Серілік пен шеберлік үйлесімі
Киіз үйдің кішірейтілген бейнесі (макеті). Ағаш сүйегі – талдан жасалған. Бұл бейне 1973 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің экспонатына алынған.
Солдан оңға қарай: Т.Досмағанбетов – мүсінші, Арғынғазы Қайсаханов – Семей облыстық кеңесі төрағасының орынбасары, Әнуар Әлімжанов – жазушы, Ырымхан Ғабдуллин – Абай аудандық кеңесінің төрағасы.
Халқымызда «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген түсінік бар. Мұның қиял емес, орынды талап екенін ортамыздағы жетпістің бесеуінен асқан қария Арғынбек ақсақалдың өмірінен, өнерінен көруге болады.
Ақышұлы Арғынбек – Мотыштың Ақшиі атанатын түйе бойламайтын ту шиінің басынан бал тамған Шаған өзенінің түлегі. Бұл Саржал елі – шаңырақ көтеріліп, өмірге ұрпақ келіп, баланың тұсауы кесіліп, наурыз туып, соқа жығылып, орақ жиналса да, өмірінің әр сәтін той етіп тойлауды дәстүр еткен, өмірдің таршылығы мен тапшылығын ынтымақты берекемен жеңуді мақсұт еткен жұрт.
Арғынбек – әкесі Ақыштан бәйге ат баптап, ит жүгіртіп, құс салуды, із кесіп, тұзақ, қақпан құрып, аңшылық өнерді меңгерген адам. Талдан бұрап бесік, шана жасап, қайыңның безінен ер қосып, киіз үйдің сүйегін басып, оны жосамен бояудың да шебері. Зергерлік өнермен бірге сүйекпен, мүйізбен үй жиһазын, мүлік-мүкәммалды әшекейлеуді, ер-тұрманды өрнектеуді Шимай атадан үйренген. Анасы Дәмежан Исақызы сияқты он саусағынан өнер тамған апа, жеңгелерінен үй тұрмысына қажетті арқан, жіп есіп, ши тартып, орап, түскиіз, алаша, текемет, сырмаққа ою-өрнек салуға төселген.
Терме бау-шу, алаша, қоржын тоқып, таңғыштарды ызып, таңдайлап бау, басқұр тоқудың сан түрлі тәсілін біледі. Көн кептіріп, көнек, торсық, саба, сүйреткінің әр түрін тігіп, қайыс илеп, қамшы, ер-тұрманның барлық абзалдарын өріп, ыдыс-аяқ қабын қолдан тоқиды. Кәрі-жас, әйел-еркектің қыстық-жаздық, майлық-сулық, баскиім, аяқкиімдерін тігудің шыңғыстаулық үлгісін сақтап келеді.
Жастайынан әнші бала атанған ол халқымыздың ән-күй өнерінің мол мұрасын жадында сақтап, насихаттаудан жалыққан емес. Қазақтың ас мәзірін дайындап, қонақ күтіп, құрметтеудің де ізеттілік үлгісін өз бойына көргенділік қасиет етіп жинаған есті де дарқан, ақкөңілді ұлағатты адам. Адамгершіліктің қарапайым қағидасы бойына қасиет болған сол Саржал өлкесіндегі қара тілдің шешендері – Жағыпар, Боранбай, Қуандық, Ыбырай мұғалім, Омарбек мұғалім, Бекбатыр, Сләм ақсақал, Бәтташ сияқты мағыналы ой, астарлы ұғыммен тереңнен тамыр тартатын сұлу сөздің шебері болып шыққан Арекең – бұл күнде «Дала академиясын» тамамдағандай, жан-жақты білімді, жетпіс өнердің тілін білетін, ескі мен жаңаның сырын саралай алатын қазыналы қарт.
Арғынбек Ахметжанов өз шеберханасында Абайдың домбырасын жасау үстінде. 1991 ж.
Ол өз айналасынан тек адамға деген мейірімді ықылас, құрмет үлгісін көріп өскен, ешкімге міндет артпай, қолынан келгенше өзгеге қамқорлық пен ізеттілік көрсетуді бала жастан дағды еткен. Ес біліп, етек жапқаннан үлкеннің жолын кеспей, сөзін тосып, айтқанына құлақ асып, құрмет көрсетіп, жасаған қолғабыстығы үшін елгезек бала атанып, алғаны үнемі алғыс болған.
Үлкендердің кемеңгерлігі – «кісіліктің қасиетті қазынасы – ұстазда» деп ұққандықтан болар, мінезі мен ісіне риза болған олар «мұғалім бол, балам» деп бата берген екен.
Дуалы ауыз қарттардың сол батасы қабыл болып, Арғынбек Ахметжанов Семейдегі қасиетті білім ордасы – М.Әуезов атындағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, 18 жаста мұғалім болып шығады.
Еліміздің шығыс аймағындағы бұл оқу орны – білім мен мамандық берудің ғана емес, ғылым мен өнердің, адамгершілік пен азаматтықтың асыл үлгісінің ордасы. Онда оқыған, еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Құдайберген Жұбановтардың үлгісі бөлекше қазына, дәстүрлі қасиет болатын.
Бала Арғынбек бұл ортадан өзінің аңсаған арманының, шөлдеген аңсарының бәрін тапты.
Шеберліктің де, шешендіктің де, өнерпаздықтың да, ұлағаттылықтың да, ұстаздықтың да қайнар бұлағынан мейірі қанып сусындады.
Әуелден еліміздің рухани астанасы, мәдениеті мен өнерінің, ақыл-ойының Меккесі саналған Семей шаһарындағы мұражайлар мен театрлар, оркестрлер мен хорлар бала өнерпаздың қанында бар қасиетін, бойындағы өнерге деген құштарлығын бұрынғыдан да мағыналы, мазмұнды, жүйелі арнаға салғандай болды.
Бұрын арба-шана, ер-тұрман жөндеп, етік, тымақ, бөрік тігіп, сынған шыны ыдыс-аяқты құрсаулап, тостаған, аяқ-табақты ағаштан шауып, бие сауып, қаймақ шайқап, іркіт пісіп, құрт-ірімшік қайнату, ши тартып, оны орау тұрмыстық қажеттілік шығар деп білген Арғынбектің оның бәрі ұлттық өнер, халық даналығы, ғасырлар бойы шыңдалып келе жатқан ұлттық қазына екеніне көзі жетті.
Әр іске осылай үңілген ол енді музыкалық сауат ашып, домбыраны, мандалинді нотамен ойнауға ден қойды. Негізгі сабақ кестесі бойынша алған дәрісінен тыс өз бетімен білім-қабілетін жетілдіріп, училище оркестріне қатысып, скрипкада, күйсандықта ойнауға ден қойды, дағдыланды. Нота бойынша бұрын білмейтін саз сарындарын шығаруды үйренді.
Шыңғыс елінің ортасында айтылғанымен, сыртқа тарай қоймаған әндерді нотаға түсіруге де талпынып көрді.
Халқымыздың ән-күй, жыр-толғауының «саяси қырағылықпен» ұмытыла бастаған нұсқаларын жинап, нотаға түсіруге талпынды. Әлемге әйгілі классикалық шығармалар үлгісін ұғуға ниет етті. Өзінің сүйкімді де сазды баритон даусы бар Арғынбек бұрын домбырамен ән айтатын. Енді өзін-өзі күйсандықта сүйемелдеуге де төселді. Халықтық, классикалық шығармаларды тыңдап, тұтынуға бой ұсынды. Дәм-тұз тартып, тағдырдың жазуымен Қасқабұлақ мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып келген А.Ахметжанов өзі сұранып ән-күйден дәріс беретін болды. Мектепте оқушылар хорын ұйымдастырды. Үзіліс кезінде балаларға ән айтқызып, өнер бәсекесін өткізуді әдетке айналдырды. Балалардың да, ата-аналардың да өнерге деген ықыласты пейілі оянды.
Бұрын ән-күй екінші кезекті сабақ саналып, ескі мектеп үйінде арнайы бөлме болмағандықтан, мектептің бос жерінде өткізіле беретін дағды бұзылды. Ән-күй пәні сабақ кестесіне енетін болды. Ән-күй пәнінің мұғалімі мектеп ішінде де, ауылда да есімі белгілі, абыройы асқақ өнер жанашыры танылады.
Мектептегі сабақтан тыс мерзімдегі Арғынбектің ортасы – ауылдың кәрі құлақ қариялары, Мұхтардың достары – Тілеке мен Боқай, Зият, Ыбырайша, Жұмағаділ, Молдағалилар.
Қасқабұлақ – ұлы Абай дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ жері. Мұнда Абай, Құнанбай, иісі Олжай ауылының дәстүр-салты, сөз саптау үлгісі, адамдар арасындағы адамгершілік қатынастың хатқа түспеген қағидасы сақталған. Абай әндерінің шебер орындаушылары болған Әлмағамбет пен Әйгерімнің үнін естіп, үлгісін ұстанған өнерпаздар да баршылық еді.
Осы ауылдың жерінде ұлы Мұхтар туған Бөрлідегі өмір кешіп келе жатқан Үбіғали, Қалиасқар, Алатай, Бекмұхамбет (Бекен) сияқты ұлағаттылық үлгісі бойына қасиет болып сіңген адамдар да аз емес-ті.
Осындай мол қазынаның ортасына тағдыр айдап келген Арғынбек тез есейіп, парасаттылықпен нұрлана түскендей еді. Көңіл құсы шарықтаған шақта айналасынан бес бұлақ бұрқылдап шығып жатқан Шолпан жотасының сай-саласын серуендеп жүріп шырқап ән салуды машық етті. Әсіресе Абай әндеріне терең бойлап, оның астарлы сырын ұғып, адамның жүрек қылын шертетін, көңіл құсын қанаттандырып, елітіп, егілтетін қуат, құдіретін сезінетіндей күй кешетін болды.
Ұлы Абайдың әндерін нотаға түсіруге талаптанды. Бірде өзі жаттап, мәнерлеп оқуға дағдыланып жүрген Абай сөздері ән тілеп тұрғандай әсер бойын билегенін сезді. Ақыры көп толғанып, терең түсініп білген Абайдың «Тоты құс түсті көбелек» атты өлеңіне лайық ән сарыны туды. Рас, алғашқыда «ән сарыны өз көкейінен туды ма, әлде Абай әні деп басқалардан естіген сарын сазы ма?» деген күдікті ойлар да мазаламай қойған жоқ. Әнді нотаға түсіріп, әншілерге үйретіп, айтқызып, өзгелерге тыңдатып көрді. Абайлық ой тереңдігі, сарын саздылығы, сезім шынайылығы анық танылып тұрған туындыға ұлылық ұйыған өлкенің тыңдаушы қауымы разылық білдірді.
«Әнсіз өлең – жетім өлең» деп білетін Шыңғыс елінің түсінік-талабының дұрыстығына иланған Арғынбектің Абай өлеңдерін оқып, түсініп, сезінуі, оған лайық ән іздеуі осылайша басталған өнер көші болатын.
Бұл күнде ұлы Абайдың 40-тан артық өлеңіне ән-романстар шығарған Арғынбек Ахметжанов – Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі. Шығармаларын республика сахналарында өнер жұлдыздары орындап жүр.
Өзі өмір сүріп отырған ортаға мейлінше пайдалы маман болуды армандаған Арғынбек Абай еліне орыс тілін оқытып үйрететін ұстаз қажет екеніне көзі жетіп, Семейдің педагогикалық институтының орыс тілі факультетіне оқуға түседі. Оның екі жылын тамамдаған соң, сырттай оқуға ауысып, Абай аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен Құндызды орта мектебіне оқытушы болады.
Жақсыда жаттық болмайтыны – белгілі жай. «Кісі болар баланың кісіге үйір болатын» дағдысымен мектептегі Жұманбай есімді ән мен күйге қабілетті, қолы шебер мұғаліммен тез тіл табысады. Жұмекеңнің әкесі, ауыл ұстасы, үйші, ерші, ауыл-елдің бүтіндігін, ынтымақты берекесін айрандай ұйытып отырған жайсаң мінезді Әдибай ақсақалдың мейірімді қошеметіне бөленеді. Әр істе икемді, тиянақты жас жігіт өзі жете білмейтін бір өнер – үй басу, ер қосу ісін Әдекеңнің қара дүкен, шеберханасында отырып толық меңгереді.
Ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Арғынбек жасаған киіз үйдің макеті аудан, облыста жүлделі бәйгеге ілініп, соңында Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайындағы көрмеге қойылды. Ол киіз үйдің негізгі үлгісі (эталоны) есебінде сол мұражайда сақталуда.
Бұл тағдырдың жазуына кім шәк келтірмек?! Үйдің жабдықтары көргенді ортада өскен, өнерлі жас Арғынбекке үлкендердің ұйғаруымен қосылған жары Мафрузаның қолынан шыққан еді. Ол киіз үйдің кішірейтіліп жасалған макеті болғандықтан, оның барлық бөлшегі соған лайықты өлшемге көшірілген болатын. Әсіресе талдырып басылған, күн көрінгендей жұп-жұқа, қағаздай аппақ киіз бен оған ойылған ою-өрнектердің үйлесімділігі көрермен қауымды ерекше риза еткен болатын.
Әлі көші-қон дәстүрі сақталған ауыл өмірінде әр кез есік-терезеге мұқтаждық, бесік, арба-шана тапшылығы жойыла қоймаған кезде күйеу баланың қолының шеберлігі қандай жақсы! Шеберлік күйеуді ол босағада отыратын күшік күйеу емес, төрде орны бар «ерке күйеу» атандырды.
Ақын Шәкір мен ауылдың шешен, шежіре қарттары Қали, Нығымет, Құдайберген, Әділ, Сләмбек, Мұса, Мұхамеджарлар айтатын әңгімелер желісі үзілмейтін қазына, байлық мұрасы көрінетін. Ән мен жырдың ордасы, Шыңғыс тауының табиғаты көркем тұсы – Құндызды өлкесі Арғынбектің шабытты қиялына қанат бітіріп, ой тереңін, ұйқас үлгісін іздеп өлең жазуға жетеледі. Туған жерге деген шексіз махаббат зәредей толастамайтын мәңгілік жыр болып төгілетін. Өлең-жырдың сол тасқынды толқыны ақынжанды Арғынбектің көкірек қайнарын ашып, «Шыңғыстау» атты өлең туғызды. Сазгер Арғынбек оны әнмен әлпештеді. Ол аудан жұртшылығының сүйікті әні болып шырқалып келе жатқанына жарты ғасырдан артық ғұмыр өтті.
Ауданның мәдени-әлеуметтік өмірінде өрлеу қадамы жасалған сол бір шақта жастардың алғы шебінде көрінген Арғынбекті аудандық партия комитеті өз аппаратына қызметке шақырды. Біраздан кейін оны аудан жастары өзінің жетекшісі танып, аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы міндетіне сайлап алды.
Аудан орталығы – Қарауыл ауылына көшіп келген жас отау иелері (Арғынбек – Мафруза) өздері сияқты өмірге құштар, өнерге бейім, өлеңге құмар замандастар ортасын тапты. Ол кезде Қарауылда Шыңғыс елінің көнекөз қариялары да, кемеңгер адамдары да селдірей қоймаған еді.
Сол бір саяси жылымық жылдарында өмірге қайта келген Алаш арыстарының халық үшін кешкен бейнетін, еткен еңбегін оқып-біліп, насихаттауға белсене араласқандардың бірі Арғынбек болды. Талай қиянат-қысымға мойымай, иілмей, аман-есен еліне оралған Ахат Шәкәрімұлымен өзге жұрттан гөрі тез шүйіркелесіп, түсіністік тапқан да Арғынбек еді.
Шәкәрім мұраларын жинауға белсене араласа жүріп, ден қойғаны қажының ән-күй мұрасы болды. Ахат ақсақалдан, әнші Қабыш, Ниязбектерден Шәкәрім әндерін тыңдап, оларды нотаға түсіруді өзінің азаматтық борышы санады. Ол кейін қаламгер Арғынбектің «Рухани жол» деп аталатын төрт томдық жинағының үш томында қамтылып, баспадан шықты.
