Шешендік сөздер

Шешендік сөздер

Алдар би
Ойыл өзенінің Тайсойған құмымен қауышар тұсынан Жарыпшыққан өзені бөлінеді. Қалың құмды қақ жарып, жыланша ирелеңдеп алдыңнан кесе-көлденең қайта-қайта шыға беретін сол қасиетті Жарыпшыққанның бастау арнасының күнбатыс бетін, Ойылдың төменгі сағасының күнгей жағын алып жатқан бұйрат құмды алқапты ежелден Алдар ауылы мекендеген. Алдар болғанда, бұл – кәдімгі қазақтың қара қылды қақ жарған, аты аңызға айналған атақты билерінің бірі – Алдар Ерназарұлының, оның ұрпағының атақонысы.

Қай кезде де өзінің көсемдігімен, көрегендігімен, батырлығымен, әділдігімен ел назарына іліккен тұлғалардың есімі тарих төрінен бекем орын алып отырған. Оның үстіне Жоңғар шапқыншылығын тойтаруда ерен ерлігімен көзге түскен қазақ әскерінің бас қолбасшысы, Кіші жүздің ханы Әбілхайырмен дос болған, сондай-ақ айтулы шешен, беделі асқан би, ХVIII ғасырдың бірінші жартысындағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, бірегей батыр Сырымның өзі санасып, ақыл сұраған Алдар би болса, шоқтығы тіптен биіктеп, аруағы, сірә, аспандай түспей ме?! Алдар би ауылы іргелес Сырымды ерте бастан-ақ сынап, одан үлкен үміт күтіп, бағыт-бағдар сілтеп отырған. Бірде Сырым батыр қасында бір жолдасы бар Алдар бидің ауылына келіп, биге сәлем беріп:
– Би аға, сіз мені сынап көріп, қандай адам болатынымды болжап берсеңіз екен, – деген өзінің бұйымтайын айтады. Алдар би болса:
– Жақсы. Үш күннен кейін кел. Қасыңдағы жолдасыңды қалдырып кет, – деп өзін қайтарып жібереді. Би үш күн бойы Сырымның жолдасын сөз арқылы да, іс арқылы да сынап, жігітке көңілі толып, әбден риза болған көрінеді. Айтқан үш күні өткенде Сырым келіп:
– Би аға, мен келдім, ал сынап көріңіз, – демей ме, сонда Алдар би:
– Иә, Сырым, сені сынап көрдім, жаман адам болмайсың, – дейді. Мына сөзіне аң-таң болған Сырым:
– Әлі сынаған жоқсыз ғой, оны қайдан білдіңіз? – деп сұрапты биге тесіле қарап.
– Жөн-ақ! «Жігітті жолдасына қарап сына», деген бар емес пе, – деп би алдындағы Сырымға жылы жүз тастапты. – Қасыңдағы бірге жүрген жолдасыңды сынадым, оған риза болдым. Жақсы жігіт жаман адаммен жолдас болмайды.
Алдар би сөзді осылай қысқа қайырған. Айтқаны келіп, кейін Сырым бүкіл иісі қазаққа ғана емес, түркі дүниесіне, алыс-жақынға белгілі атақты би, сөз баптаған шешен, қол бастаған батыр болып, аты-жөні тарихқа мәңгілік еніп, хатталған ірі тұлға болады. Оған дәлел болып ертедегі арқалы ақындардан да талай сөз қалған. Ақпа ақын Мұрат Мөңкеұлы Орынбор шаһарында оқыған білікті азамат Дәулетүмбет Машақұлына арнап 1879 жылы Маңғыстаудан жіберген жыр жолдауында:
…Ерназар — Беріш құтпаны,
атаң Алдар,
Белгісі қас жақсының
халқын қамдар.
Дос болған атаңменен Әбілхайыр,
Әуелде беріште озған
бір белгің бар.
