Бір әншілер болады, бірде-бір концерттен, жиыннан қалмайды, экраннан түспейді, бірақ көрермен оларды әнші ретінде қабылдай алмайды. Тағы бір әншілер бар, сахнадан сирек көрінеді, сұхбат беруге де құштар емес, бірақ халық сол әншінің сырлы әнін сағынады, көрінбей кетсе, сахнадан іздейді, ол туралы білгісі келеді. Көрерменімен сағынып қауышатын, сырлы да сыршыл әуендерімен халықтың жүрегін жаулаған осындай өнерпаздың бірі – әнші, актер Байғали Есенәлиев. Бүгінгі «жұлдыздардың» біразына тән «Қайтсем атымды тарихта қалдырамын» деген пейілден ада Байғали Есенәлиевті сәті түсіп, әңгімеге тартқан едік.
– Байғали аға, әңгімемізді сіздің шығармашылығыңыздағы соңғы жаңалықтардан бастасақ...
– «Соңғы кезде неге ән салмай кеттіңіз, сахнадан неге көрінбейсіз?» деген секілді сұрақтар маған жиі қойылады. Ескі достарым жолығып қалса да осыны сұрайды. Бұған менің айтарым, қазіргі заман біздің жас кезімізге ұқсамайтын басқа бір дәуір сияқты. Қазір «қайтсем де жұлдыз боламын» деп ауылдан бір бала шығады, ал оларды продюсерлер аңдып жүреді. «Дауысыңды жазуға осынша, аранжировкасына пәлен теңге, афишаға шығатын суретіңе және қаржы керек, соны тап, мен сенен жұлдыз жасаймын» дейтін продюсерлерге кездескен жас қыз-жігіттер қалай да ақша тауып, әйтеуір, жұлдыз болады. Ал біз продюсер жағалау деген дертке ұшырамаппыз. Бұлай жұлдыз болуды ар-намыс көретін заманның перзенттеріміз біз. Сондықтан продюсерлерге жүгінбейміз, олардың оңтайына келе бермейміз. Әйтпесе өнер өшіп қалған жоқ. Баяғы сыршыл әуендер, сол сыршыл жүрек әлі соғып тұр. Бүгінде көбіне ән жазумен отырмын.
– Продюсермен жұмыс істеу заманның талабы болып отыр ғой. Қызметіне сай ақысы болу керек дегендей...
– Иә, солай ғой. Сондықтан мен қазіргілердің өнерді саудалағанына қараймын да, бұрын өзіміз ән салып, рөл ойнай бастаған кезімізде бізді өздерінің хабарларына шақырып, небір таланттардың танылуына себепкер болған адамдарға шын риза боламын. Алғыс айту ешқашан кештік етпейді дейді ғой. Мен ұзақ жылдар бойы біраз адамдарға кезінде айта алмаған алғысымды жүрегімде сақтап келемін. Міне, осы алғысымды сіздердің газеттеріңіз арқылы айту бұйырған екен. «Алматы» телеарнасында режиссер болған Ләззат Қапышеваның қыз-келіншектер мен аналарға арналған «Сырласу» деген хабарына жиі қатысатынмын. Түрлі тақырыпты қозғайтын сол хабардың желісіне қарай гитарамен, домбырамен әндер дайындап баратынбыз. Осындай хабарлар талайымызды әнші ретінде, тұлға ретінде халыққа танытты. Сол сияқты Назгүл Әбутрапова, Ұлдай Ибатуллаева, Шәрипа Жамақаева, Айсұлу Иманбекова секілді азаматшаларға алғысым шексіз. Сондай-ақ кезінде Тынышбай Рахимов ағамыз өзінің «Кеш жарық» деген хабарына бізді ылғи шақырып, ән салдыратын. Осы «Кеш жарық» арқылы Сәкен Қалымов, Бақыт Шадаева, Нұрлан Өнербаев, Шәкизада сынды әншілер қалың қазақпен қауышқан еді. Тағы бір ерекше айта кетерлік жайт, біздің кезімізде «Алтын қор» деген өте керемет дүние болатын. «Қазақ радиосынан» ән айту бір бөлек те, әніміздің «Алтын қорға» енуі біз үшін үлкен бақыт болатын. «Қазақ радиосындағы» сол «Алтын қорға» Райхан Оразбақова деген режиссер біздің әндерімізді енгізді. Мен жоғарыда атаған адамдарымның кейбіреуінің тіпті қайда екенін де білмеймін. Олар да мені ұмытқан болар. Дегенмен мен осы адамдарға ерекше ризамын.
– Жақында Ж. Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сіздің режиссерлігіңізбен «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты спектакль қойылғанынан хабардармыз. Қойылым туралы кеңірек айта кетсеңіз.
– Неге соншалықты Мұхаммед Хайдар Дулатидің театр сахнасынан қойылғанын қаладым десеңіз, мен оның қайратының толысып тұрған 35 жасында Отанын тастап, Кашмирге барып патша болғанын түсіне алмай жүрдім. Шын дарын болса, ол неге еліне қызмет істемеді? Сөйтсем, көреалмаушылық деген сонау XVI ғасырдан бар екен ғой. «Бұл пәле тірі тұратын болса, менің патша болуым қиын» деген Әбдірашит патшаның көреалмаушылығы екен ғой оны елінен бездірген. Өзінің басындағы бар идеясы, поэзиясы аман қалу үшін амал жоқтықтан шетелге қашты. Ол жақтағы халықтың өзіне деген сүйіспеншілігінен Кашмир мемлекетін басқарған. Кейіннен ол бізге Дулати деген атпен қайта оралды. Әйтпесе оны басқалар иемденіп алуы мүмкін еді. Өйткені оған таласпаған ел жоқ. Өзбектер Дулатиді ала тақия кигізіп, өзбек қылып қоймады ма? Әбсаттар Дербісәлі, Әнуар Әлімжанов секілді азаматтардың арқасында бабамыздың бейіті табылып, біздің бабамыз екені анықталған болатын. Кашмирді басқарған тұста Мұхаммед Хайдар Дулати сол елдің халқына талай жақсылық жасаған. Үндістан халқының күздегі жинаған астығы көктемге жетпей шіріп, жұрт аштыққа ұшырап, қырылуға таяған тұста Дулати норахлул деген күріш кептіретін қазандық пеш ойлап тауып, халықты ашаршылықтан құтқарады. Бірінші рет бес қабатты үй салады, көшеге субұрқақтар орнатады. «Үнділіктер ән сала алмайды екен, әнді бәрі жамырап хормен салады. Мен оларға жеке ән салуды үйреттім. Өйткені олардың әншілік қабілеті зор болатын» деп жазады М.Дулати. Біз үндінің әніне табынып жүрсек, оларға ән айтуды біздің бабамыз үйреткен екен ғой. Бабамыз туралы зерттей бастап едім, ар жағынан небір біз біле бермейтін ғажайып шыға берді, шыға берді.
– Естуімізше, сіз бір киноның сценарийін жазыпсыз. Фильмді қашан көреміз?
– Иә, мен таяуда «Көкжал» деген фильмнің сценарийін аяқтадым. Сценарийімді ең төменгі буынның өкілі, академияда оқып жүрген студентке және жоғарғы буын өкілінен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық әртісіне оқыттым. Екеуіне де қатты ұнады. «Қоғамға қажет фильмнің сценарийін жасапсыз. Бір қылмыскердің көзімен халықтар достығын ашқан екенсіз» деген пікір естідім. Фильмді түсіруге миллион доллар жетеді деп есептеп те қойдым. Осы миллион долларды табу үшін қақпаған есігім жоқ. Жақында экранымыздан көрсетілген «Біржан сал» картинасына 8 млн доллар кетіпті. Мен бұл фильмді сынағаннан аулақпын, бірақ фильмді түсіргенде режиссер бір сәт болса да өмірге сал-серінің көзімен қарауы керек еді. Менің таңғалатыным, соңғы уақытта түсірілген фильмдерге соншалықты көп сын айтылса да, бір жіберген қателіктерге қайта-қайта ұрына береміз. Кеше ғана аямай сыналған режиссерлердің келесі фильміне тағы да сонша ақша бөлінеді. Сонда біз неге қатемізді жөндеуге тырыспаймыз? Мағынасыздықтан, қателіктен сабақ алмаудың астарында жемқорлық жатыр. «Сен ал да, маған сыбағамды беріп кет» деген жемқорлық бар жерде өнердің болуы мүмкін бе?
Өткір ой
Біз былай қашсақ та, олай қашсақ та, жемқорлықтың шеңгеліне түсе беретін сияқтымыз. Біздің жемқорлықпен күресіміз Дон Кихоттың диірменмен соғысы сияқты немесе біздің кішкене кезіміздегі құйынмен алысқанымызға ұқсайды. Қолымызға таяқ алып, бір жердегі құйынды қиратамыз. Сөйтіп жүріп аптығып шаршап қалатынбыз. Қызық! Қандай да жолмен қоғам алға басары басар-ау, қазақ елін қолдан батыр жасармыз. Себебі бұған бізге ата-бабамыз мұра еткен жер де, мұнай да, басқа да байлығымыз жетерлік, бірақ осының бәрі қанша уақытқа жетеді? Жаман қойшы сияқты өз өрісіміздегі қойды өзіміз тауысып отыра береміз бе? Келер ұрпақ бізге лағынет айтпай ма?