Сахна –тірі картина, онда ештеңе қалғып-мүлгуге тиіс емес!
Біз адамдар Айдың тек бір бетін ғана көреміз. Өмірде осы құбылысты заңдылық деп санап, басқасына бас қатырмайтындармен қатар, «осы Айдың ар жағында не бар екен?» деп, тым құрыса қиялмен көкке сапар шегетіндер де бар. Сол секілді біздің бір жақ бетін ғана көріп үйренген нәрсеміз – сахна. Біз оның дайын өнімін ғана тамашалап, сондағы көрінгендерді ғана бағалаумен шектелеміз көбіне. Алайда нағыз тіршілік, нағыз жанкешті әрекеттер, небір мамандар еңбегі сахнаның сыртында, көрінбей, бірақ аса маңызды қызмет атқарып тұрады. Ендеше, біз бір мезет сол қым-қиғаш әрекеттер мен қызу өмірдің ортасы, сахна сыртына үңілсек. Айдарымыздың алғашқы қонағы – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-суретшісі Ерлан Тұяқов. Ең алғаш сахнаға 2005 жылы М.Әуезовтің «Қарагөзімен» келген жас суретші содан бергі жеті жыл ішінде 15-тен аса туындылардың сахнасында өз қолтаңбасын танытып үлгерген.
– Таяуда ғана «Карменнің» тұсаукесерінде Ахметжан Насыров сынды өнертанушы ғалым «сахна алғаш ашылғанда, көрермен ең бірінші актерлерді емес, сахнаның сәнін көреді. Осы қойылымда мен суретшінің жұмысына тәнті болдым» деп сіздің жұмысыңызға кәсіби жоғары баға берді. Негізі, сахна безендірушісі, яғни, қоюшы суретші ретінде арнайы мамандандыра ма, әлде жалпы суретшілік саладан адам өзі мамандана ма? Мысалы, сізді осы салаға не жетелеп әкелді?
– Негізі, қандай да болсын өнер адам бойында бала жастан белгі бере бастайды. Мысалы, мен бұл салаға кездейсоқ келе салған адам емеспін, туа бітті осы ортада біте қайнасып келе жатырмын десем болғандай. Негізі, менен бұрын өнердің бұл саласына өзіндік сүрлеу жол салған – әкем Есенгелді. Ес білгеннен мені өзімен бірге театрға ертіп әкеліп, сахнаның маңында өсірген сол кісі. Жалғыз әкем ғана емес, анам да ықпал етті. Себебі әкем сахна безендірсе, анам әртістердің костюмін сызатын, дизайнер болды. Демек, бояу исі маған бала кезден таныс.
– Бала боп алғаш ойнаған ойыншығыңыз суретші қылқаламы болған шығар, сірә. Әйтсе де әкесі жазушы бола тұра, баласы қалам ұстамақ түгіл, қазақылықтан алыс өсетіндер бар ғой. Ендеше бұл жерде бала да болса жеке қызығушылық туған боп тұр ғой. Жалпы, өзіңізді сахна безендіру өнері несімен тартып әкетті? Оның көп білмейтін қандай қырын көрдіңіз?
– Сахнаны мен тірі картина секілді көремін. Ондағы әрбір объект кәдімгі тірі адам, сондықтан сахнаның суреті де мүлгіп, қалғып тұруға тиіс емес. Маған сондай-ақ сахнаның тереңдігі ұнайды. Әсіресе қап-қараңғы сахнаны тек жарықпен сан қилы етіп безендірген қандай керемет! Жалпы, сценограф сахнаның тұтас картинасы, киімі, тіпті афишасына дейін жауап беретін адам ғой. Жұмысымның осындай жан-жақтылығы мені өзіне тарта түседі.
