«Шындық детекторы» – шынайылығымен ерекшеленген шығарма

«Шындық детекторы» – шынайылығымен ерекшеленген шығарма

«О заманда, бұ заман, бастықты темірдің таңдауы­мен сайлағанды кім көрген? Бұрын адамның тағдырын адам шешуші еді, адамдарға жағдайыңды айтып түсіндіруге болатын. Қазір шындық детек­торы деген бәле шығыпты. Шындық детекторы тамыр-таныс, ағайын-туыс дегенді ұқпайды...» Бұл – жақында ғана Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған «Шын­дық детек­­торы» пьесасындағы кейіпкердің сөзі. Иә, қазіргі заманда жоғары мансапқа ұмтылған үміткер де, тіпті қарапайым жүргізушінің куәлі­гін алғысы келген адам да, оқу орнына түсуге талпынған талапкер де электрондық жүйе­мен тест тапсырып, бағын сынайды. Бірақ «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін адамдар темірді де алдаудың жолын тауып, парақорлықты одан сайын үдетпесе, азайтар емес.
Міне, заманның осындай дертін сонау кеңес заманында-ақ шығармасына арқау еткен белгілі драматург Баққожа Мұқайдың «Дүние кезек» пьесасы бүгінде Мұрат Ах­манов сынды жаңаша көзқарасты режис­сердің өңдеуімен қайта сахналанды.
Сахнада ежелден бір ұжымда қызметтес болған Сайран Райымов, Ботан Сарманов, Асхат Шарифуллин, Жайсаң Базаров, Бану Қоқанова сынды кейіпкерлер үлкен лауазым үшін тартысқа түсіп, «Шындық детекторының» есігіне кірместен-ақ бір-бірінің өміріндегі пендешіліктерін әшкере етіседі. Өзінің кемшілігін сезетін кейіпкер­лердің әрқайсысы өздерінің «сүттен ақ, судан таза» екендігін дәлелдемекші болып, біресе шындық детекторына кіруге таласса, біресе сол есікке кіруге жүрексініп, бірін-бірі итермелейді. Кезінде Мақан Жақано­вич атты бастыққа бағынышты болған ұжымдағы жасы үлкендеу Ботан Сарманов – әйелі Нұрияның сөзінен аса алмайтын, ішкілікке жақын жағымпаз қызметкер. Оны мазалайтын ой – «темірді де жасаған адам ғой, егер шындық детекторы адал жұмыс істейтін болса, дүниеде таза адам қалмас еді». Ал Жайсаң Базаров – адам­дардың бәрін ақымақ, өзін ақылды санай­тын залым. Ол өзі жоғары лауазымды орынға ұмтыла тұрып, басқаларды «басшы болу – адам қызығатын дүние емес» деп өзінше үгіттеп қояды. Ал татар Асхат Шари­фуллин әйелі Сәнияның айдауына көніп, айтқанынан шықпайды. Оның түсінігінде шындық детекторы адамды ұлтқа, руға бөліп қарамайды, қандай маман екенін анықтайды, пара алмайды. Еркектердің арасындағы лауазымға таласқан жалғыз әйел Бану Қоқанова шындық детекторын жасаған адамды тауып алсам деп арман­дай­ды. Шындық детекторынан өтуге қорық­пай келген тағы бір қызметкер – Сайран Райымов. Оны кезінде ұжым болып қаралап, бастықтарының былығын жабу үшін құрбан етіп, пара алды деген айыппен түрмеге тоғытқан болатын. Алты жыл темір торда отырып келген Сайранды әріптестері жақтыра қоймайды. Өйткені Сайран олар­дың әрқайсысының кемшілігін беттеріне басады. Ол мансапқа деген махаббаттың адамды орға жығатынын ашына айтса да, тыңдар құлақ болмайды. Пьесаның соңында шындық детекторының есігіне кірген Жайсаң Базаров, Асхат Шарифуллин, Бану Қоқанова есеңгіреп шығады. Ал оларды көрген Ботан Сарманов қорыққа­нынан кіруге бас тартады. Елдің ең соңында шындық детекторының есігінен енген Сайран жоғары лауазымға лайық деп та­бы­лады. Бірақ оның бұл қуанышы ұзаққа со­зылмай, тосыннан тиген оқтан көз жұма­ды. Сонымен қойылымның көрерменге жет­кіз­бек ойы – біздің қоғамда әділет­ті­ліктің жоқтығы. Адамзаттың алдында адал өмір сүру үшін талай күрес күтіп тұрғанын меңзейтін шығарма көпшілікке ой салары сөзсіз.

Драматургтің соңында театры, іздеушісі, режиссері болса, ол ешқа­шан өлмек емес. Баққожа ағаның алмағайып замандағы адамдардың арпалысын дөп бас­қан шығармасы – бүгінгі заман­ның да шындығы. «Мен бастық болсам, бастарыңа жастық болам, бетегеден биік, жусаннан аласа, астарыңа алаша болам» деп ха­лық­ты қу сөзбен алдап, дегеніне жеткен соң аспандап кететіндердің дәурені жүріп тұрған уақыт туралы уытты тілмен көпшілікке жеткізу де – қаламгердің күресі. Ал режиссер­дің жетістігі – шығарманы бүгінгі заманға лайықтап, қазіргі заман­ның қаһарманын жасауы. Дәл осын­дай тың ізденістер бүгінде театр өнеріне ауадай қажет.


Мұрат Ахманов, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Бұл шығарма – Баққожа Мұқайдың 1989 жылы жазылған «Дүние кезек» атты пьесасы. Біз бұл шығарманың атын заманға сай өзгертіп, «Шындық детекторы» деп атадық. ЭВМ алдында жауап беретін адамдардың өзіндік қорқыныштары болатыны рас. Олар өмірде өздерінің істеген пендешіліктерін, кемшілікте­рін, білімдерінің таяздығын біреу біліп қоя ма деп күдіктенеді. Осыдан кейін адамдардың арасында бақта­лас­тық пайда болып, өзара тартысқа түседі. Қазіргі кезде біздің елімізде және басқа да көптеген мемлекетте әсіресе мемлекеттік қызметкерлер арасында сайлау, жарыс, байқаулар жиі өтеді. Қай мекемеде болса да бастықтарды байқау арқылы таңдау етек алған. Электрондық жүйеде тест тапсыру көбейді. Бірақ қалай болғанда да адамның ар-намысы бірінші орында болуы керек. Сонау қайта құру кезеңінде жазылған шығарма болса да, қазіргі заманға да сай келіп тұрған секілді.


Есмұқан Обаев, М.Әуезов атындағы  Қазақ академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның Халық әртісі:
– Баққожаның өмірден өткеніне де биыл бес жыл болды. Ол отызында орда бұзып, «Қош бол, ертегі» шығар­масымен театр сахнасына келген еді. Одан кейін театр сахнасында оның талай пьесасы сахналанды. Мен Бақ­қожаның «Дүние кезек» пьесасын Семей, Қарағанды, Жамбыл театр­ла­рында қойдым. Ал оның көзі жұмыл­ғаннан бері осы шығармасы бүгін алғаш рет жаңа атаумен қойылып отыр. Аталған пьеса сахнада жүрген сайын өзектілігін жоғалтпайды. Бұл шығарма – уақытпен сапарлас, сырлас, мұңдас, үндес қойылым. Ешкім қалам сілтеуге батылы бара бермейтін тақырыптарға Баққожа тосыннан келіп килігіп кететін. Қазақ драматургтерінің ішіндегі айтары мол, ұрпаққа қалдырған аманаты бар Баққожаның бүгінде М.Әуезов теат­рында екі пьесасы жүріп жатыр, облыстық театрларда да қойылым­дары сахналануда. Әлі де талай шығармасы көрерменге жол тартады деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста