Тарихпен тілдескен ғалым
Ғылым жолын таңдағаннан бастап, тағдыр маған талай қызықты да өнегелі, өзінің бүкіл ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған ұлы адамдармен кездесуді нәсіп етті. Халқымызда «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса, сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға тұт» демей ме? Сол айтқандай, әріптес болғандардың ішінде ақылы асқан іні де, арқа сүйеген аға да, замандастар да көп болды. Әсіресе мен үшін жас айырмашылығы бір мүшелдей болса да әріптес ағадан үлгі тұтар ұстаздай болып кеткен Ханкелді Махмұтұлы Әбжановтың орны бір бөлек.
Ізденіс жолдары
Ол кісі – болмысынан ұстаз-ғалым. Әсіресе Қазақ елінің тарихын зерттеуге Ханкелді Махмұтұлының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бірақ ол зерттеген, зерделеген еңбектерін көпшілікке мақтаныш еткен емес, қай уақытта да сабырлы қалпынан аумай, ғылымда өзінің сара жолымен самғап келе жатқан азамат.
Х.М.Әбжанов 1953 жылы 11 қазанда Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу елді мекенінде қызметкер отбасында дүниеге келген. 1971 жылы осы аудандағы Ақтау қазақ орта мектебін бітірген соң Қазақ университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1976 жылы үздік дипломмен аяқтап шығады. Ханекеңнің ғылыми жолы осы кезеңнен бастау алды десек қателеспеспіз. Себебі бірге оқыған жолдастары өздері сессияларын тапсырып, мәре-сәре болып, каникулға ауылдарына кеткен кезде Ханекеңнің Алматыда қалып кітапхананың түпсіз терең білім тұңғиығына түсіп, тынымсыз ізденетіндігін әлі күнге дейін сүйсініп айтып отырады.
Еңбек жолын Целиноград инженерлік-құрылыс институтында философия және ғылыми коммунизм кафедрасының оқытушысы қызметінен бастайды. Көп оқитын, көп білетін, өзінің ойын көптің алдында сабырлы да салиқалы жеткізе білетін жас ғалымның алдында осы кезден бастап ғылымның тарау-тарау жолдары күтіп тұрған еді.
1977–1979 жж. Қазақ университетінде КСРО тарихы кафедрасының оқытушысы қызметін атқарып, 1979–1993 жж. ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында қызмет етіп, аға лаборанттан бөлім меңгерушісіне дейінгі жолдардан өтеді.
Менің де Ханекеңмен алғашқы таныстығым осы кезде болды. Ғылым жолына түсіп, үлкен ғалымдардан кеңес алайын деген оймен тарих ғылымының игі-жақсылары жиналған осы институтқа келейін. Сол кездегі институт директоры Рамазан Бимашұлына кіріп, болашақ жұмыстарым туралы ақылдастым. Байқаймын, дәліздегі терезенің алдында бір серігімен әңгімелесіп тұрған бұйра шашты жас жігітке әрлі-берлі өткен үлкендер де, жастар да ерекше ықылас-ілтипатпен амандасып, тұра қалып әңгімелесіп жатыр. Реті келіп, сол жерде жүрген бір ағаларымыз арқылы менің де осы жігітпен танысуымның сәті түсті. Міне, осы алғашқы таныстықтан-ақ Ханкелді Махмұтұлының ерекше бітімі, кез келген мәселеде айтар өзіндік ой-пікірінің бар екендігін аңғардым. Осы таныстығым кейіннен тағдырдың сыйымен әріптес, аға-інілік қатынасқа ұласты.
1992 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінің жанынан шығыстану және архивтану мамандықтары ашылды. Архивтану мамандығының ашылуы тарихнама және деректану кафедрасын ұйымдастыруға негіз болды. Бұған 1993-1999 жылдары Ханкелді Махмұтұлы басшылық жасап, республикада тұңғыш рет жоғары білімді архивтанушы мамандарды даярлау ісі қолға алынды. 1997 жылы қазақ жоғары мектебінің қара шаңырағы саналатын университеттің 70 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтіп, бұл шараға ел Президенті Н.Ә. Назарбаев келіп қатысты. Міне, осы мерейтой қарсаңында ұжымда қызмет жасап жүрген Ханекең университеттің алдына 70 түп шырша отырғызып, олар бүгінде тек университет емес бүкіл қаламыздың бір бөлігінің сәнін келтіріп тұрғанын айтсақ та артық болмас.
1999-2009 жж. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі, университет құрамындағы «Еуразия» гуманитарлық университет ғылыми орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2009-2011 жж. Мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, 2011 жылдың мамыр айынан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, 2013 ж. 28 ақпанда ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болды.
70-жылдардың ортасында Р.Б.Сүлейменовтің жетекшілігімен ұлт мәдениеті мен зиялыларының тарихын зерттеуге ден қойды. Ғалым ретінде қалыптасуы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қабырғасында өтті. Мұнда кандидаттық және докторлық диссертацияларын сәтті қорғады, академиктер М.Асылбеков, К.Нұрпейіс, О.Ысмағұлмен бірлесіп жазған мақалалары баспасөз беттерінде жарық көрді.
