жанрлық ізденістері, өзіндік қолтаңбасы, яғни стильдік даралығы, шұрайлы тілі жан-жақты дәлелді де дәйекті талданады. Т.Әлімқұловтың тұлпарлар жайындағы көркем туындыларында жазушыға тән бір ерекшелік адам жанының шындығын, оның мінез қырларын ой-сезімдер арқылы емес, нақты іс-қимыл, әлеуметтік әрекет, талас-тартыс арқылы ашатынын атап көрсетеді.
Мәселен, «Ақбоз ат» романын оқып отырған жан кейіпкерлердің ойы мен сезімінің тасқынына да, ағынына да ұрынбай, олардың сөзін тыңдайды, өзін көреді, ісін біледі.Тіпті кейіпкер қиын ахуалға тап болып, жаны күйзелгендей күйге түскенде, жазушы осы тәсілінен, осы машығы мен мәнерінен танбайды. Осы орайда жазушы бір кейіпкерінің сөзі мен ісінің басқа кейіпкер тағдырына әсерін ашуға үлкен мән береді. Сөйтіп, адамдар арасындағы қатынас, бір кейіпкердің ісі мен әрекетінің, шешімінің өзге кейіпкерге, оның тағдырына әсері осылайша тізбектеліп, бір сатыдан келесі сатыға ауысып, тереңдей береді. Мұның өзі шығарманың әлеуметтік салмағын арттыруға жол ашады, – деп тұжырымдайды.
Қазақ халқы үшін жорға, жүйрік міну, сәйгүлік ұстап, оны баптау, қызығын тамашалау өмірдің ерекше бір қуаныш-қызығы саналған. Атты адамның қанатына балаған халық ешбір той мен асты бәйгесіз өткізбеген. Бұл – халқымыздың арыдан келе жатқан дәстүрлі мәдениетінің бірі. Сондықтан болар, ауылда туып-өскен Тәкен де жүйріктің бабы мен сынына ерекше ықыласпен қараған сияқты. Өйткені осы тақырыпқа «Жүйріктер мен жабылар» атты эссесінен бастап бір роман, бірнеше повесть, әңгімелер жазыпты. Ғалым түрлі жанрлық үлгідегі шығармаларының басты ерекше қасиеті – олардың ұлттық сипатында деп біледі. Мұның өзін тұлпарлар тағдырымен байланыстыра отырып, сәтті көркемдік ізденістер жасағанын дөп басып таныған. «Ақбоз ат» романында жылқышылардың өмір-тіршілігі, тағдыры, ауыл өмірі оқиға желісін құраған. Алайда жазушы бірыңғай жүйрік жайын қызықтап кетпей, жылқы түлігінің даралық белгі-нышандарын ашып, жүйрікке тән хас белгілер мен атты баптап-жаратудың да тәсілдерін жетік білетінін нақты мысалдармен дәлелдейді. Зерттеуші бұл ретте Т.Әлімқұловтың өз көзімен көрген, көңіліне түйген деректер мен ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге де көп мән бергенін атап өтеді.
Профессор Қансейіт Әбдезұлының назар аударған тағы бір мәселесі – романдағы кейіпкерлерінің әрқайсысының дара портреттеріне тереңдеп баруы, сол тұста жарқырап көрінген суреткер шеберлігін талдап, алдыңғы қатарға шығаруы. Романда суреттелетін сәйгүліктер жарысы шын жүйрікті анықтаса әрі тұлпарлар айналасындағы адамдардың да ниет-пиғылын, мінездері мен таным-түсінік, адамдық қасиеттерін танып отыратыны көрсетілген. Жүйріктер бәйгесі жазушы үшін адам мінезін даралайтын көркемдік амал-тәсіл екенін дәлелді саралайды.
Тақырыбына адалдық танытып, Т.Әлімқұловты ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан профессор Қансейіт Әбдезұлы жазушының жетістігі қатарына сәйгүліктер тағдырына қатысты шығармаларының өнбойында желі тартып жататын атбегіліктің шарттары мен тәсілдері және нағыз жүйрікке тән сын-сипат, белгі-нышандардың да шынайы, әсерлі суреттелетіні кейде дүниетаным иірімдерінен туындап жататын философиялық ой-толғаныспен астарланып отыратынын да орынды пайымдаған.
