«Сырымды айттым далаға»
«Жыр шыңы – Қазыбексің қазақтағы» деп кезінде Мұзағаң, яғни Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың бағасын да, батасын да алған ақын болса, ол – Исаның Қазыбегі. Темірхан Медетбек сынды поэзиядағы ағасы айтпақшы, «Қызылдың құмында туып-өскен ақынның жыр жинақтары да сол табиғи болмысқа тартып, «Қызық жыңғыл», «Керімсал», «Тәтті шөл» деп аталса керек. Қоғам қайраткерлігімен де танымал, «Жас қазақ үні» және «Жұлдыздар құпиясы» сынды беделді қазақ басылымдарының басшысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қазыбек Иса биыл 50 жасқа толып отыр. Соған орай қалың жұртын өзінің жыр кешіне шақырады.
Туған ел топырағынан басталған кеш...
«Сырымды айттым далаға» деп аталатын бұл кеш бүгін сағат кешкі 18.00-де Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы залында өтеді.
Айта кету керек, ақынның мерейтойы бұған дейін туған ел топырағында басталып кеткен. Яғни қыркүйектің 18-22-сі аралығында Оңтүстік Қазақстанның Шымкент, Шардара секілді біршама елді мекенінде Қазыбек Иса сынды перзентінің құрметіне ән-жыр кеші болған. Сол өңірде туып-өсіп, еліміздің беткеұстар зиялы қауымына айналған Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Көпен Әмірбек, Қалдыбек Құрманәлі, Жұбаныш Жексенұлы сынды азаматтар сол кеш ортасынан табылған болатын. Асқар Мырзахмет бастаған облыс жұртшылығы 50-ге толған ер-азаматына темір тұлпар тізгінін ұстатып жіберді.
Бұл кеш те сол туған ел топырағында басталған тойдың заңды жалғасы іспетті, алайда одан әлдеқайда ауқымды, Алаш жұртының мәдени, рухани орталығы Алматыда өткендігімен ерекше. Жоғарыда аты аталған ақын-жазушылармен қатар, аталған кеште ақынның сөзіне жазылған әндер де шырқалмақ. Негізінен, ақын Қазыбек Исаның сөздерінің әнге айналып, тыңдарманның жүрегіне ұялағанына да біршама жыл болды. Біріміз біліп, екіншіміз біле бермеуіміз мүмкін, мәселен, сол әндердің бірі – «Нұрмұқасан» тобы орындайтын «Құдаша қыз» әні (әні – Бауыржан Тұрғараев), «Шағаласы Шардараның» атты әнін (әні – Қалдыбек Құрманәлі) таяуда Жұбаныш Жексенұлы тұңғыш рет орындап, туған жерде тұсауын кесіп қайтты. «Досқа тілек» атты тағы бір елге танымал әнін осыдан 20 жыл бұрын Жеңіс Сейдолла орындап, әлі күнге репертуарынан қалдырмай келе жатқан жақсы әндерінің бірі. Осындай жақсы әндердің сөзі – Қазыбек Исанікі.
Ұлтшыл деген ұғым ақталуы керек, ұрпақ онымен мақтануы керек!
Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде...
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, білдің бе? – деп бір кездері туған ауылын тастап, Алматыға бір-ақ күнде кетіп қалған ақын, міне, содан Алаштың жүгін арқалаған күйі «ердің жасы – елуге» қалай келгенін өзі де сезбей қалған болар?! Бірақ өзі басшылық жасайтын басылым мен өлеңдерін сүйіп оқитын оқырмандары, сірә, Қазыбек сынды ақынының әр қадамын сол шығармашылық туындылары арқылы қалт жібермесе керек.
«Немкеттілеу ағайын» ақын ұлдарының «неге кеткенін» білмесе, есесіне зиялы қауым жақсы біледі. Егер сол кезде кетпесе, «талай көкірегі соқыр, ұйқысырап кеткен депутаттарды шошындырып қана қоймай, жалпы, қазақ қауымына ой салған» «Жас қазақ үні» газетін шығаруға кім ұйытқы болар еді? Одан да өзге әр азаматтың көкейіне «елім, жерім, тілім» деген ұғымның ұлылығын ұғындырған ұранды істердің басынан кім табылар еді? Алматының азабы мен ғажабы мол өмірінен ғазал жыр түймес еді ақын жүрегі... 50 жылдық саналы ғұмыры турасында өзіне есеп бергенде, әсіресе «соңғы кездері ақын не ойлап, не түйіп, қандай мәселелерге қабырғасы қайысып жүр екен» деген сұрақпен, өзіне хабарласып көрдік:
Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Кезінде сонау 1920 жылы Ахмет Байтұрсынов 50-ге толғанда Сәкен Сейфуллин мақала жазған, сонда оның ақын, жазушы, қайраткерлігін – барлығын айтып келген де, бірақ «ең бастысы, ол – ұлтшыл» деп мақтаған. Көрдіңіз бе, ұлтшыл деген – мақтайтын, мақтанатын нәрсе. Ал бізде 70 жылда ұлтшыл деген мақтайтын емес, керісінше, даттайтын нәрсе деген ұғым санамызға әбден сіңіп алған. Ату жазасына дейін апарып, біздерді басты да тастады. Бірақ ол заман кетті ғой, Тәуелсіздік алдық, енді кімге жалтақтап, кімнен қорқамыз ұлтшыл болуға? Бәрі керісінше болса, яғни ұлтшылдық та қайтадан ақталып, қайтадан мақтанатын ұғым қалпын алуы керек қой? Жоқ, ол сол бойы қалып қойды. Осы жазда қазақтың көнекөз қариясы, нағыз ұлтшыл азаматы Рахманқұл Бердібай көз жұмды. Сонда ол кісіні аза тұтып, бір емес, бірнеше басылымда «ол кісі ұлтшылдардың көсемі еді» деп жазылды. Сонда мен де марқұмды ақтық сапарға шығарып саларда «ұлтшылдар деген осы бүгін ұлтшылдардың көсемінің қазасымен ақталып отыр» деп айттым. Мұнымен айтпағым: кезінде жазықсыз айыпталған арыстарымыз секілді, «ұлтшыл» деген сөз де ақталуы керек. Бүгінгі ұрпақ ол сөзбен мақтанып, ұлтшыл болуға ұмтылуы тиіс.