Сахнаның киесінен қорықпайтын болдық

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Сіздің Атыраудың жігіті екеніңізді білеміз, бала Сембек қандай болды, өткеніңізге ойша оралыңызшы, әнге деген әуестік неден басталды?
– Иә, Атыраудың Балықшы ауданында туып-өстім. Балықшы поселкесіндегі Әліби Жангелдин атындағы мектепті бітірдім.  Бала кезімде бойымда табиғи дарыным бар екенін қайдан білейін, әйтеуір, сондай тынымсыз, білуге құштар, елгезек бала болдым.
1969 жылы бір көршіміз әскер­ден гитарамен оралды. Әлгі жігітке таңғаламыз, біз үшін ұлы музыкант сол, қасынан шықпаймыз. Мен де бес-алты аккордты үйреніп алдым, өзімше еліктеп ән айтамын. Үйіміздің шарбағында су құятын цистерна бар еді, соның ішіне  айғайласаң, даусың жаңғы­рығып естіледі, өз дауысым өзіме ұнай бастады. Сол цистернаның ішіне сыйып кетем, жалықпай өз дауысымды тыңдап жататынмын. Қайда барсам да, ыңылдап ән айтып  жүреді екем, оны кейін шешем айтатын. Өзі де ән айтқанды жақсы көретін анам Бөкен бір күні маған жеті шекті қызыл түсті гитара сатып әперді. Ондай аспап мектепте ешкімде жоқ болатын. Әнші болам деп ойлағам жоқ, бірақ актер болсам деп армандайтынмын. Өйткені мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Ұлмерек апай драма үйірме­сін ұйымдасты­рып, спортзалда соғыс тақырыбына арнал­ған пьеса қоятын. Сол қойылымдарда кол­хоз бастығы, батыр бейнелерінде көріндім. Сосын оларды басқа мектептерге  барып қойып жүрдік. Рөлдерімді жанымды салып ойнайтынмын. Осы үйірме менің сахнаға деген сүйіс­пеншілігімді оятты. Біздің кезімізде «әртіс болам» деген сөзді жұрт онша дұрыс қабылдамайтын. 1968 жылы Атырауда ашылғалы жатқан музыкалық училищеге оқушылар іздеп келген комис­сияның  назарына іліккенмен, шешем жі­бер­мей қойды. Мектепте жақсы оқитын, белсенді оқушы болғандықтан,  ұстазда­рымның айырылғысы келмеген болуы керек, олар да рай бермеді.
Мектептен кейін, 1972-74 жылдары Түрікменстанның Мары деген жерінде әскери міндетімді өтеп жүргенде, 10 айдан соң сол жердегі үрлемелі халық аспаптар ансамбліне  шақырды. Ансамбль жетекшісі Евгений Төлегенов деген жігіт  алматылық, Бибігүл Төлегенованың інісі екен. 25 адам­нан тұратын хордың құрамы алты ай сайын ауысып тұрады. Бұл ансамбльге келген адам биді де, әнді де қатыратын бесаспап болуы тиіс  болатын, Женяның ойынан шыққан болуым керек, хордың әншісі болып қабылдандым.
Бірақ менің асыл арманым Алматыға кету еді. Сол жылы мамыр айында Алматыға тартып кеттім. Сонда политехникалық инсти­тутта оқитын таныстарыма бардым. Бірақ қандай оқуға тапсыратынымды білмеймін. Студенттер жазғы сессияға қызу дайындық үстінде екен. Танысыма гитара іздеп тапқыздыртып алдым. «Орбита» ықшамауданындағы политехтың 5,6,7 жатақханаларының арасындағы талдың түбінде отырып алып әнге салдым. Сту­дент­­тер тыңдай қалып, ду қол соғып жатыр. Менің алғашқы тыңдаушыларым солар болды. Біреулері: «Қай оқуға тапсырасың? Дауысың керемет қой, консерваторияға неге бармайсың?» – деп жатыр. Әнші болу үшін консерваторияда оқу керегін қайдан білейін. Содан консерваторияға келдім, Бекен Жылысбаев деген кісінің алдына барғанда, бар дауысымнан айырылып қал­ған­дай болдым, өте сұсты адам екен. Ол кісі артық сөз айтпады, тек қана : «Сен эстрада-цирк студиясына бар», – деді. Студияға барсам, онда да Бекен аға отыр. Нұрғисаның «Алатауын» айтып, оқуға түстім.  Бірінші курста жүргенде «Гүлдер» ән-би ансамбліне шақырды. Сол ансамбльде 20 жыл қызмет еттім.
– «Гүлдер» ансамблінің дауысы керемет, бас әншісі едіңіз, Мақпал екеуіңіз орындаған «Ғашықтар жыры» ел есінен кеткен жоқ,  кейін біраз уақыт үлкен сахнадан көрінбей кеттіңіз...
