Суретшілер табиғатпен сырласуды қойды

Суретшілер табиғатпен сырласуды қойды

Тоққожа Мұқажанұлы, «Дарын» сыйлығының иегері, суретші, педагогика ғылымының докторы, профессор:

Бейнелеу – ерте кезден ата-бабамыздың қолөнерінен тамыр алған, тарихымызбен біте қайнасқан өнер. Алғашқы дизайнерлік шешімдердің тұрмыста қолданылуы біздің ұлы шеберлерімізден бастау алды десек, артық айтқанымыз емес. Кезінде қазақтың тума талант суретшісі Әбілхан Қастеевтен «сурет салуды қайдан үйрендің?» дегенде, ол «ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім» деген екен. Ал бейнелеу өнерінің бүгінгі жай-күйі қандай? Осы бір әсем өнерден өз ұлттық бояуымыз көрініс бере ме? Ойымызды мазалаған осындай бірнеше сұрағымызды Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Тоққожа Мұқажанұлына қойған едік.

– Тоққожа Мұқажанұлы, еліміздегі бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгініне маман ретіндегі көзқарасыңыз...
– Қазақстандағы бейнелеу өнері еліміз егемендік алғаннан кейін басқа да өнер салалары сияқты белгілі бір қиын­дықтарды бастан өткерді, аздап тұралап та қалды. Екінші жағынан, сурет­шілер үшін шетелге есік ашылды, Еуропа, Азия елдерімен байланыс орнады. Бұрындары суретшілердің картиналарын тек мем­лекет көрмеге қоюға сатып алатын, ал кейіннен суретшілер картиналарын шет­елдерге сатып, өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Ал шығармашылықта бейнелеу өнерінде түрлі бағыттар пайда болды. Алайда мұның кері әсері де жоқ емес еді. Біздің суретшілеріміз кәсіби қалыптасқан дү­ние­­ге қарағанда, жеңілдікке, астарсыз әдемілікке бой ұрып кетті. Пісіп-жетілмеген жұмыстар көбейіп, суретшілеріміз күнкө­рістің қамы үшін суретті жылдам салып, өткізгенше асығатын болды. Сондай-ақ екінің бірі ақшасына сүйеніп жеке көр­мелерін өткізіп жатады. Ал бұрын көрмеге тек қатал сыннан өткен, бейнелеу өнерінің талаптарына жауап беретін суретшінің шығармалары ғана өтетін. Яғни сурет­шілерге қойылған талаппен қоса, олар­дың өз жауапкершіліктері төмендеді. Суретші өзінің салған картинасын кәсіби әріптестері, қарапайым халық қалай қабылдайды деген үлкен жауапкершілікті сезінбейтін секілді. Ең бастысы, әр суретші өзінің салған суретінің өз ұлтының келбеті екенін сезінгені абзал. Қазіргі суретшілердің көпшілігі бірыңғай әдемілікке ұмтылады, бірақ бұл керемет болып көрі­н­генімен, жоғары деңгейдегі өнер туындысы бол­мағандықтан, тез жалықтырады. Бояу айтар ойға қызмет етіп, үйлесімді болуы керек.
– Ертеректе тұрмыста пай­дала­нылған ер-тұрман, сыр­­мақ пен текемет, сандық пен кебеже өнердің на­ғыз өресі – бейнелеу өнерінің туындылары бол­ғанын бай­қаймыз. Қазіргі бейне­леу өнерінен өзіміздің қазақы ұлттық бояуы­мыз көрінбей кеткендей ме, қалай?
– Рас. Бейнелеу өнері кәсіби түрде кеш дамыды дегенмен, бұл өнердің түп-тамыры тереңде. Ата-бабаларымыздың тұрмыста пайдаланған откиізі, алаша, текеметіндегі ою-өрнектер, бояулардың әдемі үйлесімділігі – біздің бейнелеу өнердегі ұлттық ерекшелігіміз. Қазақ бей­нелеу өнерінің өткен ғасырдың 50-60-жылдары өзіндік ұлттық қолтаңбасы қалыптасты. Бұл – біздің ұлттық өнері­міздің темірқазығы. Өнер деген – ұлт­тың ұйып отыруы. Сондықтан басқа ел­дер­мен тереземіз тең болып, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалғымыз келсе, өткенімізді зерттеп, тың тақы­рыптарға қалам тартуымыз қа­­жет. Тақырып көп, ешқашан тү­ге­­сіл­мей­ді. Кешегі би-ше­шен­дері­міз­ді, батыр­ларымызды, ою-өр­­нек­­тері­міз­дің фи­ло­­софиясын зерт­­­тесек, осылардың барлығы ірі-­ірі жұмыстарды өмірге әкелуге мұ­рын­дық болары хақ. Ескіні ала оты­рып, болашақпен бай­ланысты үзіп алмасақ болғаны. Сонда ғана біз дүниежүзілік мәде­ниетке өзіміздің үлесімізді қоса ала­мыз.
– Сіз болашақ қазақ сурет­шілерін, бейнелеу өнерінің ма­ман­дарын даяр­лайтын қа­ра шаңырақта ұзақ жыл­дар қызмет етіп келесіз. Біздің ел­дегі оқу жүйесінде бейнелеу өнері қан­шалық­ты маңызға ие?
– Қазіргі кезде осы бір мәселе мені қат­ты толғандырады. Неге десеңіз, жылы­на біздің факультетке 10-15 талапкер сурет­ші боламын деп талпынып келгенімен, олардың екі-үшеуінен ғана суретші шы­ғады да, қалғаны басқа салаға кетіп қала­ды. Демек, біз балалардың сезімін өлтіріп алып жатырмыз. Суретшілікке қызы­ғып, құлшынып келген баланың іш­кі дүниесіне үңілмей, тек шеберлігін арт­­тырамыз деп, олардың арманына балта шауып жатқандаймыз. Тапжылтпай отыр­ғызып қойып, түрлі жанрлардағы ком­по­зицияларды көшіртеміз. Ал суретші барлық саладан хабары бар, әдебиетке қанық, өзіндік дүниетанымы бар адам болуы керек емес пе? Міне, біз осыны ескере алмай жатырмыз. Қарапайым ғана мақал-мәтелді, ертегілерді оқымаған бала қандай суретші, ұлттың патриоты болуы мүмкін? Екінші бір жағы, талант табиғаттан беріледі. Қарап отырсаңыз, кез келген бала кішкентай кезінде қолына қалам ала салып, алдымен жазу емес, сурет салады. Кейіннен суретке құштар бала басқа баланың өзінен жақсырақ салатынын көргенде, оның құлшынысы азаяды. Мені тағы бір қынжылтатын жайт, мектепте бейнелеу пәнінің бейшара күй кешуі. Математика мен физикаға сағат жетпей жатса, бейнелеудің орнына өткізе салады. Айтайын дегенім, бейнелеу пәнін өзіміз менсінбей отырсақ, бізден қайдан мықты суретші шықсын? Тіпті мықты суретші шықпаған күнде де, егер бейнелеу пәнінің маңызы зор болса, біздің балаларымыз әсемдікке құмар, талғампаз, сыршыл сезімді болып өсер еді. Көру диапазондары кеңейіп, қиялдары өріс­тейді. Сондықтан оқу жүйесінде кешен­ді бағдарлама жасалып, мектеп, кол­ледж, жоғарғы оқу орындары бір-бірі­мен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек.

