Шоқанның көзі, қазақ рухының нағыз өзі
Шығармашылық туындылары аядай бөлмеден арыға аса алмайтын шеберлер болады, керісінше, күллі елді өз лабораториясының ішіне енгізгендей, қай түкпіріне барса да, алдынан өз туындылары қасқайып қарсы алатын ғажайып тұлғалар да бар. Шоқтығы биік Шота Уәлиханов – соның айқын дәлелі. Ол еңселі елордамыз төріндегі ХАН КЕНЕ, ал оған дейін әкімдік ғимараттарды айтпағанда, ару Алматының алаңында тұрған тұтас ғасырлардан бергі қазақтың өр рухы мен тарихының символындай ТӘУЕЛСІЗДІК МОНУМЕНТІ, шығысымыз – Абай туған қасиетті мекен Семейдегі ядролық сынақтың зардабын тартқан халықтың жан азабын «ӨЛІМНЕН КҮШТІ» атты монументке сыйдырған, ал бәрінен бұрын Тәуелсіз еліміздің ең басты рәміздерінің бірі – ЕЛТАҢБАМЫЗДЫҢ авторы.
Шежіресі Шыңғыс ханнан тамыр алатын...
...Шота Уәлиханов – атақты Шыңғыс төре тұқымынан, яғни Алаштың арда ұлы Шоқанның інісі Мақының немересі. 1932 жылы бір кездері Айғанымдай ел билеген адуынды әжесінің иелігінде болған ұлы Сырымбет тауының етегінде дүниеге келген сәби – бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Алаштың ардақты ақсақалы. Сәулет өнеріндегі ұлттық бояу оған арғы тегінен қанымен келсе, бесігінде жатқаннан бастап та баланың құлағына ұлы бабалары туралы аңыздар айтыла берген. Сондықтан жазушы Роллан Сейсенбаев айтқандай, «ол тудырған дүниенің бәрі – ХХ-ХХІ ғасырлардағы Қазақстанның тарихына тиесілі біртұтас, көркем бейнелі, моральдық-психологиялық, тарихи-ождандық құжат».
Көрнекті қоғам қайраткері, еңбек сіңірген сәулетші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Шота Уәлихановтың 80 жылдық мерейтойы құрметіне таяуда Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайында сол еңбектің тұсаукесері әрі тұлғаның тұтас өмірі мен шығармашылығын қамтитын фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.
Шәкір ЫБЫРАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ өнері мен мәдениетінде мемлекеттік маңызы бар ғимараттар мен қазақтың ең бір бедерлі кезеңдерін қамтитын монументтер, еңселі ескерткіштер жасаудың ең қадірлі төрінде осы Шота Уәлиханов ағамыз тұр. Бір ғана Елтаңбамыздың авторы деген атының өзі қандай мәртебелі құрметке лайық! Жалпы, ол кісінің шығармашылығына тән ең басты ерекшелік – ХХІ ғасырдың сәулет өнерінің қыр-сырын да меңгерген, сондай-ақ ұлттық бояуды да еш уақытта ұмытқан емес. Бүгінгі мерейтойға таңғаларлық табыспен жеткен Шота Ыдырысұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеден тұтас ұлттың тарихын көрмеу мүмкін емес.
Айта кетерлік тағы бір жайт, көрмемен қатар мерейтой қарсаңында «Атамұра» корпорациясы «Шота Уәлиханов» атты кітабын шығарды. Орысша, қазақша және ағылшынша үш тілдегі кітапты құрастырған әрі дизайнын жасаған – өз немересі Гауһар. Кітаптың алғашқы бөлімі бала Шотаның туылу тарихы мен шежіресі болса, екінші бөлімінде жас Шотаның студенттік дәурені, зайыбы Зинаидамен танысу кезін қамтиды, үшінші бөлімі шығармашылығына арналады. Төртінші және бесінші бөлімінде қайраткер тұлғаның өмірі, ортасы қамтылады. Барлығы да фотосуретпен көмкеріліп отырған.
Рақымғали Құл-МҰХАММЕД, «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Шота Уәлиханов – бір қызығы, тек сәулетші ғана емес, суретші, ақын, тіпті аудармашы да, жалпы, қазақта қандай өнер болса, ешқайсысынан құр алақан қалмаған ерекше жан. Күллі қазаққа еңбегі сіңген асқар таудай ағамызға тамшыдай болсын інілік ілтипатымызды көрсетейік деген ойдың жемісі – осы кітап. Расында, Шота еңбектері – Алаш баласы үшін атаның мұрасы. Қазақта «Күш – білімде, білім – кітапта», «Мұхит басы – бұлақ, білім басы – кітап» деген сөз бар. Сондықтан әр адам өз ғұмырын саралап, осындай мерейтойында бір-бір кітап шығарса, артық болмайды. Себебі ас ішіледі, киім тозады, ал білім мен кітап кейінгіге мұра болып қала бермек. Бүгінгі мерейтойдың ең басты ерекшелігі осы кітаптың шығуында деп ойлаймын.
Қырым АЛТЫНБЕКОВ, реставратор, «Құрмет» орденінің иегері:
– Шота ағамызды қазақ халқының маңдайына біткен ұлы перзент деп айтуымызға әбден болады. Бұл оның қолымен жасаған әрбір туындысынан көрініп тұр. Халқының бүкіл ішкі болмысын түсініп, арғы-бергі тарихын түгел біліп, соған қарап өз образын жасаған Шота ағамыз – сонымен қатар сол ісінің нәтижесін осыншалық жасында халқымен бірге көріп отырған бақытты жан. Себебі ол – екінің біріне беріле бермейтін бақыт.
Шоқанның арманын арқалап...
Шота ағамыздың сәулет өнерімен ғана шектелмейтінін жұрт жақсы біледі. Ұлы сәулеткерлігі өз алдына, ол – соншалық шебер суретші, сондай-ақ ақын әрі драматург те. Шота Ыдырысұлының қазақ халқы тарихындағы тоталитарлық кезеңнің қанды беттерін қамтитын «Жазықсыз төгілген қан», сонымен қатар бабасы Шоқан жайлы бір емес, «Шоқанның анты» (1985), «Шоқанның жарық түндері» (1986) атты бірнеше пьесасы бар. Алматы қаласында Ғалымдар үйінің алдында ойланып тұрған Шоқан бейнесі де – Шота сынды ұрпағының қолтаңбасы. Шоқан жайлы Олжас Сүлейменов: «Ол келешектің адамы еді, өткенде өмір сүрді...» деп жазса, Шота сол Шоқан бабасының жете алмай кеткен арманы мен қиялын ұрпағына жалғап, бүгінге жеткізуші десе әбден болғандай.