Кеңестік қоғамдағы лауазымды қызметтен гөрі халық мұрасын жинап, қолөнер үлгілерін жетілдіріп, жүйелеуді, олардың этнографиялық мәні мен сәнін дәл тауып, жария етуді артық санаған Арғынбек жоғарғы партия мектебін бітіріп келген соң, ұсынылған аудандық газеттің редакторлығы міндетін тастап, Семей қаласына көшті.
Облыстық радиода, «Семей таңы» газетінде еңбек етіп жүріп, еліміздің шығыс аймағындағы халық әндері мен күйлерін жинап, оларды шебер орындаушылардың үлгісін магнит таспасына жазып алып, насихаттап, көптен бері қол үзе бастаған қолөнерге де уақыт тапты. Самырсын, Көкшетаудың қызыл қарағайы, Қарқаралының ұрғашы, еркек қарағайларын, Шыңғыстаудың долана, шыршасын жинап, домбыра жасауға беріле кірісті.
Тенор, баритон дауыстарына лайықтап жасаған домбыраларын шертіп көрген Мәдениет, Болат, Жәнібектердің оларға ерекше ризалық танытқаны бар. Құрметпен Арекең ұсынған домбыраны әйгілі әнші Жәнібек өзінің жансерігі тұтып, жанынан қалдырмайтын еді.
Кейінде өзі де Абай, Шәкәрім әндерін айтып, лекция, концертпен Қазақстанның төрт құбыласын аралаған сапарларына арнап жасаған жинамалы домбырасының өзі – өзінше бір өнер үлгісі дерлік құнды дүние.
Бірнеше жыл ізденіп, әл-Фарабидің музыкалық теориясы негізінде асқан шеберлікпен жасаған жаңа аспабын «әл-Фарея» деп атауының өзінде үлкен мән бар. Құлақ күйі квинтамен бұралатын, жаңғақ ағашынан жасалған бүктемелі, үш ішекті, элипс формасындағы жаңа аспаптың дыбыстық қабілеті мол. Әуелде Шыңғыс елінде үш ішекті домбыра шерту дәстүрі болған-ды. Оны ұстаған Шәкір ақынды көзі көріп, қасында құрдасы, баласындай болған Арғынбек осы бір өзгеше өнерді өлтірмеуді, өмірден өшірмеуді міндет еткендей. Оның құлақ күйін келтіріп шертудің ерекшеліктерін ғылыми жүйеде жазып жүр.
Өзі шығарған 60-тан артық ән-романсын осы «әл-Фар-А»-мен айтып насихаттайтын сазгер, әнші, сері, шебер, шешен Арғынбек қария ұлы Абай мен Шәкәрімнің шығармаларындағы текстологиялық қателіктерді түзетуге де орынды ой толғап келеді.
Өмірдің бір ләззаты – білмегенін үйрену, білгенін өзгеге үйрету деп есептейтін Арекең – ұлы Шәкәрімнің
«...Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт.
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер.
Өнеріңді құр шірітпе,
Орнына оны жұмсамай.
Өкініші кетпес оның,
Өз ойыңда босқа өлер» деген өсиетін өмірлік ұстанымы етіп, саналылықпен сұлу қартайып келе жатқан қария.
Әлемдік тенденцияға айналған жаһандану құбылысына Арекең үрке қарамайды. Қайта жаһандану дәуірінің ұраны мәдени плюрализм болса, әрбір ұлт өзінің ұлттық болмыс, ерекшелігін сақтап, өз мәдениетінің, әдебиетінің, салт-дәстүрінің табиғи-тарихи сабақтастығын сақтап, үйлесімділігін жетілдіруді қажет деп есептейді. Сондықтан да ұлттық этнографияны, халқымыздың салт-салтанатын, тілі мен дәстүрінің мінез-құлқын, әдеп-иба, инабаттылық, ізеттілік үлгісін сақтауды, қорғауды, оны бүгінгі материалдық, техникалық жаңалықтарды пайдаланып жетілдіруді мақсат ету керек деп біледі. Сол мақсатпен ұлт болмысына қылау түсірмей сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да септігім тисе екен деп еңбектеніп, іздену үстіндегі Арғынбек ақсақалдың мойнына алған маңызы зор борышы мол.