Талғам тамыршысы
Алматыда белгілі әдебиетші-ғалым Мұхамеджан Қаратаевтың 100 жылдық мерейтойы салтанатпен аталып өтті. Алаштың айтулы азаматын еске алуға ғалымның шәкірттері, БАҚ өкілдері, жазушылар, басқа да елге танымал азаматтар қатысты.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында өткен салтанатты кешке әдебиетсүйер қауым көп жиналды. Мұхаңның ғалымдығынан жазушылығы басым болған шығар, жиналған жұрт сыншының әдебиет айдынындағы еңбектеріне көп көңіл аударды. Салтанатты кеште сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жазушының ағартушы ретінде қазақ еліне сіңірген еңбегін жоғары бағалап, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің құттықтау сөзін жеткізді. Мұхаңның шәкірті болған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин: «Әдебиетте сыншы болу оңай шаруа емес. Сыншы ең алдымен әдебиетте байсалды, сөздің нақтылығын білетін, тиянақтылықты ұғына алатын азамат болуы керек. Сол қасиеттердің барлығы – Мұхамеджан Қаратаевтың бойынан табылды» деп ғалымның өткеніне үңілді. Мұхамеджан Қаратаевтың шығармашылығы жөнінде баяндама жасаған белгілі ақын Бауыржан Жақып: «Мұхамеджан Қаратаев қазақтың асыл сөзін өкпелетпей, қазақтың әдебиетіне зор үлес қосқан ғылым қайраткері. Мұхаң кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына төраға болды. Қандай қиын кезеңдерде де Мұхаңдар тарихты жазды, қазақ әдебиетін, өнерін бұрмаламай бізге жеткізді. Мұхамеджан Қаратаев өмірбаянында 1938-1955 жылдар аралығында үзіліс бар. Кеңес өкіметінің 1930-1950 жылдардағы зиялыларды қудалау үдерісі Мұхаңды да айналып өтпеген. Ол алдымен сегіз жыл Сібірдегі Красноярск қаласында, бес жыл Жамбыл облысында айдауда болған» деп ғалым жайлы баяндамасын оқыды. Мұхамеджан Қаратаевтың 100 жылдық мерейтойы еліміздің басқа қалаларында да жалғасын таппақ.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Мұхамеджан Қаратаевтың сөзі XX ғасырға жетіп отыр. XX ғасырдағы ұлт зиялыларының ішіндегі ойы терең, бойы да ерекше көрінген, жазған монографиялары мен әдебиеттің эстетикалық мәнімен әдебиет ғылымында, сынында ерекше тұлға болып биіктеген азамат. Бірімізге – ұстаз, бірімізге – замандас. Мұхаңның біз шәкірті болдық, лекциясын тыңдадық. Қазақтың әдебиет сынында ең алғашқы кәсіби сынның шынайы бүкіл өмірін сын жанрына арнаған үлкен тарихи тұлға еді. Мұхаң өзінің алдындағы ұлы ұстаздары кешегі Ахметтер мен Ілияс, Бейімбеттер мен Сәкендердің көзіндей болған адам. Мұхаң XX ғасырда әдебиет айдыны мен Жазушылар одағын бірдей басқарды. Әдебиет пен өнерге адал болды. Сол адалдығының арқасында басқаларға үлгі бола алған азамат. Мұхаң өзіне дейінгі әдебиетке әділ баға берген кісі. Әлем әдебиеті мен мәдениетін үлкен шеңберде талдай алатын білгір әдебиетші еді.
ӨМІРДЕРЕК
Қаратаев Мұхамеджан Қожасбайұлы (1910-1995) – әдебиет сыншысы, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакторы болған. М.Қаратаев тұтас алғанда 700-ден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Сыншының біраз еңбектері орыс тілінде де жарық көрген. «Асулар алда» атты сын кітабы үшін Қазақстанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Ғылымға сіңірген көп жылдық еңбегі үшін Қазақстан Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдарымен марапатталған.