Алматыда алғаш рет Тараз суретшілерінің көрмесі ашылды. Қылқалам өнерінің жамбылдық 20 шебері өздерінің картиналарын ғана емес, халық шығармашылығынан бастап, авангардизмге дейінгі аралықтағы түрлі жанрларда жүзеге асырылған сан алуан еңбектерін көрермен талқысына салды. Және олар бұл жұмыстарын Қазақстан Суретшілер одағы Жамбыл облыстық филиалының 30 жылдық мерейтойына шашу ретінде ұсынып отыр.
Әрбір автордың ізденіс жолы мен өзіндік жаңалығын экспозициядан айқын көруге болады. Шабытының бастауын түрлі қайнарлардан алғанына қарамастан, суретшілердің қайқайсысының да өнері көркемдік үйлесім мен бейнелі ойлаудың біртұтас арнасында тоғысады. Облыс суретшілерінің басшысы Николай Денисовтың пікірінше, жамбылдық қылқалам шеберлері үшін бұл – екі еселенген мереке. Өйткені Тараз суретшілерінің мұншалықты ірі тобы оңтүстік астанада бірінші рет көрме өткізіп отыр. 1977 жылға дейін Таразда республика Суретшілер одағының тек бір ғана мүшесі болған болса, бүгінде Одақ мүшелерінің саны қырыққа жеткен. Және осы жолғы көрмеге белгілі суретшілермен қатар, бейнелеу өнеріндегі өзіндік сынақтарымен ерекшеленіп жүрген жастардың да жұмысы қойылған. Солардың бірі – мүсінші Қазым Аманқосов. 250 домбыра мен 15 қобыздың және таңғажайып ортекенің авторы атанған ол, осыдан бірер жыл бұрын тәжірибе ретінде ағашқа мүсін кескіндеп көруді ұйғарған екен. Шебер үшін жұмысының азкөптігі маңызды емес, яғни ол «менің қолымнан шыққан дүниелер көрерменнің көзін қуантып қана қоймай, ерекше энергетикаға толы болуы тиіс» деп есептейді. Бұл ретте, Әлия мен Дүйсенкүл Ахметовалардың гобелені де жұртшылықтың ерекше қызығушылығын туғызды. Анасы мен қызының қолөнер туындысынан кешегі және бүгінгі уақыт үндестігі, қазақ топырағындағы дәстүр жалғастығы аңғарылады. Бүкіл отбасыларымен шығармашылыққа жақын екендіктерін айта келе, Дүйсенкүл: «Отағасым – мүсінші, ал қызым екеуіміз гобелен өнерін жаңғыртуға күш салып жүрміз», – дейді. Шебердің айтуынша, қазіргі уақытта өз жақындарының матаға тоқылған суретіне тапсырыс беру сәнге айналған. Және ондай бұйымдардың бағалануы да жақсы.
Тараз суретшілерінің өнері туралы кеңінен айта беруге болады. Бірақ әрине, «мың рет естігеннен бір рет көрген артық». Көрмені Суретшілер одағының галереясынан тамашалауға болады.