Асылдың азбай жүрген
бір тұқымы едің,
Шырағым, алдамас деп
үмітім бар, –
деп арғы атасы Ерназармен қатар атасы Алдарға да жоғары баға береді. Оның Әбілхайыр ханмен дос болғанын ерекшелеп атап көрсетеді. Шындығында, солай. Алдар – небір масқаралар жүгінген, атағы алысқа тараған би, төрелердің өздері тоқтап, жөн сұраған дана адам. Қазақтың белгілі ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нысанбек Төреқұлов өзінің «Билер сөзі – ақылдың көзі» деген кітабында «Алдар» атты тақырыппен жазған шағын еңбегінде: «…Алдар аса ақылды, сөзге ділмәр болады. Оның алдынан ешбір дау мен ел мәселесі шешімін таппай өтпеген. Ол төңіректегінің бәрі ақыл, жөн-жосық сұрап, соның алдынан тарайды екен. Кіші жүздің елінде ол кезде Бекет, Сырым тәрізді асқан дарынды шешен, би-батырлар болғаны белгілі ғой. Тіптен сол Сырым шешеннің өзі Алдар бидің алғырлық, ақылдылығы мен шешендігін құрметтеп, оның алдын кесіп өтпеген» (Алматы, «Қазақстан», 1996 ж., 48-бет) деп баға берген. Шежіреші әкесі Ыбыраштан естігендерін, оның жазып қалдырған артындағы жазба деректерін тірілтіп, бүгінге жеткізген жазушы-драматург Берік Қорқытов та «Атыраудың билері мен батырлары» атты кітабында «Тарихқа, ел аузындағы әңгіме, шежіреге сүйенсек, Сырым екі адамға ғана жүгінген. Оның бірі – Алдар, екіншісі – Малайсары», (Алматы, «Өлке», 1992 ж., 17-бет.) деп нақтылай түседі. Басқа да ғылыми-танымдық еңбектерде де Алдар би туралы айтылғанда бұл байлам айтылмай қалмайды. Сол кездегі қазақ ауылдарында мұрағатқа деректер, мәліметтер тапсыру үрдісі қалыптаспағандықтан ба, әлде дәстүрге енбегендіктен бе – мұрағаттарда Алдар би туралы жоққа тән. Қазақстанның батыс өңіріне қатысты тарихи жағдайларды кеңінен зерттеуші, қол жеткен жерлердегі барлық мұрағаттарды қоймай ақтарған ізденімпаз ғалым, Махамбет атындағы Орал мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтаровтан:
– Мұрағаттардан Алдар би жайлы деректер ұшыратқан жоқсыз ба? – деп сұрағанымда ол:
– Тек бір ғана жерде аты кездесті, – деген болатын. Осы дерек оның «Азаттық таңы жолында» (Қазақстанның батыс өңірі: XVIII ғасырдың екінші жартысы және XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар) атты кітабына енгізілді. Онда «Ханның қалмақ әйелінен туған баласы Егізғали Айшуақ сұлтанға құпия түрде капрал Сазонов арқылы хат жолдады. Хатта «Беріштер ауылын ресейліктер талқандады. Соның ішінде Жайық руынан Алдар, Тілекке бағынатын 11 ауыл, 1000 аса әйел, балалар тұтқынға түсті, 6000 жылқы, 150 түйе қуып әкетілді. Тездетіп өз қазақтарыңызбен көшіңіз» делінген. Осы хаттың көшірмесімен танысқан әкімшілік хан баласын тұтқындау туралы шешім шығарды» (Алматы, «Ғылым», 2001 ж., 258-бет) деген жолдар бар. ОрОММ 5., 1 т., 15 іс, 284, 290 папкаларға түскен бұл дерек те, арада капрал Сазонов болмаса, бізге жетпесі кәміл. Мұндағы Тілекке деген – қате. Дұрысы Тілекеге болуы керек. Ол Алдардың алты баласының бірі Тілеке. Осы мұрағат дерегі-ақ Алдардың, оның төңірегінің орыс билеушілерімен арақатынастарының қалай шиеленісті болғандығын айқындап тұрғандай.
Шын мәнінде, оны бұрынғы айтулы ақындар да өздерінің жыр-тол-ғауларында дәріптеп, шынайы бағаларын беріп кеткен. Ақын Шынияз Шанайұлының «Жаңа низам» атты толғауында:
… Хан болған одан кейін
Нұралы еді,
Төренің «Арқар» деген ұраны еді.
