Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді..
Мөңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін көш алдында келе жатып еру ауылдың жанында асық ойнап жүрген бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітіп алады. Оған бай ашуланып әлгі баланы қуа жөнеледі. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкігені сол-ақ екен байдың басындағы бөркі жерге түседі. Байтал одан бетер тулап байды жығып кеткенде бай бақилық болады. Сонан кейін байдың тумалары мен елінің игі жақсылары жиналып келіп балалардың елінен құн сұрайды. Екі ел келісе алмай кеңес бірнеше күнге созылады. Мөңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке Мөңке бала былай депті: “Иә, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер мен тез бітірер едім”, – депті. Көпшілік баланың ықыласына риза болып бір ауыздан: “Билікті бердік”, ал айта ғой, – десіпті. Сонда Мөңке бала былай депті: “Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек төртеу. Меніңше сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын”, – депті. Сонда Мөңке бала: “Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек. Мінеки, осы төртеу құнды бөліп төлейтін болсын”, – депті. Осы билікке екі жақ та разы болып, балалардың ауылы құнның төрт бөлегінің бірі – жиырма бес жылқы төлеп құтылыпты. Мөңке баланың би болуына осы билік басты себеп болыпты.
ЖЕТЕСТІҢ КӘРІЛІК ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ
Қара кісі руының Жағал деген бір азаматы жасы сексенге келіп қартайып отырған кіші жүз Жақайым Жетес бимен әңгіме үстінде:
- Иә, Жетеке, сіз сексенге келдіңіз, әрбір он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз? – деген екен.
Сонда Жетес сәл ойланып:
- Е, қарағым – ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым; жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған шүйілдім; отызға келдім: Қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым; қырыққа жеттім: арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым. Елуге келдім: биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс қай жағы жақын екенін біле алмадым; алпысқа жеттім: алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдырысқа ұшырадым. Жетпіске келдім: жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім; тап осы күні сексендемін: алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым – су, оң жағым – от; қалай қарай қозғалсам да, маған тірлік емес – ау! - деген екен.