Темірғали ақын оқырманымен сырласады
Әдебиет атты әлемге осыдан отыз жылдай бұрын өзіндік өрнегімен келіп, содан арадағы 20 жылдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалған, десек те, осы аралықта қаншама еңбегімен осы бір әлемнің бір бөлшегіне айналған жандардың бірі ақын, публицист, баспагер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Темірғали Көпбаев.
Бүгінде ердің жасы 50-ге толған осы бір жан-жақты дарын иесін танымайтын қазақ, оның ішінде шығармашылық иесі аз шығар. Бүгін сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Алашқа аты әйгілі азаматтың «Саған айттым сырымды...» атты шығармашылық кеші өтеді.
Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– «Есті адам күніне не жұмасына бір рет өзіне есеп беріп тұрады» деп хакім Абай айтқандай, елу деген ердің жасына келген азаматтың ең құрығанда артына бір қарайлап, бар-жоғы мен жетістігін ел алдында түгендегені жөн секілді. Шыны керек, осы уақытқа дейін шығармашылыққа, ғылыми ізденіс пен қоғамдық өмірге белсене араласып жүргеніммен, әлі күнге мұндай бір шығармашылық кешімді өткермеппін, тіпті соған мән де бермеппін. Биыл ғана осы мәселе ой салып, көңіл түкпірінен бір белгісіз сезім түрткілеп жатқандай. Бәлкім, бұған осы жылдың басында Халықаралық «Алаш» сыйлығын алуым да түрткі болған шығар бір жағы... Әйтеуір әдебиет әлеміне келгеніме 30 жылдай болып қалғанын байқадым. Алғашқы қарлығаш жырларымыз басылымдарда жарық көре бастаған сонау 1980-інші жылдар еді, бүгін міне екі мыңыншы жылдың алғашқы он жылдығын да артқа тастап үлгердік.
Расында, ол жылдары жалпы, әдебиетке, соның ішінде шығармашылыққа жаңа араласа бастаған жастарға аса қарқынды көңіл бөлінетін. Атап айтқанда, «Жігер» секілді фестивальдер өткізіліп, әр көктем сайын жас ақындар мен жазушылардың әдеби кештері өткізіліп, жаппай оқырман олардың шығармаларын асыға күтіп жүргені жасырын емес. Сол серпін, сол екпін, жас буынға деген сенім іс жүзінде өз нәтижесін беріп, сол буын жастары бүгінде жігіт ағасы шағына дейін қолдарынан қаламын да тастамай, қоғамда да қайраткерлік танытып, рухани саланы жандандыруға барынша күш-жігерлерін аямай салып жүр деуге әбден болады. Темірғали Көпбаев сынды әрі ақын, әрі публицист, ұстаз және баспагер тұлғаның қалыптасуы да соған нақты дәлел.
1962 жылы 7 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген мерейтой иесінің өміріне көз жүгіртсек оны төрт салаға бөліп қарауға болады екен. Ең алдымен, тұлғаның әдеби шығармашылық қырын сөз ету керекпіз. Осы уақыт аралығында қаламынан туған дүниелері жеті кітапқа жүк болған азаматтың 50 жылдық мерейтойға арнайы екі томдығы жарық көрді. Оның бірі «Аңсар» атты таңдамалы өлеңдері мен дастандарының, жалпы поэзиясының жиынтығы десек, екіншісі «Қарапайым пайымдар» деп аталады, ол Темірғали Көпбаевтың жеке өмірден көрген-білген, көкейге түйгендері, оның ішінде қазақ әдебиетінің біртұтас шоғырын құраған Қадыр Мырза Әлі, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Жұматай Жақыпбаев, Темірбек Қожакеев сынды бүгінде көбі бақиға кетіп, сағынышқа айналған заңғар таулар жайлы естеліктер де кіреді.
Тұлға өмірінің екінші бір үлкен белесі журналистік-публицистік қызметі. Жалпы, жұрт Темірғали Көпбаевты көптеген тақырыптарға қалам тербеген, көптеген мәселелерді қозғап, ел, халық қамын көтеріп жүрген білікті журналист деп те біледі. 1984 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне күндізгі бөліміне оқуға түскен күннен бастап «Қазақстан пионері» («Ұлан») газеті, содан бері Оңтүстік Қазақстан облысында туған ауылының аудандық «Ильич жолы» («Төле би») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, сосын Алматыда «Қазақ университеті» баспасында редактор, «Жас қазақ» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарғаны осы сөзімізге айғақ бола алады.
Ал Темірғали Көпбаевтың ҚазҰУ журналистика факультетінде ұстаз болған кездері мен АҚШ-тың Оклахома университетінде тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша профессорлық қызметтер атқарған тұстарын, сол кездегі «Қазақ радиодраматургиясының табиғаты мен ұлттық сипаты» тақырыбында диссертация қорғауын үшінші бір ғылыми-педагогикалық кезеңі ретінде қарастырған жөн.
Ал енді бүгінде біз осы бір есім иесін Алашқа әйгілі баспагер деп танимыз. 2001 жылы Темірғали Көпбаевтың жеке өзі «Қазығұрт» атты баспаның бой көтеруіне белсене кірісіп, бүгінде еліміздің белді деген тұлғаларының көптомдықтарын шығаруды біржола өз жауапкершілігіне алды десек әбден болатындай. Сол 2001 жылдан бері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің 10 томдықтары, Тұрар Рысқұловтың 5 томдығы, Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдығы, Қадыр Мырзалиевтің 18 томдығы, Шерхан Мұртазаның 7 томдығы, Тұмағаңның 14 томдығы, Марфуға Айтқожинаның 7 томдығы, т.б көптеген қат-қат дүниелер осы баспадан оқырманға жол тартты. Бір сөзбен айтқанда, қазақ руханиятын бүтіндеуде өлшеусіз қызмет атқарған баспа ретінде оқырман «Қазығұртты» мойындайды. Мұның барлығы ел, халық игілігі үшін. Болашақ ұрпақ өзіне қажет дүниені әр жерден іздеп, табаны таусылмай бір жерден таба қойсын деген жанашырлық және адами биік парасат деуге де лайық іс.
Кешке еліміздің әдебиет пен мәдениет өкілдері, жалпы зиялы қауым түгел дерлік келіп, өз пікірлерін ортаға салуға құмбыл. Ал кеш тізгінін ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Аманхан Әлім өз қолына алмақ.