Хан ауылын Сырым шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді… – делінуі тарихи шындықпен қабысып жатыр. Бізге жеткен шежіре, деректерге қарағанда Сырым Датұлы 1783 жылы Нұралы ханның ордасын шабады. Осы әрекетке барар алдында өзі ардақ тұтатын Алдар биге жолығып: «Ханның құны бола ма?» – деп сұрайды. Сонда би: «Ханның құны мың ақ бас нар, болмаса екі сандық жібек», – деп әрі қарай ашыла қоймапты. Оған қанағаттанбай, бұл сөзде бір гәп бар екенін, бүкпе жатқанын ұғынған Сырым қысқа күнде Алдарға үш қайтара қолқа салады. Түптеп келгенде аға би тұспалдауын туралауға аударып: «Ханда құн болмайды, жібекте күл болмайды», – деген көрінеді. Мұны көкейге тоқыған Сырым: «Мен сонда ханды шабуым керек пе?» – деп тағы сауал тастайды. Алдар болса: «Егер шапсаң, тек бет қаратпай шап, ешкімнен тайсалма, өйтпесең, хан баласы – қабанды, қайта шапса – жаманды, күш алып кетсе, өзіңді құртады», – деген кеңес береді. Өкінішке қарай, ханның басын жеке өзі шабуға оқталғанда Сырымның туған қарындасы, Нұралының әйелі Ақлима ара түсіп, сауға сұраған деседі. Осы бір ұтырлы сәтті пайдаланған Нұралы қашып құтылып, кейін Уфада дүниеден озыпты. Соңынан Сырым опынып: «Алдардың айтқан өсиетін түгел орындамадым», – депті.
Тағы бір деректе, атап айтқанда, қаламы ұшқыр журналист Әбуғали Ғабдуллин өзінің «Саржала» атты кітабында ауыздан-ауызға көшіп, қазірге жеткен мынадай көне шежіреге кезек береді: «Отаршылық қысымы мен хан артықшылығына төзе алмаған Сырым Алдар биге барып, ақыл сұрайды. Бұл бидің жасы ұлғайған шағы екен. Сол замандағы беріштің биі әрі батыры Саржалаға барып, жолығуға кеңес береді. Сонда Сырым Саржаламен арадағы салқындықтың барын айтқан ғой. Сол салқындықтың жайынан хабардар ақылгөй қария ханға қарсы аттану үшін қара қазақтың аузы бір болмақ дегенді меңзеген ғой.
– Екеуіңнің араңдағы – ағайын арасындағы өкпе-наз. Сенің жауың Саржалаға да – жау, елдің жауы, – деген екен Алдар. Бұл ақылды қабыл алған Сырым Саржалаға беделді ақсақалдарды жұмсаған.
Сонда Саржала:
– Тайы құнан шықсын, құнаны дөнен шықсын, содан кейін келсін, – деген екен. Патшаға, ханға қарсы көтерілуге ел даяр емес. «Асығыс іс қылып, аранға қарсы шабудың жөні жоқ» дегенді меңзейді. Кейін Сырым бастаған қозғалыста Саржала қол бастаушылардың бірі болған» (Атырау, 1995 ж., 13-бет.).
Осы әңгіменің екінші бір нұсқасын шежіре шертудің шебері, Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерінде болған Есенгелді Нұршаевтің аузынан естіп едім. Онда Саржалаға Сырымның өзі әкесі Даттың зиратын бұздыруға байланысты араларындағы дүрдараздыққа қарамастан, аяқтай барыпты делінетін. Қалай болғанда да қос батыр ел мүддесі үшін арадағы салқындықты былай ысырып қойып, татуласуды жол көрген емес пе?!
Нұралы ханның ауылын шапқаннан соң төрт жыл өткенде, 1787 жылғы наурыздың 27-інде Сырым Датұлы бастаған көтерілісшілер шоғыры Есім ханның жанын алған. Батырдың ерлігіне сүйсінген Алдар би оны қарсы алып тұрып:
Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың,
Жоқтан бар болдың,
Көнеден дәурен озды,
Көлдей қамқа тозды,
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды, – деп қиыннан қиысқан астарлы сөзбен тақпақтата төкпектетіпті. Сол кезде Сырым кідірместен:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам,
Атам жараған болар.
Көнеден дәурен озса,
Жасы жеткен болар.
