Сталинді сескендірген басылымдар кітапқа айналды
Биыл – тарихи даталарға толы жыл. Соның ішінде әсіресе қазақ баспасөз тарихының алғашқы қарлығаштары «Қазақ» газетіне 100 жыл болса, 1922-1923 жылдар аралығында Ташкент қаласында небәрі сегіз саны жарық көрген «Шолпан» журналына 95 жыл толады екен. Айтулы оқиғаларға іс жүзінде үн қатып, нақты игі қадамдарға барған Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ХХ ғасыр басында, 1920-1926 жылдар аралығында жарық көрген «Ақ жол» сынды тегеурінді газет пен «Шолпан» журналының жинағын шығарды. Кеше Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада аталған жинақтардың тұсаукесері болды.
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры:
– «Ақ жол» газеті өз бастауын 1920 жылдан алады. 1926 жылға дейін 613 саны жарық көрген бұл басылым тегеурінінің мықты болғандығының айғағы – қаһарынан қан тамған Сталин ол газетті ақыры жауып тынған. Алдымен 1925 жылы Ташкент қаласынан Шымкентке көшіреді де, сосын біртіндеп сиырқұйымшақтандырып, ақыр аяғын жоқ қылады. Осы «Ақ жолдың» соңғы сандарын біз қазір қайдан іздерімізді білмей жүрміз. Мүмкін, кейіннен Тараздан «Ақ жол» деген газет шықты ғой, сол осының жалғасы шығар дейді бір ойымыз. Олай дейтін бір себебіміз – ол кезде Шымкент, Қызылорда, Жамбыл үшеуі бір өлке болды. Газеттің соңғы сандарын таба алмағанымыз қиындау, бірақ соның өзінде біздің қолымызда басылымның 70 пайызы бар. Бізге дейін «Қазақ», «Дала уәлаяты» газеті, «Айқап» секілді қазақтың алғашқы басылымдарын Үшкүлтай Субханбердина апамыз мұрағаттардан іздеп, тірнектеп жинап, құрастырып шығарды. Ол кезде мұрағат жазбалары толықтай қолжетімді болған жоқ, себебі бұл жабық тақырып еді ғой, сондықтан әлгі жинақта материалдар да толық болған жоқ. Ал енді қазір ашық тақырыпқа айналғандықтан, бізге де сын жоғары болатынын түсініп, өте үлкен жауапкершілікпен қарап, бірде-бір санын қалдырмай, толық сауатты кітап етіп шығару үшін барымызды салдық. Материалдар Өзбекстан мұрағаты, Алматыдағы мұрағаттардан, Мәскеу мен Орынбор, Санкт-Петербург барлығынан іздедік.
Әйгілі Алаш арысы Сұлтанбек Қожанов шығарған «Ақ жол» газеті де, Иса Тоқтыбаев бас редакторы болған «Шолпан» журналы да араб қарпімен жасалған Ахаңның әліпбиі негізінде жарық көргенін ескерсек, оларды кириллицаға аударудың да оңайға соқпағанын аңғару қиын емес. Осы қыруар еңбекті қиын да болса шын ықыласымен жасаған жас ғалымдар болса керек. Қытайдың жоғары оқу орындарынан білім алған сол ғалымдардың бірін сөзге тарттық.
Ғалымбек ЕЛУБАЙҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ғылыми қызметкері:
– Ең бір қиындық туғызғаны газет нөмірлерінің жан-жақта сақталғандығы болды. Алматыда өте аз болды, Ташкенттен алдық, соның ішінде біз Мәскеуде сақталғандарына риза болдық, нөмірлері ретімен әрі түгелдей дерлік. Сондай-ақ табылғандарының өзі ескіріп кеткен, қолға ұстасаң үгіліп кететіндей қара үлбірде болды. Араб жазуы дегеннің өзінде газет Ташкентте шыққандығынан да тілі оқуға ауыр, өзбек тілінің ықпалы басым, қазіргі тілден алшақтық көп. Ал көтерген мәселелеріне келсек, қазақ даласына енді келген большевиктер билігінің халықты қырғынға ұшыратып, аштыққа ұрындырғанын тура айтпаса да, астарлап жеткізеді. Мұны кейіннен газеттің жабылып қалуына тікелей себеп болған мәселелердің бірі деуге болады. Ең бір өткір деген мақалалардың авторы деп мен Міржақып атамызды атар едім. Мадияр, Мир-Якуб, М-яр секілді бүркеншік есімдермен мақалалары газет бетінде өте жиі ұшырасады. Сондықтан бұл кітап міржақыптанушылар үшін де өте құнды дүние болары сөзсіз. Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров те жазған, әрине, газеттің бас редакторы Сұлтанбек Қожанов та өткір мәселелер көтерген. Мағжанның өлеңдері кездеседі. Бүркеншік атпен жазған көп мақалалардың авторларын анықтау қиын боп тұр.
«Ақ жолдан» түскен қаражаттың бір бөлігі алаштықтарды қаржыландырса, қалғаны аштыққа ұшыраған халықты құтқаруға жұмсалса керек. Ол жайлы газеттің өзінде арнайы мақала да бар. Қазақтың саны сол тұста 6 миллион болғанын да осы газет айтқан. Демек, демография мәселесі басылымның басты тақырыбы болды деуге үлкен негіз бар.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы:
– Мен құпия құжаттарды қарау үшін ҰҚК мұрағатында 20 шақты жыл отырғанда 100 демесем де, 90 пайыздай құпия құжатпен таныстым. Сонда байқағаным мынау: біздің қазақ даласы сондай кең болса да, қазақ зиялылары көсіліп шаба алмаған, яғни кең жатқан қазақ даласы зиялыларымызға тар болды. Мұны неге айтып отырмын? Қазан төңкерісіне дейін шыққан «Қазақ», «Айқап» басылымдарын оқып отырып, сол тұстағы зиялыларымыздың қарқынының жоғары болғанын байқадық, құлашы қазақ даласына лайық кең болғанын көреміз. Өкінішке қарай, төңкерістен кейін Ресей империясының құрамына кірдік те, адам төзгісіз қорлықтарға ұшырадық. Әр халықтың жерінің кеңдігі оның бағы да, сол сияқты соры да болуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің ол сорымызға бастады. Кеңес өкіметі бізді сол үшін қырды, «қырды» деу де жеңіл секілді тіпті.
Тағы бір айтарлық мәселе бар. Бүкіл Еуропада ағартушылық мәселесі ғасырларға созылды. Және сонымен қатар олардың ағартушыларының ешбірі жазаға ұшыраған жоқ, халық та, билік те алақанда ұстады. Олар өз ажалымен қайтыс болды. Ресейдің өзі де сөйтті. Ал қазақ халқындағы ағартушылар тағдыры – трагедия. Ойлаңыздаршы, ағартушылық біртұтас бір ұлттың тарихында небәрі 10-15 жылға ғана созылды. Соңы тіпті сұмдық: ағартушылық идеясы да, оны таратушылар да түгелдей аяусыз репрессияға ұшырады.
Түйін
Айта кетерлігі, «Ақ жолдың» 600-ден аса нөмірі бүгінде жинақ етіп құрастыруға дайын болғанымен, оған арнайы мемлекет тарапынан қаржы бөлінбеген. Сондықтан әзірге мүмкіндік екі томдық пен «Шолпанның» толық жинағын құрастыруға жеткен. Енді әлгі кітаптардың сатылымынан түскен қаражат еңбектің қалған томдарын шығаруға жұмсалмақ. Ендеше, қазағым деген жан болса, бұл іске өз үлесін қосса игі еді.