"Таныспен шешесің": Қайрат Әділгерей жемқорлықпен талай рет бетпе-бет келгенін жасырмай айтты
Отандық өнер жұлдыздарының қатысуымен түсірілген жемқорлық жайлы комедиялық фильм көрерменге жол тартты. Фильмге түскен танымал актер Қайрат Әділгерей өмірде де мұндай жағдаймен талай рет бетпе-бет келгенін жасырмайды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Портал тілшісі "Жемқорлыққа қарсы вакцина" фильмінің премьерасынан кейін Қайрат Әділгерейге "Ақша беріп, шаруа шешіп көрдіңіз бе?” деген сұрақты төтесінен қойды. "Иә, әрине, талай болған жоқ па?! Бір жерде ақшамен, бір жерде таныспен шешесің. Әйтпесе, өздігінен шаруа бітпейді. Оны барлығымыз білеміз. Бір жерге шықпас бұрын таныс іздеп, немесе ақшамызды салып барамыз. Осындай қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін кез келген жерде мұндай затпен бетпе-бет келеміз", - деп жауап берді Қайрат Әділгерей. Актер жемқорлық дертімен қоғам болып күресуге шақырады. "Бұл киноны көрген әр адам өзіне ой түйеді деп ойлаймын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жемқорлықпен бәріміз күресуіміз керек. Әр адам өзінен бастаса. Сол ойды жеткізуге тырыстық. Бұл - күрес. Мұндай вакцина жоқ. Бірақ көрсетіліп жатқан проблемалар шын мәнінде бар. Негізгі ой - адам өзін өзгерте алатынын көрсету. Кішкентай да болса түрткі. Мүмкін ойларына вакцина болып баратын шығар", - дейді ол.