– Қазір сіз жас та болсаңыз, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді қарашаңырақ театрлардың соңғы кездердегі қоғамда жақсы резонанс туғызған қойылымдарының қоюшы-суретшісі болып үлгердіңіз. Оның ішінде «Қарагөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ромео-Джульетта» секілді классикалық дүниелер бар. Тіпті таяуда ғана тұсауы кесілген Т.Теменовтің «Карменситасында» сахнаны сіз безендіріпсіз. Мұндай кесек дүниелерге кіріспес бұрын, «осыған тісім батпай жүрмей ме?» деген қорқыныш болған жоқ па?
– Әрине, қандай да бір толқу, жүрексіну болары заңды ғой, бірақ оны қорқыныш демес ем. Ол – жауапкершілік. Ауыр екенін білсең де, соны мойныңа алсаң, біраз еңбектенуге, тер төгуге тура келеді, бірақ есесіне соңынан рахаты қандай керемет! Егер сондай биік туындыларға қол созып, соған ұмтылмасаң, өспейсің, бір орында қала бересің. Не елге, не өзіңе пайда жоқ одан. Менің тырнақалды туындым – «Қарагөз». 18 жасымда, студент болып жүріп, мен алғаш М.Әуезов атындағы драма театрында сол туындының сахналық безендірілуіне араластым. Режиссері Болат Атабаев ағамыз еді. Менің осы өнер әлемінің есігінен енуіме жол ашып, сенім артқан ағамызға ризалық білдіргім келеді. Себебі мен әлі студентпін, оның үстіне «Қарагөз» – өте тартысқа толы, күрделі туынды. Ол өз алдына, оның үстіне біздің кезімізге дейін бұл шығарма сонау кезден сан мәрте сахналанып, біршама сақа суретшілердің қолынан өткен. Осы жағынан келгенде де жұрт жаңаша қойылған «Қарагөзге» сынмен қарайды. Маған да аздап қиындық туғызғаны сол, өзіме дейінгі суретшілерді қайталамау керек деген нәрсе. Ондай талапты ешкім емес, өзіме-өзім қойдым. Оның үстіне Болат ағамыз да жаңашылдықты, барынша шынайылықты қалайтын адам ғой. Ал бізде әдетте осындай классикалық дүниелерге келгенде қазақ десе, киіз үй тігіп, шапан кигізіп шыға келетін бір стереотип бар ғой. Маған содан қашу керек болды.
– Қазір өнер адамына шетелге шығу деген таңсық емес қой, өзге елдердің театрын тамашалап, олардың сахнасы мен біздің сахналарды салыстырған шығарсыз? Не айырмашылық байқадыңыз?
– Әр халықтың өз драматургиясы, сондай-ақ өзге жұрттың туындысын сахналаса да оған деген өзіндік көзқарасы болады. Сондықтан салыстырмалы түрде алғанда мен бізде бұл жағынан артта қалып қоюшылық бар, ана бір елдікі – алда, мына елдікі тіпті төмен дей алмас едім. Бірақ әрине жалпыға ортақ үрдіс болары заңды. Бүгінде әлем бойынша сахна безендіруде ең бірінші кезекте минимализмге мән беріледі. Яғни, қандай тарихи дүние, қандай классика болсын, оны жаңаша әрлеп, заманауи келбетте көрсетуге деген ұмтылыс. Ал бірақ технологиялық жағынан, әрине Еуропа елдері қатты дамыған ғой, оны мойындау керек.
– Сахнадан тыс өз жеке шығармашылығыңыз да бар шығар?
– Әрине, мен жұмыстан тыс уақытта картиналар саламын. Арманым –болашақта жеке көрме қою. Өйткені мен тек сахна суретшілігімен шектелмей, кәдімгі үлкен өнерге ден қойғым келеді. Ал театр саласындағы арманым – «Гамлеттің» сахнасын безендіру.
Қылқалам -қоржын
М.Әуезов театрында: «Қарагөз», «Ромео-Джульетта», «Жүрейік жүрек ауыртпай», «Қылмыс», «Империядағы кеш», «Тендерге түскен келіншек»;
Ғ.Мүсірепов театрында: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кармен»;
Неміс театрында «Тест».