Компьютерлік техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды
Қазіргі кезде компьютерді бейнелеу өнерінде пайдалану өнерге сәл салқынын тигізіп отыр. Өйткені техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Суретшілеріміз табиғатпен сырласуды қойды, пейзажды табиғатпен тілдеспей, компьютердегі бер жағы әсем картиналардан көшіру көбейді. Сонымен қатар бақуатты адамдардың үйіне қою үшін арнайы тапсырыспен салынатын картиналар көбейді. Суретшілер қауымы өз қиялына қарағанда, біреудің талабының шеңберінен аса алмайтын дәрежеде қалды.

Барлық өнердің басын қосатын бағыт қажет
Қазір суретшілер қауымы тек ірі мемлекеттік тапсырыстар келгенде ғана ойға алынады. Басқа кезде мемлекет тарапынан суретшілерге деген қамқорлық жоқ, бейнелеу өнеріне дұрыс ден қойылмайды. Сондықтан, меніңше, барлық өнердің басын қосатын бір бағыт аса қажет. Өнерді бір-бірінен бөліп-жармай, кешенді дамытсақ, ешқандай сала кенже қалмайды. Сонымен қатар қазіргі заман ағымына сай насихат, ақпараттық қолдау, өнерді дәріптеудің дұрыс жүйесі қалыптасса, болашақта қазақ бейнелеу өнерінің де заманы туары хақ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста