Татьянаның ойлағаны қазақ театрының қамы
Бүгінгі жастар оны біле бермеуі мүмкін. Аға ұрпақ қазақ тілінде ән шырқаған үш бұлбұл - үш Татьянаны әлі ұмыта қойған жоқ. Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавскаялар кезінде «Тамашаның» концертіне қатысып, көрерменнің көзайымына айналған еді. Кейіннен сахнадан көрінбей кеткенде «қайда жүр екен?» деп елеңдеп іздегендер аз болған жоқ. Сол Татьяналардың бірі – Бурмистрова осыдан аз уақыт бұрын оңтүстік өлкесіне гастрольдік сапармен келген еді.
Қазақтың қара өлеңін өз нақышында орындап көрерменнің көңілінен шыққан әншіні оңтүстік жұрты құрметпен қарсы алған болатын. Концерттен екі күн бұрын әнші журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Мәдениет, өнер жайлы еркін сұхбат орнады. Қазақтың тілін қазақтан артық білетін орыс қызының әдеби тілде мәнерлеп, мақамдап сөйлегенінен тіпті қара сөзден қаймақ айырып жүрген тілші қауым жер шұқығандай болды. Бүгінде көңілге кірбің түсіріп жүрген жәйттарды термелеп, өзіндік пікірін де ортаға салды. «Өлең адамның жанын емдейді, көкірек көзін оятады. Адамға түк жараспайды, даналық қана жарасады. Бүгінде көкірегіне сөздің сәулесі түспейтіндер көбейді... Мен бір терінің ішінде бір орыс, бір қазақпын. Менің концертімнен шыққандар көшедегі жаман орыстарды құдаларымыз дейді. Менің екі тілде ән шырқап, домбырада шебер ойнап жүргенім адамның бергені емес, Алланың бергені....» деген еді. Тек қазақша ғана ән айта ма десек, Татьянамыз өзбекше де әдемі шырқайды екен. Облыстық өзбек газетінен келген тілші өзбекшелеп сұрақ қойып, өзбекше ән айтып беруін өтінгенде таң қалғанымыз рас. Расында Татьянаның өнеріне риза болған әріптесіміз ол ән шырқағанда орнынан тұрып қошемет көрсетіп, биледі-ай келіп. Талантына талайды табындырған Татьянаның концертінде көрермен көп болған жоқ. Бірақ олардың бәрі де оның өнеріне бас иетін, шынайы тыңдармандар еді. Домбырамен термені нәшіне келтіріп орындағанда «осы бізде терме айтатын қандастарымыздан оза шауып бәйге алған кім бар еді?» деген ойға қалдық. Көбіне Мұқағалидың мұңға толы әндерін әуелеткенде залда толқып, тебіреніп, көзіне жас алып отырып тыңдағандар көп болды. «Мұқағалидың әндерін эстрадамен тыңдағанда бір бөлек, домбырамен орындағанда бір ерек болады екен-ау» деп таңданысын жасыра алмағандар да болды. Сол кеште Татьяна осы концерттен түскен қаржыға Жетісай театрына сахналық перде тіккізіп бермек ойын айтты. Қалай риза болмассың?! Халыққа қызмет ететін орынның жарқырап тұрғанын қалаған Татьянаның бұл теңіздің қасындағы тамшыдай болса да шын қамқорлығына риза болған жұрт ұзақ қол шапалақтап тұрып алған еді. Қарын қамын күйттеуден аулақ шын жанашыр таланттың тағы бір қырына қанығып риза болдық. Мұны ерлік деп асыра бағалағаны несі дейтіндер де табылар. Елге, жерге деген сүйіспеншілікті ұрандатпай-ақ осындай кішкене ғана ізетпен-ақ білдіруге болады емес пе?
Қазіргі ел аралап гастрольде жүрген әншілерімізге концерттен түскен қаржыны қалай жаратасың десең «Клип түсіремін, сахналық киім тіктірем, ән жаздырам» дейді. Дұрыс-ақ. Талантын тұншықтырмай елге танылсын. Елге танылу үшін не керек, клип түсіру керек, жақсы ән сатып алуы керек. Оларды да түсінуге болады... Дегенмен Татьянаның ерлігін қайталайтын біреуі болсайшы деген арман ғой біздікі...