Этнограф ғалым, фольклортанушы, географ, этнолог, ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы өз халқымен ана тілінде табысты.
Биылғы қараша айында ұлы ғалымның туғанына 175 жыл толады. Редакциялық кеңес құрамы белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінен тұратын шығармашылық топ Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын қазақ тіліне аударумен үш жылдай айналысқан. Негізі, Шоқан Уәлиханов мұрасын халқымызға жеткізуге академик Әлкей Марғұлан көп күш жұмсаған. Сөйтіп, 11 жылдық қажырлы еңбек пен терең ізденістің арқасында ғалымның шығармалар жинағының бес томы жарық көрген. 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына орай, бес томдық толықтырылып, қайта басылған. Қазақ тіліндегі көптомдық сол басылымдар негізінде дайындалды. Шығармалар жинағының жауапты редакторы, академик Болат Көмековтің айтуынша, Шоқан Уәлихановтың қолын санаулы адамдар ғана оқып білген. Өйткені ғалым көптеген сөздерді қысқартып немесе жұмбақтап жазған. Сондықтан оны түсіну үшін үлкен ыждаһаттылық пен жауапкершілік қажет болды. Ғылыми айналымда түпнұсқаға ешқандай өзгерту жасауға болмайтындықтан, өзіндік элементтері мейлінше сақталып, түсініктемелер мен ескертпелерге ғана біраз өзгерістер енгізілген.
Үш мың данамен басылған кітап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көріп отыр.