Спорт сарайы мен Сүйінбай ескерткіші бой көтерді
Талдықорған қаласында сәулеті мен көлемі, атқаратын қызмет ауқымы жағынан республикада бірегей саналатын «Жастар» спорт сарайы ашылды. Өңірде Елбасының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын орындауда түбегейлі нәтижеге жеткізу үшін соңғы үлгіде салынған спорттық нысанның қажеттігі туындаған. Онымен қоса, облыста спорттың қарқынды дамуы да бұл қажеттілікті айқындай түсті.
Сарай құрылысының құны 3 млрд 5 млн теңге. Алматы-Өскемен күре жолының оңтүстік шығысынан орын тепкен төрт қабатты ғимаратта спорттың барлық түрлеріне лайықталған 14 зал, жаттығу мен жарысқа қажетті қолайлы жағдайлар жасалған. Сарай бір мезгілде 2081 адамды қабылдай алады. Биыл өңірдегі спорт саласына 2,8 миллиард теңге бөлінген.
Осы күні Спорт сарайының алдында жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының ескерткіші ашылды. Осыдан бір жыл бұрын зиялы қауым өкілдері республикалық қазақ тілді басылымдарда Сүйінбай ақынның ескерткішін орнату туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Көпшілік пікірін қолдап, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ескерткіштің жасалып, орнатылуын облыс әкімі Серік Үмбетов тікелей өзі қадағалады.
Ескерткіш құрылысына облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінді. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 4.20 метр, ескерткіштің өзі 10 метр. Сәулетші Қазыбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Азғамбетовтің қолымен жасалған Сүйінбай бейнесі қазір Талдықорғанның кіреберісінде асқақтап тұр. Ескерткіштің ашылуына арналған салтанатты жиында осы айтулы оқиғаға орай ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың, ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің жолдаған құттықтау хаттары оқылды. Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысы туралы театрландырылған көрініс қойылып, «Құлансаз» ансамблінің концерті тамашаланды. Ескерткіш маңында аллея ашылып, ағаш отырғызылды.
Серік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі:
– Сүйінбай бабамызға ескерткіш орнату туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде бастама көтерген елдің зиялы қауымына рақмет айтамын. Ескерткіш елге – қуат, ерге – жігер, ұрпаққа – мұра. Бүгінгі ашылып отырған «Жастар» спорт сарайы спорттық қана емес, мәдени-рухани шаралар да өткізілетін үлкен орда болмақ. Сондықтан жыр сүлейінің ескерткішін осы жерге орнатуды жөн көрдік. Алдағы уақытта Спорт сарайынан жастар шыңдалып шығып, халықаралық ареналарда еліміздің абыройын асқақтатады деп сенемін.