Көлдей қамқа тозса,
Дәурені өткен болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Еркелігі болар, –
деп Алдар бидің аталық мадақтау лебізін жеке бір өзіне айтылғандай қабылдамай, баршаға ортақ мән-мағына беріп, өзіне тән билік пайымдау жасап, жауап қатады.
Міне, осындай хан да, қара да, би де, батыр да санасқан, сыйласқан Алдар би ру жағынан алғанда Беріштің Жайық бөліміне жатады. Жайықтан – Дәулет, одан – Тумаш, одан Ерназар болып жалғасады. Осы Ерназардың Алдар, Абдан, Көшім, Мәнтей деген төрт баласы болған. Көнекөз қариялар – тайсойғандық 108 жас жасаған шежіре қарт Жәлеке Зұлқанұлының, сондай-ақ қарабаулық Шыңғыс Көжекұлының, миялылық Мұқанбет Қожахмет баласының, индерлік тарихшы Рахметжан Шахметұлының, атыраулық шежіреші Ғиният Жұмашевтің, жазушы-драматург Берік Қорқытовтың бізге әр кезеңде кездескендерінде айтуларына қарағанда, Алдар би Ерназарұлы ХVІІІ ғасырдың бастапқы тұсында – 1702-1703 жылдардың бірінде туған, шамамен 90-ға жуық жас жасап, ғасыр тоғысына таман қайтыс болыпты. Сонда оның 1693-1748 жылдары өмір сүрген Әбілхайыр ханмен замандас, 1735-1802 жылдары пәни дүниені дүбірлеткен Сырыммен үзеңгілес болуы қисынды-ақ.
Алдар бидің кіндік қаны тамған жері – Тайсойған құмы, қазіргі өзінің ұрпағы мекендеген бұрынғы Халел Досмұхамедұлы атындағы асылтұқымды қаракөл қой зауытының, қазіргі Ойыл ауылдық аймағына қарасты «Жасқайрат» акционерлік қоғамының ізінде. Бейіті де сол атақонысындағы Сорқуыс қауымында делінеді. Онда қазақ жерінің батыс өңірін түгел қамтыған XIX ғасырдың бірінші жартысында өткен ең үлкен ұлт-азаттық көтерілістің жыр баянын бас бұрғызбастай нақты деректерге сүйеніп, көркемдік деңгейін жоғары етіп жазған бірегей ақпа ақын Ығылман Шөрекұлының мәңгілікке жамбасы тиген орынның төменгі жағында өңін жоймай, тік тұрған бірнеше көне құлпытас бар. Ескіше жазған жазулары да өшпеген, ап-айқын. Тек танып, айырып оқитын адам керек. Солардың бірі – Алдар би Ерназарұлынікі көрінеді. Біреулер, керісінше, «оның мүрдесі Жем өзенінің орта сағасында, Бақашы көлінің жағасындағы қауымда жатыр» деген жорамал жасайды. Бұл, сірә, әкесі Ерназар мен немере ағасы Сейіттің сол жерде жерленуімен байланыстырыла айтылған болуы мүмкін. Нақтылау – борышымыз.
Қаршадайынан ауызға ілігіп, зерек болып өскен Алдар он жастан асқаннан бастап, билікке араласыпты. Бала күнімізде ауыл ақсақалы Тұралы Ниязалыұлы «Алдардың әкесі Ерназар басына қыдыр қонған, әулиелігі мол кісі екен. Бірде қатты сырқаттанып жүрген оған інісі Сейіт: «Жаман айтпай жақсы жоқ, сізге қашан уақыт болады?» – деп сұрағанда, ол: «Алда «қақама» деген қыс келеді. Сол жылы қаңтардың 29-ы күні бақи дүниеге озамын. Қиын шақ туады. Сонда «Сейіт ағасын қоя алмай жатыр» деген жұрт күлкісіне қалмассың»,– деп ескертіпті. Құдай аузына салды ма, әлде әулиелігі ме – Ерназар дәл айтқан күнінде мәңгілікке көз жұмыпты. Көз көрсетпес ақ түтек, адуын боранды, қақаған қыста жер қазу қиынға соғып, амалын таба алмай сасқанда Сейіт халықтан ақыл сұраған. Сонда әркім әрқилы ұсыныстар айтып, жөн таба алмай сасқалақтап, дағдарғандарында ауыл ақсақалдарының аяқ жағын ала төменде отырған 13-14 жастағы бала Алдар орнынан көтеріліп, тізерлеп отырып дат сұраған.
– Рұқсат берсеңіздер ақыл қосайын, – деген екен. Сонда бәрі ошарыла балаға қарайды. Отырғандардың жасы үлкені бас изеп, келісім бергенде ол тайсалмай билік сөзін айтқан. Алдар:
– Әкемді жерлейтін Бақашы көлінің жағасына он екі қанат киіз үй тігіңіздер, ортасына отындық қуаты мол, қызуы күшті сексеуіл, тобылғы, жыңғыл жағып, қоз жасаңыздар, жер тоңы жібігесін күлді аршып, астын қазыңыздар. Осылайша бірнеше рет қайталасаңыздар, әкеміздің мәңгілік жатар орны әзір болады, – деген екен. Оған қарсы үлкендіктерін бұлдап, келіспеушілік сөз айтқан ешкім болмапты. Сөйтіп, қаршадай бала ақылды айла тапқан. Ерназар қартты жер қойнына тапсырып келген қаралы жиынға қатынасушылар Алдардың тапқырлығына дән риза болып «түптің түбінде айтулы азамат болар» деп тарасыпты», деп отыратын. Осыдан бастап әуелде не айтса да еленбей жүрген Алдардың аты ел аузына ілігіпті. Сәті түсіп кездескенімізде осы әңгімені индерлік Рахметжан Шахметұлы да өңін өзгертпей қайталап айтып берді.
Иә, кейін билік басында болуымен де, Жоңғар жәуміттеріне, орыс озбырларына қарсы ұрыстарға қатысқан ерліктерімен де Алдар көптің назарынан түспеген, артында сөзі қалған зиялы тұлға, өз заманының ең алдыңғы ілектегі қайраткері, кемеңгері. Ақын, жазушы Жәрдем Тілеков «Сырым батыр» дастанында:
Жай оғындай сөз айтқан,
Тәңірі шешен жаратқан,
Жеті баулы Берішті
Өз аузына қаратқан.
Ақылдың кені Алдар бар,
Оның айтқан сөзінің,
Қай жерінде жалған бар? –
деп Алдар биге тамаша баға беріп сипаттаған, үйлесімді дәріптеген. Сонымен қатар, қазақтың айтулы сөз сүлейі Мұрат Мөңкеұлының Жылқышымен айтысқанында:
Бір ауыз ақын болсаң, сөз сұрайын,
Сол күнде хан еншісін кімнен алған.
Білмесең ақылсыз құл үйретейін,
Алдардан енші алыпты Нұралы хан, –
деуі ақиқат ауылынан қашық емес. Сөзі өтімді, ортасына ықпалды, үлкен ой иесі Алдар Ерназарұлының алыс-жақынға, жетім-жесірге қамқорлығы ұшан-теңіз мол болыпты. «Жақынды жаралама, алысты қаралама» деген терең мағыналы билік сөзінің өзі неге тұрады?! Бірлікке, бауырластыққа жетелейтін ұлағатты тұжырым. Өкінішке қарай, небір шаршы топтарда дүйім жұртты аузына қаратқан, талай дау-жанжалдардың түйінін өзінің тапқырлығымен, шешендігімен шешкен, еріскендерді мәмілеге келтірген оның сол төрелік, нақыл сөздері бүгінгі дәуірге тұтастай жетпеген. Жеткені – негізінен алғанда, Сырымға қатыстылары ғана. Оның да шет жағасы. Алдар бидің өзінің кезінде әкесінің тапсыруымен Махамбет ақынның атасы Құлмәліні тәрбиелеуге, өрелі азамат етуге ықпалы тиіпті. Алдар биден бастау алған өнегелі өріс бертін келе қанатын жая түспесе, тарылмапты. Алдар бидің кейінгі ұрпақтарының бірі, тайсойғандық Зімбіл ақын Тегенбайұлы:
Арғы бір атам – бай Байнақ,
Мыңдап жылқы айдаған.
Бергі бір атам – би Машақ,
Бұлбұлдай топта сайраған, –
деп айтқанындай билік сабақтастығы оның ұрпақтары Байнақ, Машақ, Мақаш, Сиқыт, Шәріптерге ұласқан. Осы айтылғандардың ішіндегі Байнақ ақын Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында:
Жөн сілтеген сасқанда,
Айтуар, Есет айтулы,
Қоңыр мен Байнақ жорға бар.
