«Шерхантану» сыр шертеді
Талай талаптының тұсауын кесіп, түлетіп ұшырған Тараз топырағы талантқа кенде емес. Олардың бірқатары өзінің қара жаяу еместігін, қарадан озған дара екенін әлдеқашан-ақ дәлелдеп үлгерген. Мойындатып үлгерген. Солардың бірі, сөзі ірі – Шерхан Мұртаза.
Қара сөзден қаймақ айырып, қалың қазаққа аты мәшһүр болған сөз сүлейі бүгінде туған топырағы Таразда тұрып жатыр. Оның шығармаларын оқырман қауымға санамалап жату артықтық болар. Қазақ әдебиетіне қосқан үлесінің өзі бір асқаралы шың болатын жазушыға деген құрметтің үлкені оның еңбектерін зерттеу. Осындай мақсатпен жуырда Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Алға қойған мақсаты да ауқымды. Танымал әдебиет зерттеушілері мен жазушыларды ортақтастыра отырып жазушының шығармашылығын зерттеуге мұрындық болу. Бұл орталық университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен құрылды. Оған профессор Асқар Абдуалы мұрындық болды. Тараздықтардың талантты жерлестеріне деген мұндай құрметіне ыстық ықыласын білдірушілер тіптен көп. Туған топырағына қоныстанып, ұлт туралы, тіл туралы бұрқыратып жатқан Шерағаңның публицистикалық ой толғамдарының өзі бір төбе. Оның өзі үлкен бір тарауға жүк боларлық дүние. Өмірі мен шығармашылығы да оқырман қауымды бейжай қалдырмасы анық. Оның бәрі де терең зерттеуді қажет етеді. Ол үшін жазушымен терең байланыс орнатылған. Жазушы өз ықтиярымен архивінің біраз бөлігін ғылыми орталыққа тапсырды. Алдағы уақытта оны мемлекеттік мұрағатқа өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өсиетке жорға Шерағаңның шығармашылығындағы бұл арнаны да терең талдау күтіп тұр. Қалың қазақтың кержақ ойын күзеп, тілін түзеуге барын салып жүрген жазушыға мұндай құрмет бұдан әлдеқашан-ақ бұрын қолға алынуы тиіс еді. Ештен кеш жақсы.