Шынайы Тәуелсіздікке қол жеткізген егеменді ел болу үдерісі барысында жаңарған жариялылық пен демократия, тарих ғылымына өміріміздің бүгіні мен келешегінің заңдылықтарын зерттеп, қоғам дамуының басты үрдістерінің болжамын жасаумен айналысуына ғылыми негіз берді. Тарихшылар қауымы зерттеулердің жаңа методологиялық негіздерін іздестіріп, оның теориялық негізін жасауға кірісті.
Зерделі еңбектің жемістері
Ғылым тазалыққа негізделгенде ғана ол өз мұратына жетеді. Осы уақытқа дейін Ханкелді Махмұтұлының алдын көрген жас ғалымдар оның шынайы тазалығын, ғылым үшін жаратылған ұстаз-қайраткер екендігін сүйсіне айтады. «Данышпан әл-Фараби игіліктерінің классификациясын жасай келе қайырымдылықтың екі түрі: этикалық және интеллектуалды болып бөлінетінін ашып беріпті. Интеллектуалдылар – бұл жанның зерделі бөлігінің қайырымдылықтары, олар: данышпандық, зерде, ойдың ұшқырлығы, түсінгіштік. Этикалықтар – бұлар жанның талпынысқа байланысты бөлігінің қайырымдылықтары, олар: ержүректілік, жомарттық, әділеттілік...» – деп жазады. Осының соңғы үштағанында қайнап жанған ғалымның ұлтқа, жерге, руға бөлінудегі ойы мен талабы бір басқа.
Х.М. Әбжанов – 600-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеудің, оның ішінде 10-нан астам монографиялық еңбектің және оқу құралдары мен оқулықтардың авторы. Бұларда ел мен жердің мәдениеті мен интеллигенциясының тарихи тағдыры, мәселені зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері және ұстанымдары жан-жақты ашылып көрсетілген. Отан тарихын дәуірлеудің, ұлттық идея мен тұлғатанудың өзекті мәселелері зерттелген. Байырғы түркі қоғамының тарихи ой-санасы, әлеуметтік-мәдени құндылықтары, қазақ зиялылары тарихының бастапқы кезеңі, кеңестік Қазақстан мәдениетінің эвфемистік болмысы, мәдени мұра және Тәуелсіздік тағылымы мен тәжірибесіне қатысты зерттеулері, ой-түйіндері, тұжырымдары тарих «ақтаңдақтарын» жоюға қосылған баға жетпес үлес болды. Еңбектері қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, ұйғыр, түрік, т.б. тілдерінде жарық көрді.
Х.М. Әбжановтың жетекшілігімен 15 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты даярланған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы «Ғылым мен техника, мәдениет және өнер» мамандықтары бойынша диссертация қорғататын диссертациялық кеңес төрағасы болды. Осы диссертациялық кеңесте еліміздің кейінгі жас буындары өздерінің кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап, ғылымның үлкен жолына түсті. Әр жылдары докторлық диссертация қорғататын диссертациялық кеңестің мүшесі, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тарих ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің төрағасы болды. ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия мүшесі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстандағы Ұлттық комиссия мүшесі, «Отан тарихы» ғылыми журналының бас редакторы, Қазақстан тарихшылары Ұлттық Конгресі төрағасының орынбасары сияқты аса жауапкершілікті жүктейтін қызметтерді атқарды.
Аса білімдар азамат, ұлт тарихын зерттеген бірегей ғалым, Қазақ еліне танымал ұстаз, жаратылысынан жақсылық жасауға ғана ұмтылған кішіпейіл әріптес Ханкелді Махмұтұлының ұзақ жылғы еңбегі де елеусіз қалған емес.
Ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс-белгісімен, «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісімен, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атағымен, «10 жыл Астана» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Халық революциясына – 90» (Моңғолия) мерекелік медальдарымен марапатталған.
Конфуций «Ақылсыз адам жұрт мені білмейді деп ызаланады, ақылды мен жұртты білмеймін деп қиналады» деген екен. Сол айтқандай, қанша құрмет пен марапатқа ие болса да, Ханекең халқым үшін жасағанымнан жасамағаным көп деп алаңдайды. Бәлкім, өз елінің патриоты, баға жетпейтін азамат ағаның ұлылығы да осында болса керек.
Әрине, санамалай берсе, бүгінде асқаралы 60-қа толып отырған ғалымның алған асулары да, тарихқа қосқан үлесі де қомақты. Бүгінгі таңда Қазақ елінің тарихына қайта көңіл бөліне бастауы Ханекеңнің екінші тынысын ашқан секілді. Ол уақыт сұранысына сай қазақ халқының сан қырлы тарихына жаңаша көзқараспен қайта үңіле бастады. Ендеше, Ханкелді Махмұтұлының болашақта талай жаңалықты ашып, тарихымызға тың жол саларына сенеміз.
Ғабит КЕНЖЕБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымының докторы