Шевченконың еңбектері қараусыз қалып барады
100-ден астам картинаның авторы Александр Шевченко көзі тірі болса, биыл сексеннің екеуіне келер еді.
Есімі елге танылған қылқалам шеберінің картиналары бүгінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Германия, Франция сынды елдердің мұражайларына көрік беруде. Бірақ атақты суретшінің туындыларына туған қаласы жанашырлық танытпай отыр. Биыл дарынды суретшінің өмірден озғанына алты жыл толды. Өзі өлсе де, артына өшпес мұра қалдырған Александр Шевченконың суреттері бүгінде оның ұлы Владимирдің үйінде сақтаулы тұр. Владимир Шевченко: «Әкем Украинада туғанмен, оның қызықты да қиындыққа толы өмірі осы елде өтті. Негізі суретшінің 700-ден астам туындысы болған. Қазір соның 100-ден астамы ғана қалды. Уақыт өткен сайын картиналардың біраз бөлігі ескіріп, тозығы жетті. Бұған басты себеп – картиналарды сақтайтын қолайлы жердің болмағандығы», – дейді. Қазіргі қолда бар туындылар түрлі тақырыптарға арналған. Мәселен, оның арасынан пейзаждар, натюрморттар, Абай, Шәкәрім, Мұхтарға арналған суреттерін көріп, таңырқауға болады.
Шебердің полигонға арналған туындылары көпшілікке танымал. Соның 41-і ғана қазір қалған екен. Көзі тірісінде еңбектерінің біразын сыйға берген. Тіпті басқа қалалардағы мұражайлардан да сұраныстар келіп түсіпті. Ал Семейде мұндай картиналар ешкімге керексіз болып тұр. Суретші өмірден өткеннен кейін баласы Владимир картиналардың біраз бөлігіне ілетін жер тапқан. Солардың 22-сі биыл 6-қатарынан көзі нашар көретін балаларға арналған интернаттың қабырғасына сән беріп тұр. 100-ден астам картинаны үйінің балалар бөлмесіне нығыздап қойған Владимир: «Аядай бөлмеде қаншама туындыны шаң басып жатыр. Күн өткен сайын картиналар ескіріп, сыры мен сымбатынан айырылып барады. Қалада осындай құнды дүниелерді жайғастыруға алақандай жер табылмағаны қынжылтады. Шаһардағы Невзоров, Достоевский, Өлкетану мұражайларына қылқалам иесінің туындыларын сақтауға ниет білдіріп едім, олардың барлығы бірауыздан қарсылық білдіріп, бас тартты. Тірі адамды тірі кезінде бағаламасақ та, аруағы үшін сыйласақ не кетеді екен. Тіпті, мен бірде қалаға Олжас Сүлейменов келгенде ол кісімен кездесіп, картиналар жайлы баяндап бердім. Содан әлі күнге үмітімді үзбей, жауап күтудемін», деп баласы налып отыр. Александр Шевченконың ең көлемді туындысы 2,5 метр ұзындықта жасалған. Владимирдің ойы – тым құрымағанда осы картинаны мұражайлардың біріне табыстау. Оған сұраныс келіп түскенше, картиналардың тозығы шығып, жарамсыз күй кешпесе жарар еді.