– «Гүлдерде» жүргенде, 1980 жыл­дардың үстінде композитор Кеңес Дүй­секеев көріп: «Менің әндерімді неге айтпайсың?» – деді. Мен оған: «Біреулер орындап жүрген әндеріңді қайталайтын попугай емеспін ғой, маған арнап ән жаз, орындайын», – дедім. Кеңестің қыз бен жігіттің дуэтіне арналған «Ғашықтар жыры»  деген жаңа әні бар екен, Нағима Есқалие­ваға арнапты. Әннің әуеніне, сөзіне қара­ған­да, Нағиманың табиғатына келіңкіре­мейді. Сосын мен ол әнді ансамбльге жа­ңа­дан келген жас әнші Мақпал Жүнісова­мен орындап көрейін деп шештім. Осы әнді 1983 жылдың аяғында болған «Тамашада» орындадық. Өзіме ұнады, өнер адамының өзіне-өзі ұнауы қиын ғой.  30 жылдан бері халық осы әнді тыңдаудан жалыққан емес. Мақпалдың да бағын ашқан ән болды. «Қазақтың 100 әнінің» қатарына енді.
Ал енді Алматыдан Атырауға бір жылға барып қайтам деп кетіп, 9 жылдан кейін оралғаным рас. Атырауда да өнерден қол үзгенім жоқ. Ол кезде Атыраудың әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды, сол кезде оның өнер адамдарына үлкен қолдау жасағанын халық біледі. Маған да «елге қызмет жаса» деп, бар жағдайды туғызды. Атырауда жастар ансамблін құрып, соның көркемдік жетекшісі болдым.
2004 жылы Алматыға келіп, ердің жасы 50-ге толуыма орай «Кездер-ай, ерке кез­дер-ай!» деген концертімді бердім. «Қа­зақконцертте» жұмыс істедім, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде шә­кірт тәрбиеледім.
– Өнердегі ұстазым деп кімдерді айтар едіңіз?
– Тасқын Оқаповты айрықша  айтар едім. «Гүлдерге» келгенде жол-жоба көр­сетіп, жөн сілтеген, көмегін аямаған адам. «Дудар-айды» айтуыма да сол кісі ықпал етті.  Ол кісі керемет сауатты, адамгершілігі мол, өте мәдениетті музыкант еді.
– Қазір сахнаға әртүрлі адамдар шығып кетті ғой. Нағыз әнші мен азғана дауысы бар адамдардың сахнада қа­тар жүргеніне қынжылмайсыз ба?
– Жоқ, мен іші тар адам емеспін, сах­на­да жүрген әріптестеріме құрметпен қарай­мын, этика, әдеп деген болады. Бір әріп­тесім жайлы «неге олай, неге бұлай?» деуге хақым жоқ. Қазақ айтады: «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деп. Әр әншінің өз жолы, мәнері бар.
Мен өзімнің қандай әнші екенімді, шамамды өзім білемін. Ішімнен кейбір жас әншілердің  дауыстарына қарап: «Е, ұзаққа баратын әнші екен», — деп баға беріп отырамын. Өз әріптесің туралы  көңілге кірбің түсіретін пікір айтудан аулақ болған жөн деп санаймын. «Ана әнші әнші емес, жаман» деген пікірді айтып жүргендерді естіп жүрміз, ол мәдениеттілікке жатпайды.
«Гүлдер» ансамбліне келгеннен кейін Ленинградта, қазіргі Санкт-Петербургте «Лен­концерт» жанындағы эстрада өнері шеберханасында екі жыл білімімді жетіл­дір­дім. Сонда мен көп нәрсені көңілге түйіп қайттым, талай нәрсені үйрендім. Тек ән айтуды ғана меңгергенім жоқ, дүниета­нымым, білім көкжиегім кеңейді.
– Қызмет бабымен Астанаға бар­ғаныңызды кешелі бері естіп жатыр­мыз. Отбасыңыз, алдағы жоспарлары­ңыз туралы айтсаңыз.
– Астанадағы Ұлттық өнер универси­те­тінің ректоры Айман Мұсахожаева жұмысқа шақырды, биылғы наурыздан бері сол жерде доцентпін.
Алдағы жылы, құдай қаласа, 60-қа аяқ басамын. Соған әзірлікті биылдан баста­масақ болмайды. Әндерімнің альбомын шығармақпын. Өмірбаяным туралы деректі фильм түсіртсем деймін.  Сосын ел алдын­дағы есеп іспетті  концертімді беру ойда бар.
Отбасыма келсек, жұбайым Айгүл екеу­міз Әлинұр атты тәп-тәтті ұл тәрбиелеп отыр­мыз. Баламыз 5-сыныпқа көшті. Айгүл­дің мамандығы — заңгер.
— Өнер адамдарына қатысты не ойыңыз бар?
— Қазір жұрт арасында «Бұрын Ленин «Өнер — халықтікі» дейтін еді, қазір «Өнер — олигархтікі» деген ащы  әзіл бар.  Өйткені қалталыларға өнер адамдары жалшы болып жүр. Керек қылса шақырып алады, сатып алады.
Сахнаның киесінен қорықпайтын бол­дық, бұрын сахнаға шығатын адамның өнеріне көркі сай болушы еді, қазір киелі сахнаны сайқымазаққа айналдырдық. Кім көрінген шығады. Бұрын өнер адамдары­ның өз ортасы болатын, мысалы Әуезов атындағы академиялық театрдың, Абай атындағы опера және балет театрының әртістері, неміс, ұйғыр, корей театрларының адамдары бір-бірін танитын.  Қазір  жастар театрдың не екенін білмейді. Білім деңгей­лері төмен, тіпті Қазақстанда қанша облыс барын, олардың орталықтарын білмейді. Әнші болу деген бір-екі клип түсіру деп ойлайды. Өнер ұсақтап кетті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста