Театр фестивалі шымылдығын ашты
Кеше Қарағанды қаласында республикалық театрлар фестивалі басталды.
Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, қыркүйек айының 21-і мен 26-сы аралығын қамтитын биылғы фестиваль қазақтың дәстүрлі музыкасының аса көрнекті өкілі, халық композиторы Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналып отыр. Фестивальге республикалық және облыстық 15 театр қатысып, 12 қазақ, екі орыс және бір корей театрының соңғы екі жыл ішіндегі қойған тың туындылары көрсетіледі және еліміздің тарихи тұлғалары мен замандастарымыз туралы тақырыптарды қозғайтын қойылымдар ұсынылады. Бұл орайда, көрермен қауым төл әдебиетіміздің бүгінгі күн мәселесін қозғайтын 15 шығармасы негізінде сахналанған спектакльдерді көріп тамашалай алады, яғни белгілі шығармалармен қатар, жаңадан сахналанған қойылымдар да ұсынылады. Олар – М.Әуезовтің «Абай», Иран-Ғайыптың «Махамбет», Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек», М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!», сондай-ақ Д.Исабековтің «Мұрагерлер», «Мұңлық-Зарлық» және «Құстар фестивалі», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік» туындылары. Сондай-ақ С.Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам», Ә.Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы», Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы», К.Ахметовтің «Қанда бар ғой, қанда!» және Е.Жуасбековтің «Үйлену» іспетті бірінші рет көрсетілгелі отырған пьесалары да фестивальдің көркіне айналады деген сенім бар.
Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының жаңа ғимаратқа көшіп, шығармашылық-техникалық мүмкіндігі мол, еліміздегі ең көрікті де көрнекті өнер шаңырағына айналуы нәтижесінде бұл фестиваль Қарағанды қаласында екінші рет өтіп отыр. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қарағанды облыстық әкімдігі.