Ер басына күн туса,
Қашқаным барып қорғалар…
немесе:
…Ерлерді қуып адасып,
Жемнен шыққан дұшпаны:
– Соларды көрсең ұста! – деп,
Қазақты айдап қысқаны.
Білдірмей іштен болысып,
Адастырған төрені
Айтуар, Байнақ, би Қоңыр –
Беріштің басшы үш жаны, – дегендеріндегі Байнақ – басын қатерге тігіп, өздерін сағалап келген Исатай-Махамбет тобының қайда екенін жасырып, оларды іздеушілерді теріс бағытқа сілтеп, адастыратын Байнақ.
Орысша білімді шөбересі Төремұрат Тайсойғанда болыс болып, 1894 жылы екінші Николай патшаның таққа отыру салтанатына қатысу құрметіне ие болған. Ол кезең үшін екінің бірінің уысына түспейтін жоғары дәреже, тіпті миллионнан бірдің майдайына жазылған бақыт. Одан соңғы Көпжасар, Жұлдыздар да – өз дәуірінің ел басқарған біліктілері. Ал Жұмағұл, Жанайыстар болыс болған. Алдар ауылынан Ығылман Шөрекұлы, Зімбіл Тегенбайұлы сынды ақжарма ақындар, Қисық Зұлқанұлы, Әлдеш Жәлекеұлы тәрізді төкпе домбырашы-сазгерлер, Халел Досмұхамедұлындай ғұлама ғалым, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері, Бимұқан Машақұлындай Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген зоотехник, Ғұбайдолла Шәріпұлындай ғылым докторы, Төле, Қарашаш Халел балаларындай ғылым кандидаттары, Марат Әділханұлындай атақты кәсіпкер, Мәлік Сүлейменовтей қазаққа аты мәшһүр, жауырыны жер иіскемей бірнеше дүркін ел чемпионы болған палуан шықты. Оның ағасы Құрылыстың баласы Олжас Сүлейменов те – ел назарынан түспеген бармағынан күй сорғалаған домбырашы. Халелдің Рабиға деген қызынан туған жиені Дина Әбдірахимова Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру министрі болып қызмет істеді.
Бір қызығы, Алдар әулеті, оған жақын-жуықтар 1801 жылдан бастап патша рұқсатымен көшкен қалың елмен бірге Жайық өзенінен өтіп, Нарын құмының Толыбай аумағына қоныстанған. Оның дәлеліндей Индер ауданының Толыбай құмында «Жұлдыз», «Дәрі», «Шала», «Монданақ» делініп, Алдар ұрпақтарының аттарымен аталған жер атаулары күні бүгінге дейін ұмытылмай сақталған. Алайда Жайық бойын орыстар иемденіп, ығыстырғаннан соң қазақ ішіндегі олардың жандайшаптарымен келісе алмай, 1876 жылы Тайсойған құмындағы атамекеніне қайта көшіп келген. Ол дерек Алдар тұқымына жиен, көргені мен естігені жетерлік, көзі ашық, көкірегі ояу Сарман Ғапурин қарттың соңында жазып қалдырған дәптерінен алынды. Ол дәптерді сұратуымыз бойынша бізге тапсырған – немересі, белгілі кәсіпкер Мұратай Сатыбалдыұлы. Алдар бидің қазіргі ұрпақтарының ішінде де, айта берсе, жасындай жарқылдаған өрендер, көш бастаған ақберендер баршылық. Сағасын үзбеген арналы өнеге деп осындайды айтуға болар. Екі ғасыр артта қалса да, есімін ел ұмытпаған даналық сөздері келер дәуірге қадам жасаған, жасай беретін Алдар би – баянды, бақытты тұлға.

Құнанбай қажы Өскенбайұлы 
Жиренше шешен (туылған-өлген жылы белгісіз)
Махамбет Өтемісүлы 1804 жылы осы күнгі Орал облысының Орда ауданында
Қожаберген жырау шығармашылығындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай
Базар жырау (1841-1911). 
Сартай Көшкіншіұлы жырау.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңы
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста