Қазақта «қалжыңсыз қан жүрмейді» деген сөз бар. Әрине, әркім әрқилы түсінер. Дегенмен қазақ әзіл-сықақ өнерінің көшіне өзгеше екпінмен келіп қосылған, еліміз түгіл шетелге танымал сатира театрлары аз емес. Анықтап, ен-таңба, ер-тұрманына қарасақ, бәйгеден бусанып келген кіл жүйріктен күнгейдің исі бұрқырап тұратыны тағы бар. Кейде «Техас», «шимкентский» дей тұра, сол «шымкенттіктердің» «Шаншары» болмаса шекесі құрысып қалатын қазақтар да бар арамызда. Ұлт руханиятының, мәдениетінің «командасында» да топ бастап, маңдайы жарқырап жүрген де – оңтүстіктің тумалары.
Міне, сол қоғамның күнгейі мен теріскейін ащы әжуа, сын-сықақ, әзіл-оспақ, қалжың-қағытпа, уытты мысқыл арқылы жеткізіп, жұртшылықты қыран-топан күлкіге бөлеп, айналасын өзіне еріксіз елітетін, қанында қалжыңның «венасы» мен «артериясы» қатар аққан Оңтүстік Қазақстан облыстық әзiл-сықақ және сатира театрының бес жылдық торқалы тойы да келіп жетті. «Кiшкентай театрдың бесжылдығы да, тәйiрi...» деместен, сонау Алматыдан ат сабылтып, театр сыншысы Әшiрбек Сығай бастап сатира сарбаздары Бауыржан Ибрагимов, Ұлан Нүсiпәлi, Жарылқасын Дәулет, Алпысбай Боранбаев, «Театр KZ» журналының редакторы Болат Бекжанов келдi. Жергiлiктi сатирик «Қалжың қалтасын» арқалаған Мұхтар Шерiм де тойға қонақ ретiнде қатысты.
Әрине, жылдар айтқанын істетті. Бес жыл театр ұжымын өсірді. Белеске көтерді. Ұжымның тізгінін ұстаған Уәлибек Әбдiрайымов, өнерге ынты шынтысымен шын берілген Жүсiп Ақшора, «Тука», «Ібән» атанып, осы аға театрдан түлеп ұшқан, ұлы ұстаз Райымбек Сейтіметовтің шәкірті Нұржан Төлендиев, кенді қала – Кентаудан келген Нұржан мен түркістандық «қара бала» Дәурен әрқайсысының да халық көкейіндегі әзіл-қалжыңға толы бейнесі ешқашан ұмтылмақ емес. Бес жылдықтың салтанатты ашылуында сөз алған оңтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев ең жас һәм қас өнер ұжымына, оның шығармашылық деңгейiн көтеруге халыққа танымал болу жағынан ерен еңбек сiңiрiп келе жатқан басшылығына алғыс айтты. Аз ғана уақыт iшiнде өнер ұжымының репертуарын бiрнеше қайтара жаңартып, шетелге де гастрольдық сапармен шығып жүргенiне ризалығын бiлдiріп, өңір басшысының атынан құттықтау хат тапсырды.
Жұрт асыға күткен театрдың тойы бұрынғыдан өзгеше өтті. Бар өнерін мерейлі мерекеде көрсетуге тырысқан жас сатира серілері Д. Исабековтiң «Бонапарттың үйленуi» комедиясының негiзiнде, «бесінші туылған күнін» сүндеттойы өтiп жатқан бес жасар баланың куанышы секiлдi ұйымдастырды.
Әшiрбек СЫҒАЙ, театр сыншысы:
– Томас Манның «Театр тобырдан халық жасайды» деген сөзi бар. Театрдың миссиясы – адамды сауықтыру. Театр – идеялардың, ойдың, сөздiң айқасы, руханияттың мәйегi. Онда тыныш отыруға болмайды. Бүтiн бiр жанрдың жүгiн көтерiп келе жатқан театрдың қоғамның, тiршiлiктiң кейбiр түйткiлдерiн, кемшiлiгiн көрсетуге шамасы жетедi. Ресейде санаулы ғана сатира театры бар. Күлкiсiз, әзiлсiз, шымшыма сөзсiз театр өнерiнiң алға жылжуы мүмкiн емес. Жанрлық, стильдiк тұрғыда талданатын дүниелердi қойған жөн. Көп театрлардың туындысында мазмұн жоқ, тақырып аясы тар. Осы жағына сақ болған жөн. Сатира театры өз тақырыбын дұрыс көтерiп келе жатыр. Тағы бiр айтарым, әзiрге театр ат қоюға асықпағаны жөн.
Өнердегі әріптестік, бауырмалдығын ұмытпаған Шымкенттегі өзге де театрлар туған күн иелеріне әзілден қонақкәделерін де ала келіпті. Мерейтойымен құттықтауға Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры мен облыстық орыс драма театры, «Шымкент-шоу» театры шағын қойылымдар көрсетті. Ұлт руханиятының өсуіне өлшеусіз үлес қосқан Ж.Шанин атындағы облыстық Қазақ драма театрының әншiлерi әннен шашу шашты. Шара соңында жұртшылық күлкінің күймесін жегіп, құйрық-жалын төгілтіп, әзілдің алты тісті дырау қамшысын қолға алып, өмір шындығын шымбайына батыра түйреп бара жатқан «шаншарлықтардың» қадамына ақжол тілесіп қайтты.
Шымкенттің «Шаншары» беске келді
Последние статьи автора