Ғалым зерттеулерінің бір ұтымды жері – Тәкеннің тұлпарлар тағдыры жайында жазылған туындыларын жеке-дара талдамай, басқа жазушылардың (Ш.Айтматов «Қош бол, Гүлсары», Ә.Кекілбаевтың «Бәйгеторы», С.Бақбергеновтің «Өрімші», Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» т.б.) шығармаларымен салыстыра-жарыстыра талдау арқылы әр жазушының өзіне тән ерекшеліктері мен үндестіктерін ашып көрсетіп отыруы. Өмірлерінің соңында ешкімге керексіз болып қалатын тұлпарлар тағдырын адам өмірімен астастыра бейнелеу арқылы адамдардың сан қилы тағдыры да, қоғамдық орта мен тарихи кезең шындықтары да бой көрсетіп отыратынын нанымды зерделейді.
Т.Әлімқұловтың «Көк қаршыға» повесі де оқырманды ерекше әсерге бөлейтін туынды. Повесте сан қырлы өнер иесі Ақан өмірінің соңғы кезеңі көрініс тапқан. Оның өмірінің ең бір мәнді сәтін ғана таңдап-екшеп шығарма арқауына айналдыруы суреткердің көркемдік-эстетикалық талғамын биіктетіп, шағын повестің ажарын айшықтағанын саралайды. Бұл ретте де әдебиетші Қансейіт Әбдезұлы оқиғаны аса құштарлықпен, терең сезіммен беріле бейнелеуін жан-жақты тарата талдап, жоғары деңгейде толымды пікірлер айтады.
«Таным көкжиегін» кеңейту
Ғалым-зерттеуші Ақанның ішкі жан әлемі, сыр-сипаты, терең тебіренісі ішкі монолог, бірде кейіпкер сөзі, кейде авторлық баяндау сияқты көркемдік тәсілдер арқылы айтулы тұлғаның өнерпаздық қырларын айқындай түсіп, жазушының айтпақ идеясын көрсетуге қызмет ететінін тап басып таниды. Автор өмірінің трагедиялы тұсын нанымды тартыстар нәтижесінде ашып, ақын образы шынайы мүсінделген деп түйеді.
Повесте Балқадиша, Ақтотыға байланысты жан сергелдеңдері мен ізбасар достары Аяған, Солтанмахмұт, Бәтжандарға қатысты іс-әрекеттердің бәрі тоғыса келгенде Ақанның жүрек жарды сырын, қапалы сәттерін шебер жеткізіп, оның бейнесін даралай түседі. Жазушы болған оқиғаларды баяндаушы ғана емес, тарих тереңіне бойлай білетін, заман кейпі мен орта тағдырын топшылай алатын ойшыл парасат иесіне айналғанын көрсетеді. Суреткер осы повесінде көркемдік тәсілдердің қыр-сырын терең меңгеріп, оны шебер қолдана білген. Сондықтан өнер адамының өміріне арналған «Көк қаршыға» өте сәтті туынды деген әділ байлам айтады.
Ұлт руханиятындағы даралығы айқын өнер адамдарының өнерпаздық өрісі, көркемдік-эстетикалық әлеуеті өзгеше. Олардың тарихи тағдыры мен шығармашылық болмысы арқау болған туындыны тарихи кезең шындығымен астастыра зерделеудің мәні зор. Осы орайда Қансейіт Әбдезұлының «Сейтек сарыны» повесін талдауға арналған зерттеуі де шығармашылық тұлғаның көркем образға айналуының тарихи, көркемдік негіздеріне қанықтыра түседі. «Сейтек сарыны» – Тәкеннің суреткерлік талғамын танытатын туындысы. Повесте Сейтектің күйі арқылы әлеуметтік теңсіздік пен оның тәлейсіз тағдыры, қиын-қыспақта өткен өмір жолы суреттеледі. Шығарма кейіпкері Сейтектің өнері мен өмірі ел тарихымен, жер тарихымен өзі туып-өскен аңызға бай Қаратау өңірінің аясында бейнеленуі повестің дәйектілік шынайлығын күшейте түседі әрі әлеуметтік өмірдің тынысын танытатынына жан-жақты назар аударылады.
Сейтектің қуғын-сүргін көруі, абақтыдан қашқан азапты сапары бәрі күй сазымен қос өрім тартып, сюжеттік желі үзілмей сабақтасып, жүйелі өрбиді. Сөйтіп, күйші тұлғасының кей қырларын, өткен өмір жолының өкініштерін елестететіні айғақталған. Күйшінің «Заман-ай» күйін Сәруар шалдың орындауында тыңдаған Дәрменнің қасіреттен қасиетті шығарма туатынына көзі жетеді. Сәруар мен Дәрменді күйшінің тағдырына қатысты оқиғаларға араластырып отыруы Сейтек тұлғасын биіктетіп, аша түседі. Домбыра шанағынан төгілген күйдің сиқырлы сазы Дәрменнің жан-жүрегін тербеп, қиялына қанат бітіргендей ерекше бір күйге бөлейді. Ғалым Қ.Әбдезұлы суреткердің өнер құдіретін де, кейіпкерлерінің портрет-мінездемелерін де өте нәзік білгірлік – дәлдікпен өрнектей алғандығын, көркемдік жинақтау заңдылықтарын алға тарта отырып, қаламгер шеберлігіне биік баға берілген.
