Қазақтың «бір өзі бір театр» атанып жүрген көрнекті ақын, сатирик ұлы Мыңбай Рәштің 80 жылдық мерейтойы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында аталып өтті. Сексеннің сеңгіріне шықса да, тастан-тасқа секірген ортекедей сахнада өзін еркін ұстап, тың қалпында жүрген ақсақалға жастардың қызыға қарағаны рас. Кеш сықақшы, жыршы, пародист Мыңбайдың өзінің жүргізуімен өтті.
80 жастық мерейтойын атамыз Астанада атап өткен екен. Ежелден әдеби орта саналатын Алматыдағы қаламдас, әріптес достары, туыстары қолқа салған соң, Алматы халқына да әдемі бір кеш ұсынуды жөн көрген Мыңбай Рәш:
«Өмір деген – қандай қысқа,
қас қағым,
Бұлаңдайды, бал дәуренім,
жас шағым.
Ми таспама шежіре боп жазылған,
Бір ғасырдың тарихын бір бастайын», – деп 1954 жылғы тың игеру жылдарынан басталған тарих түймелерін ағыта отырып, халықты күлкіге батырды. Замандастары да Мыңбай ағаның әзілкештігін, қазақ зиялыларының дауыс ырғағы мен қимыл-қозғалысын дәл келтіретін ерекше талант иесі екендігін айтып жатты. Оған куә болдық. Мұхтар Әуезовтен сабақ алған шәкірті Мұхаң, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқпанов, Қасым Аманжолов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шәкен Айманов сынды біртауар азаматтармен бірге қызметтес болғанын айтып, дауыстарын келтіріп берді. Көзін көрмесек те, көрнекті әдебиет өкілдерінің өз дауысын «Алтын қордан» тыңдағандай әсер алдық. Көзкөргендердің риза болғаны соншалық – Мұқаңның, Сәбеңнің дауысын тура келтірді деп, таңдай қағып, таңғалысып жатты.
Серік ҚИРАБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Мыңбаймен соғыстан кейін кәрі КазПИ-дің қабырғасында табыстық. Студенттік карточкамен берілетін 500 гр қара нанды бөлісіп жедік. Кеудесі орденге толып келген солдаттар да, біз сияқты жұмыс істеп келген егде тартқандар да, Мыңбай сияқты мектепті жаңа ғана бітіріп келген жастар да болды. Бәрімізді табыстырған, біріктірген – білімге деген құмарлық. Содан көзі тірі – Мыңбай екеуміз. Денсаулығым да онша емес. Бірақ Мыңбайдың кешіне келмеуіме ешқандай моральдық құқығым жоқ. Мыңбайдың өмірі жалықпай жұмыс істеуден тұрады. Ғабит Мүсіреповтен бастап үлкен ағалармен істесті. Сықақшылық өнері студент кезінен басталған. Домбыраны жақсы тартатын 16 жастағы кішкентай баланың өнері мен талабы кішкентай емес еді.
80-ге келген сергек те көңілді қарияның әңгімесі мен домбырамен салған жыры, пародиясы театрға жиналған қауымды бір жасартып тастады.