Тарихымызға тың үлес қосатын жәдігерлер теңгеге жәутеңдеп тұр
Қазақ тарихына сүбелі үлес қосқан жәдігерлер Әулиеата өңірінде тіптен көп. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі керуен сарайы болған әйгілі қалашықтардың ашылмаған сырлары жетерлік. Барынша зерттеліп, тың деректері сұрыпталған сол қалалардың әлі де берері мол. Бірақ қаржы тапшылығы салдарынан тарихи мол мұралардан айырылып қалатын түріміз бар. Әсіресе Байзақ ауданына қарасты Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан Түймекент қаласының орны опындырып кеткелі тұрған сықылды. Оған себеп – сол баяғы қаржының жетімсіздігі. Бұл туралы сәл кейінірек...
Кезінде бұл қаланың атағы жер жарған. Түрлі тарихи аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан кешірген әйгілі қалашық кейіннен құм суырған ен далаға айналады деп кім ойлаған? Бұл орынды ең алғаш 1894 жылы орыс ғалымдары зерттеген. Араға бір ғасыр салып, яғни 1938 жылдары тағы да зерттеу аймағына айналады. Нәтижесінде бірнеше болжам айтылып, зерттеулер жүргізілген. 1986 жылы ғалым Карл Байпақовтың жетекшілігімен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының мамандары қайта зерттеу жүргізді. Ал кешенді зерттеулер 2000 жылы жүргізіле бастады. Осы уақыттарда белгілі болғаны – қалашық архитектуралық-инженерлік сәулет өнерімен үйлестіріле салынғаны археологтердің өзін таңдай қаққызған болатын. Қаланың төрт бұрышы дүниенің төрт нүктесімен бағыттас салынған. Айналасы биік дуалдармен қоршалған. Қаланы қоршай салынған қабырғалардың әр бойында жеті мұнара тұрғызылған. Цитадельдің қираған орны қалашықтың ортасында болған көрінеді. Рет-ретімен салынған үйлер, арнайы көшелер болған. Қабырғалары әбден иі қандырылған қам кірпіштен қаланған. Кей жерлерден ірі кірпіш пахса блоктарының қалдығы табылған. Қаланың іргетасы берік етіп қаланған. Осы уақытқа дейін бүлінбей жетуінің өзі таңғалдырады. Астына 21 сантиметрлік блоктар қойылған. Одан кейін кесек құйылған, сосын – тағы блок. Ол жер сілкінісіне қарсы сейсмикалық белдеудің қызметін атқарған. Осының өзінен қазақ даласында ХI-XII ғасырда сәулет және құрылыс өнерінің қалай дамығандығын аңғаруға болады. Оңтүстік-шығыс қақпасының астымен жүргізілген жерасты су құбырының табылуы да сол замандарда мықты ұсталардың болғанынан хабардар еткендей.
Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстардың сынықтарын зерттей келе, ғалымдар олардың VІІ-ХІІ ғасырларға жататындығын айтқан болатын. Түймекент қалашығы негізінде осы өңір билеушілерінің тұрған ордасы болуы мүмкін деген де пікір бар. Көне қаланың сыртын қамалмен бекітіп, оның сырт жағын терең ормен қоршап, сумен толтырып қоятын болған. Мұны сыртқы жауларға тойтарыс беру үшін жасаған дейді ғалымдар. Әйгілі қаланың орнында бүгінгі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ғалымдар «бұл қала 2,5 ғасыр бойы үздіксіз дамып отырған» деген болжам жасап отыр. Бүгінде археологтер тек шаруашылық бөлмесін ғана аршып біткен. Соның өзінде тарихи мол жәдігер табылып отыр. Әу баста зерттеу жұмыстары толық аяқталғанда, бұл жерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспары болған.
Осыдан екі ғасыр бұрын қала орнында зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардан ешқандай тарихи жазба деректер қалмаған. Тек зерттеу жүргізілді делінген қағаз ғана бар. Кейіннен «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынғанда, бұл қалашықтың бағы жанды десе де болады. Өйткені мұнда үш жыл бойы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тың деректермен толықты. Мұндағы қазба жұмыстары тарих ғылымының докторы Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен жүргізілуде. Бағдарламаның арқасында Түймекент пен Тамды қалаларының орнында көп жылдардан бері қазба жұмыстары жүргізілді. Кезінде керемет қала болған екеуі де табиғи апаттан зардап шеккен. Бір бөлігін өзен шайып кеткен. Түймекенттің біршама жерлері зақымданған. Қазақ тарихына қаншама тың дүниелер қосқан бағдарламаның бүгінде тынысы тарылды. Түймекент те осы бағдарламаның арқасында аршылған еді. Алайда бағдарлама мерзімінің аяқталуына байланысты жұмысқа да нүкте қоюға тура келіп тұр. Табиғаттың тосын мінезінен мүжілсе де, бүлінбей бүгінге жеткен тарихи мұраларымызды жаңа технологиялар қолға алына бастаған заманда тоқтатуға мәжбүр болып отырмыз. Соның бір дәлелі – бағдарламаның аяқталуына байланысты биыл бюджеттен қаржы бөлінбеген. Мадияр Елеуов өзінің басқа гранттар ұтып алғанына байланысты сол қаржыға қазба жұмыстарын жалғастырып отыр. Егер ол қаржы да түгесілсе, онда жұмыс түбегейлі тоқтайды деген сөз. Осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстардың тиынға татымай қалуы да әбден мүмкін. Табылып жатқан тың дүние де көп, аршылып алынғаны қаншама. Бүгінде археологтер үңги-үңги ең қажетті жеріне жетті. Онда мол мұра бары сөзсіз. Оның қазақ тарихына қосатын сүбелі үлесі аз емес екені айқын. Алайда... Қазылған жерлер қар мен жаңбырдың суынан бүлінуі бек мүмкін. Мүмкін емес-ау, әбден айқын... Қаржы осылайша қолбайлау болып отыр. Соның кесірінен археологтер маңдай терін тамшылатып қазған, әр қабырғасы бүлінбесін деп үпілеп-сүпілеп жүріп аршып алған орынды қайта көмуге ықтияр. Ал кейіннен оны қайта қазса, екі жұмыс болары сөзсіз. Осылайша көне дәуірден көмескіленбей бүгінге жеткен мол мұраны өз қолымызбен құртып отырған жайымыз бар. Бюджет-бюджет қаржысы деп ауыз ашып отыра бермейік десек те, қазақ үшін мол қаржысын қиып бере салатын атымтай жомарттың табылмай тұрғаны...
Елеусіз МЕДЕУОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қазба жұмыстары барысында көшпенді деп ат таңылған ата-бабаларымыздың сәулет-құрылыс өнерінен мол мағлұматы болғанын бағамдадық. Сейсмикалық қауіпсіздік туралы білгендерінің өзі неге тұрады? Мұнда қазақ тарихына қосылар тың деректер әлі де көп.
Тәкен МОЛДАҚЫНОВ, Жамбыл облыстық «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайының директоры:
– Түймекент қаласын аршу барысында бұл тек қазақ тарихына ғана емес, адамзат тарихына мол үлес қосқан жәдігер дер едім. Түркі халқының аса өнерлі, аса білімпаз болғандығына тағы да бір көз жеткізгендейміз. Тарихи жәдігерлерімізді қазбас бұрын төбесін жабуымыз керек еді. Қазақ даласынан археологтеріміз қаншама қалалардың орнын аршып алып жатыр. Табиғат мезгілдерінен зардап шекпес үшін алдымен соларды қазбас бұрын осыны ойлауымыз керек.