«Сатира – күштілер қаруы» деген қағида бүгінгі заманда өз күшін мүлдем жоя қоймаса да, едәуір әлсіреп қалғаны шындық. Әдебиет деп аталатын алып бәйтеректің үлкен бір бұтағы саналатын сатира жауынгер жанр ретінде де қоғамдағы қозғаушы күшке ие. Жалғандықты әшкерелеп, әділдік үшін күресу жолында осы бір жанрдың арқалар жүгі тым ауыр.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қаймағы қалың қазақы қалжың мен уытты әзілдің салмағы тым жеңілдеп кетті. Қылышынан қан тамған қызыл империя билік құрып тұрған Кеңес заманы тұсында сатира садағынан атылған әрбір оқ нысанасын дәл тауып, сол кездегі қоғамның көлеңкелі жақтары мен әділетсіздіктің бетін ашуға көп мүмкіндік берді. Оның үстіне, кеңес идеологиясы өз мақсатын жүзеге асыру үшін, негізінен, шығармашылық адамдарын, оның ішінде әсіресе сатириктердің қарым-қабілетін баспасөз арқылы тиімді пайдалана білді. Ол уақытта сын-сықақ пен әжуа-фельетондардың, әшкерелеуші памфлеттердің кейіпкеріне айналған қатардағы жемқор басшылардың өзін айтпағанда, түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің де іс-әрекеттері саяси бюрода қаралып, мәселенің ақ-қарасы айырылып жататын. Өйткені жер-жердегі билік органдары жауынгер жанрдың сардарына айналған қаламгерлермен санасатын. Ал бүгінгі қоғамда сатираның қармағына ілінген қандай мәселеге болсын ешкім селт етпейді. Оқиды да қояды. Онда айтылған жағдайға бас ауыртатын құзырлы орындар да жоқ. Бүгінгі сатира – тек бұқара халықты алдарқатып қана қоятын жеңіл жанр кейпіне түсіп кетті.
Бәріміз ауыз толтырып айтатын әлгі «сатира – күштілер қаруы» деген сөздің авторы – қазақы әзіл-қалжыңды ғылыми-теориялық тұрғыдан бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеп кеткен белгілі ұстаз-ғалым Темірбек Қожакеев ағамыз да кезінде салмақты сатираның сұйылып бара жатқанына қатты қынжылған екен. Қазір сатириктеріміздің шығармашылығын ғылыми айналымға түсірмек түгіл, бар дүниеміздің өзін талғам таразысына салып, лайықты деңгейде бағамдай алмай жүрген сияқтымыз. Қаламын қару еткен Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтер қазақты күлдіріп қана қоймай, ойлантып әрі жылата білді. Осы бір қабырғалы қаламгерлеріміздің туындылары әлі де болса пәрменін жоғалтқан жоқ. Осы бір үштіктің соңын ала қазақ сатирасы тағы бір шоғыр таланттармен толықты. Бүгінгі қауымға есімдері белгілі Сейіт Кенжеахметов, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш, Есенжол Домбай, Нұртан Төлепберген, Әбдірахман Асылбек, Қажытай Ілиясұлы, Дохтырхан Тұрлыбек, Есенбай Дүйсенбай, Жеңіс Шыныбеков сынды саңлақтар қоғам дертін сүзеген сөзбен түйреп келеді. Одан кейінгі Көпен Әмір-Бек, Толымбек Әлімбек, Берік Садыр, Мұхтар Шерім, Алпысбай Боранбайұлы, Асқар Наймантай, Ермахан Шайхыұлы сияқты сатира сарбаздары өздері ден қойған жанрға деген адалдықтарынан айныған емес. Осы қатарға кейін қосылса да, үлкен жанрға зейінімен қалам тартып жүрген Үміт Зұлқарова, Қанат Ескендір, Қанағат Әбілқайыр, Бейбіт Сарыбай, Олжас Қасым секілді жас дарындар қазіргі заман тақырыбын шама-шарқыларынша қаузап жүр. Біз сатира саласына қатысты көпке белгілі есімдерді ғана атап өттік. Осылардың өзі біршама күш. Олай болса, соңғы уақыттарда «қазақ сатирасы әлсіреп кетті» деген сөз қайдан шықты. Осының мәнісін тап басып саралап беретін әдебиетші, сыншылар тағы жоқтың қасы. Осы орайда бізге қазақы қалжыңның бағыт-бағдарын бағамдап, оны жан-жақты зерттеп беретін бүгінгі заманның Қожакееві тумай тұр демеске лаж жоқ. Бұған қоса, қаламгер атаулыға ортақ мәселе – қаламақы төлеу, авторлық құқық деген секілді жағдайлардың дұрыс жолға қойылмағандығы, осы саладағы продюсерлік қызмет пен пиар-технологияның, яғни кең насихаттың жоқтығы ұлттық сатираның өркен жаюына кәдімгідей кедергі келтіретіні сөзсіз. Талмай ізденсек, көркем әдебиеттен біршама қол үзіп, қазаққа ғана тән әзіл-қалжыңның қадірін жоғалта бастаған бүгінгі қоғамды есті күлкіге елітудің жолы табылар ма екен?! Кезінде мықты дамыған сатиралық әдебиетті қазіргі оқырман тұщынып оқиды деу қиын. Қазіргінің адамы қаптаған телеарналар мен интернеттегі қызылды-жасылды шоу-думандар мен жеңіл-желпі жылт етпе әзілдерге құмар-ақ. Алайда жұрттың талғамы солай екен деп, желдің ығына қарай жығыла беру тағы жарамас. Қалай десек те, өз ішінде бірнеше тармаққа бөлініп кететін сан-салалы сатира жанры заман ағымына барынша ілесіп отырмаса, мағынасын жоймаса да ескірген үстіне ескіре береді.
Бүгінгідей ақпараттық дәуірдегі сапырылысқан қоғамда адамдардың да талғамы өзгерген. Қашан да күлдіріп тұрып ұялту, әзілдеп тұрып ойланту оңай емес. Сондықтан да кез келген дүние жетілдіруді қажет ететіні сияқты сатириктерге тың ізденістер мен жаңаша формалар табу қажет. Бірақ біз сатираны қалай дамытып, шарықтатсақ та, оның қазақы кейпін сақтап қалуымыз қажет.