Театр режиссерсіз қалды
Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театры 80-ші мерейтойлы маусымашар қарсаңында көркемдік жетекшісіз қалды. Себеп – театрдың бұрынғы режиссері Ерғали Оразымбетов пен облыстық мәдениет басқармасы жасасқан келісімшарт мерзімі үстіміздегі жылдың 3 қаңтарында тоқтатылды. Ал келісімшарт ары қарай неге ұзартылмады? Е.Оразымбетовпен әрі қарай жұмыс істеуді жалғастырудан облыстық мәдениет басқармасы неге бас тартты?
Ж.Шанин атындағы Қазақ драма театрының директоры Бастарбек Пірімбетовтің айтуынша, ұжымдағы әртістердің ойын саралап, оларға бағыт-бағдар беру осы лауазымдағы қызметкердің құзырында. Ұжымның шеберлігін шыңдау үшін режиссер тер төгуі керек. Алайда бұл қызметтерді Оразымбетов мырза атқара алмаған. Жұмысқа сағат 11-де келіп, 4-те қайтып кетіп отырған. Басшылықтың сөзіне сенсек, жаңажылдық қойылымдар кезінде де режиссер ұжымды аз ренжітпеген сыңайлы. Соңғы кезде театр жұмысына көрермендер тарапынан көптеген сын-ескертпелер де айтылыпты. Алайда жауапты маман сыннан қорытынды шығара алмаған екен. Бүгінде шығармашылық ұжымның пікірі екіге айырылып отыр. Бір тарап режиссердің жұмысын тоқтатуын құп көрсе, екінші тарап Е.Оразымбетовтің шығармашылық қабілетінің арқасында талай биікті бағындырдық және алда одан да биік асуларды аламыз деген пікірде.
Театр ұжымы осы жайтқа қатысты БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиналғандардың дені Ерғали Оразымбетовтің көркемдік жетекші қызметін атқаруына қарсы шықты. Ал ұжымдық мәселенің себепкері болған «кейіпкер» тартысқа толы басқосуда төбе көрсеткен жоқ.