Талай жезтаңдай әншіні, дәулескер күйшіні, таңдайына жыр тұнған ақынды туғызған қазақ даласы ән салғанда дауысы алты қырдан асатын кең тынысты опера әншілеріне де кенде емес. Қазақтың Абайын, Біржан-Сарасын әлемдік классиканың қатарына қосып, төл операмыздың жауһарына айналдыруда үлкен еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің есімі елеусіз қалмауы тиіс. Қадым ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлтымыздың аса бай ән өнерінде өзіндік орны бар, қазақ операсы мен классикалық музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымыздың бірі – Байғали Досымжанов.
Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген жауынгер жігіт өнер жолын майдандарда ән салып бастап, соғыс аяқталғаннан кейін өмірінің соңына дейін Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етті.
Қазақ опера және балет театрының шымылдығын алғаш ашқан Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» – Төлегеннің, М.Төлебаевтың «Біржан — Сарасында» – Біржанның, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» Айдардың партияларын ойнаған лирикалық-тенор дауысты әнші Байғали Досымжанов 1922 жылы Семей топырағында дүниеге келген. Жастайынан жетімдіктің дәмін сезіп өскен бала Байғали Ресейдің балалар үйінде тәрбиеленген. Кейіннен туған жерінің топырағы тартқан болар, Байғали Алматыға келіп, музыкалық училищеге оқуға түседі. Одан кейін Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясында білім алып, жоғарғы білімін Алматы консерваториясында жалғайды. Өнері өрге жүзіп, атағы шыққан шақтарда Байғали Досымжановтың шәкірттері гастрольдік сапармен Ресейге барады. Сол кезде оның балалар үйінде бірге тәрбиеленген достары Қазақстаннан барған өнерпаздар арқылы өздері Боря деп атап кеткен әнші Байғалиға жарыса сәлем жолдайды екен.
«Жиырма бес», «Бурылтай», «Ақбақай», «Сырымбет», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды қазақ халық әндері мен халық композиторларының әндерін насихаттаған Б.Досымжановтың әншілік өнері жоғары мәдениетімен, жарқын бояуымен, шынайы терең тебіреністі өзіндік өрнегімен ерекшеленді.
Байғали Досымжанов 1960 жылдан режиссерлік қызметпен айналыса бастады. Ол Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуы» мен «Алпамысын», Брусиловскийдің «Қыз Жібегін», «Амангелді» операсын, З.Г.Исмагиловтың – «Құдаша», Д.Вердидің – «Балмаскарад» т.б. спектакльдерді қойды. 1975-76 жылдары «Біржан-Сара» мен «Абай» операларын Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтер қойып кеткен дәстүрді сақтай отырып, қайта сахналады. Сөйтіп, қаймағын бұзбай өзінен кейінгі ұрпаққа жеткізді. 1975 жылдан Алматы консерваториясының опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болды. Досымжанов көптеген дарынды әншілерді даярлап, көркемөнерпаздықты дамытуға үлкен үлес қосты. Өз заманында жұртшылыққа танымал болған «Қаламқас», «Нұргүл» ансамбльдерінің қамқоршысы болды. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Ғафиз Есімов, Қазақстанның халық әртісі:
– Байғали Досымжанов – алғаш театрға келген жылдары Әнуарбек Үмбетпаев деген халық әртісімен әріптес болып, кейіннен өзі де талай дарынды жастың өнердегі шырағын жандырған ұлағатты ұстаз. Ол кісінің есімі Мұқан Төлебаев, Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова сынды опера майталмандарымен қатар аталады. Ол кісінің дауысы өте әдемі, өзі талдырмаш келген нәзік жан еді. Мен опера және балет театрына келмес бұрын Байғали ағаны Алматы консерваториясының опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болған кезінде алғаш көріп, ол кісіден дәріс алдым. Одан кейін 1975 жылдары Қорлан Қалиланбекова, Қанат Омарбаев, Рахима Жұбатырова, Қанат Құлымжанов секілді бір буын жас театрға келдік. Осы кезде Байғали аға Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсын осы бір топ жасқа арнап қойған болатын. Мен – Қамардың әкесі Омарды, Қорлан – Қамарды, Қанат – Ахметті, Қияқбай, Тұяқбай секілді майда рөлдерді Қанат Құлымжанов орындады. Сонымен бұл кісі біздің алғаш үлкен сахнаға шығуымызға көп еңбек етті. Бәкеңнің сол кездегі сары ауыз балапан әншілерді бірден үлкен сахнаға шығаруы батылдық болды деп есептеймін. Сахнаның дәмін татып көрмеген жастармыз ғой, майда-шүйде рөлдермен жүре тұруға да болар еді. Дегенмен Бәкең осындай ерлік танытып, бізге үлкен рөлдерді сеніп тапсырды. «Қамар сұлу» жап-жақсы спектакль болып шықты.
Бүгінде Байғали Досымжановтың көзін көрген, ол кісіден дәріс алған шәкірттері Бәкеңнің Республика сарайында мемлекеттік тапсырыспен өтетін үлкен концеттерді қоюға, ұйымдастыруға өте шебер адам болғанын еске алады. Байғали Досымжанов жұбайы Қазақстан және КСРО халық әртісі, театр және кино актрисасы Хадиша Бөкеева екеуі қазақ өнеріне өмірлерін арнаған жұп еді. Ұстаз үшін шәкірттерінің ішінен бір тұлға жасап шығарудың өзі – үлкен жетістік. Ал Байғали Досымжанов – бүгінде тек қазақ еліне емес, алыс шетелдерге танымал Нұржамал Үсенбаевадай әнші қызды тәрбиелеген ұстаз. Биылғы жылы Бәкеңнің 90 жылдығы республика көлемінде аталып өтпек. Таяуда, 23 ақпанда сағат 18.30-да Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Байғали Досымжановты еске алу кеші өтеді.