Жазушы тарихи деректерден алшақ кетпей, Сейтек өмірінің бір кезеңін аталған повестің арқауына айналдырып, белгілі кейіпкерлердің тәлей-тағдырын, тыныс-тіршілігін, рухани өмірі мен әлеуметтік сыр-сипатын диалектикалық тұтастықта алып суреттеуі арқылы тарихи кезең шындығын сәтті ашқанын атап өтеді. Сондай-ақ ел жадында жүрген аңыз-әңгімелерді оқиға мен кейіпкер мінезін ашуға пайдаланып отыруы да автордың көркемдік мақсатынан туған тәсілі ретінде бағалайды. «Күй сазының ішкі арнасында күйшінің шығармашылық психологиясына бойлауда күйдің әуені мен әсерін, үн мен сырын мөлдіретіп суреттеуге, адам мен заман шындығын, өмір сырын сол арқылы танытуға келгенде Т.Әлімқұловтың суреткерлік шеберлігі анық, дара көрінеді» деп түйеді. Сонымен, профессор Қансейіт Әбдезұлы өз зерттеуінде жазушының өнер туралы дәйекті білімін, стильдік даралығын теориялық тұрғыдан айқындап, шеберлік сырларын жете игерген қаламгер деген орынды қорытындыға келген.
Тақырыбына тереңдей бармаса қолына қалам алмайтын,талғампаз, талантты ғалым Қансейіт Әбдезұлының еңбектері алуан арнадағы тақырыптарды арқау етеді. Солардың соңғы жылдары жарық көрген бір шоғыр мақала-зерттеулері «Таным көкжиегіне» топтастырылған. Ол қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына үлес қосу арқылы дәуіріміздің көркем шежіресін жасауға атсалысқан тұлғалар мен қаламгерлік биік парыз жайында толғанады. Бірнеше көрнекті суреткерлердің жазған туындыларындағы соны ізденістер мен сөз өнерінің бағыт-бағдарын, табиғатын зерделеген оқымыстылардың портреттері жасалады. Әдебиетіміздің бүгінгі тақырыптық-идеялық сын-сипаты мен болмысы ой елегінен өтіп, талдау-таразылау нысанасына айналады.
Профессордың қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге де күнбе-күн үн қосып жүрген публицистикалық мақалалары оқырманға таныс. Тәуелсіз елдің жаңа тарихы, халық тағдыры, жер мен жастар болашағы жоғары білім берудің әлеуметтік бағдарлары т.б. қазіргі уақыттың өзекті мәселелері хақындағы азаматтық пікірлерін баспасөз арқылы үнемі ортаға салып отырады.
Өмірдерек
Қансейіт Әбдезұлы 1953 жылы 6 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, одан кейін аспирантурасын, докторантурасын аяқтаған. Ұстаздық еңбек жолын осы университетте оқытушылық қызметтен бастап, кейін ҚР Ғылым және білім министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы қызметтерін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды.
Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі. Қазір әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. 2006 жылдан бастап университеттегі әдебиеттану ғылымы бойынша докторлық диссертациялық кеңестің төрағасы. Қазақ әдебиеті тарихына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Көрнекті қазақ қаламгері Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында «Ел мен жер» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялап, әдеби-сын жанрына сүбелі үлес қосты.
2006 жылы Ресей Ғылым академиясының әдебиеттану ғылымы саласындағы М.Шолохов атындағы алтын медальдің иегері, 2008 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағын иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Құрметті азаматы.
Зұфар СЕЙТЖАНҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор
Р.S.
Нағыз кемелденген шаққа келелі еңбектерімен келген ұстаз-ғалымның асқан асу, шыққан биігі мен мұндаласа, «ақырын жүріп, анық басатын», үлкен-кішіге ілтипатпен қарайтын кішіпейіл кісілігі де сүйсінтеді. Ұлт әдебиетіне талғам биігінен қарап, айналасына әрдайым шапағатын шашып, төңірегіне мейірімін төге жүретін, әр уақыт сабыр мен қанағатты ұлы қасиет, қағида санайтын парасатты, игілігі мол азаматқа зор белестер тілейміз.