Тараздық әнші Мәдина Сағынбекова Астанаға қоныс аудармақ... (видео)
Қазақтың дарынды бард әншісі, белгілі сазгер Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені...» деген әні Мәдина Сағынбекова атты әншінің орындауында жұртшылыққа жақсы таныс. Өнер тарланы Табылдының әнін өзіне төлқұжат еткен әнші Мәдина – Тараздың тумасы. 15 жылдан бері Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филормониясында еңбек етіп келе жатқан Мәдина Сағынбекова жақында отбасымен Астанаға қоныс аудармақ. Таяуда шығармашылық жұмыстарымен Алматыға келген Мәдина өзінің өмірдегі және өнердегі жаңалықтары туралы «Алаш айнасының» тілшісіне әңгімелеп берген еді.
«Мен негізінен Алматыға жиі келіп тұрамын. Өйткені менің бұл қалада өнердегі достарым өте көп. Кейде солардың жеке концертіне, шығармашылық кештеріне қатысамын. Өзімнің шығармашылығыма байланысты жұмыстарды да осы Алматыға келіп тындырып жатамыз. Студияда ән жаздырамын, сазгерлермен кездесемін дегендей. Жақында Алла бұйырса Астана қаласына отбасымызбен қоныс аудармақпыз. Өзімнің жолдасым әскери адам. Ол екі жылдан бері Астана қаласында қызмет етуде. Енді міне, отбасымызбен елордаға көшудің сәті түсті» дейді әнші.
Мәдина Сағынбекова өте талғампаз әнші. Оның репертуарында халық әндерінен бастап, Шәмші Қалдаяқовтың әндері және елімізге танымал Әуезхан Салабеков, Үміт Бетенова, Ербол Спаналиев сынды ақын, сазгерлердің әндері бар. Кәсіби әнші сахнада жүрген 15-20 жылдың ішінде 2 мәрте есеп беру концертін өткізді. Бүгінде Мәдинаның үш бейнеклипі жарық көрген. Олардың бірі «Ұнатамын мен сені» әніне түсірілді. Мәдинаның 2013 жылы шыққан ән жинағы да «Ұнатамын мен сені» деп аталады.
«Кішкене кезімнен өнерге қызығып, ән айта бастағанымда әкем маған: «егер халық әндерін айтпасаң, әнші болмайсың» деген еді. Әкемнің сол сөзін естен шығарған емеспін. Репертуарымды жан-жақты етуге, ізденуге тырысамын. Халық әндерінен бастап халық компазиторларының әндерін орындаймын.
Қазір құдайға шүкір, көптеген өнерлі жастар көбейіп келеді. Алайда сахна мен тойды ажырата алмайтын, әнді әшейін ермек етіп жүргендері де бар. Мен кәсіби әнші ретінде осындай жастарымыз сахнаның киесін түсінсе екен деп ойлаймын. Егер әнші сахнада танылып, оны жұрт тойына шақырып жатса бір жөн, той арқылы танылып, сахнада да той деңгейінде ән шырқайтын жастарға қарным ашады. Сондықтан да қазір патриоттық әндер, халық әндері той әндерінің тасасында қалып қойып жатыр», деп қынжылысын білдірді әнші.
Бүгінде Мәдина Сағынбекова біршама жаңа әндер жаздырып, шығармашылыған барынша ден қоюда. Дегенмен өнермен бірге отбасын да назарынан тыс қалдырмайды. Мәдина жолдасымен бірге Айдана, Айасыл атты екі қыз тәрбиелеп отыр.
«Мен 2000 жылы тұрмысқа шықтым. Алғаш келін болып түскенде өте пысық келіншек болдым. Ата-анам мектепте ұстаздық еткен, ауыл-аймаққа құрметті адамдар болғандықтан біздің үйден қонақ үзілмейтін. Анам керемет қылып дастархан жаятын. Анамның тәрбиесін көріп өскендіктен өзім отбасылы болғаннан кейін қазақы дәстүрімізді сақтап, барынша отбасындағы міндетімді орындауға тырыстым. Үйде міндетті түрде соғым басын береміз, наурыз көже дайындаймыз, жаңа жылды отбасымызбен қарсы аламыз. Бірақ дәл қазір үйден шықпай қонақ күтіп, дастархан әзірлеймін деп айта алмаймын. Өйткені өнер адамы болған соң үйден гөрі сыртта көп жүреміз. Үйде өзімнің сіңілдерім, көмекшілерім бар. Жолдасым да әскери адам болғанымен өнерге жақын. Ол да менің шығармашылығымды жақсы түсінеді. Біздің отбасымыздың беріктігі де осы түсіністікте, сыйластықта деп ойлаймын» деп аяқтады сөзін Мәдина Сағынбекова.