Әлемдік даңқы бар терең ақыл-ой иесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – өз халқы мен Отанына қызмет еткен ұлы тұлға.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымға арналған бюсттің ашылу салтанатына Қаныш Имантайұлының туған-туыстары, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты шараға мектеп оқушылары өздерінің арнайы даярлаған мерекелік концерттерін тарту етіп, дарынды балалар Қаныш Сәтбаевқа арнаған өлеңдерін, әңгімелерін оқыды. Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназиясында Қаныш Имантайұлының шөпшегі Кәмила Сәтбаева да білім алады. Кәмила Сәтбаева ғалым атасы туралы шағын баяндама жасап, өзінің бірге оқитын құрбы-құрдастарын оқу-білімге шақырды.
Шакирова Гүлзада ДҮЙСЕБАЙҚЫЗЫ, №56 мектеп-гимназиясының директоры:
– Мектебіміздің бір ғасырға жуық тарихы бар. Ал алаштың ардақты азаматтарының бірі, белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі бұл білім ордасына сонау 1964 жылы берілген. Жеріміздің қазынасын халқының игілігіне айналдыра білген біртуар ғалымның еңбегін бүгінгі ұрпақ біліп, бағалауы тиіс. Осы мақсатта біз ғалымға қатысты біршама деректерді жинастырып, шама-шарқымызша мемориалдық бұрыш ашқан едік. Міне, бір жылдан соң жанашыр азаматтардың қолдауымен мемориалдық бұрышқа Қаныш Сәтбаевтың бюсті орнатылды. Бюстті белгілі мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті сәулетшісі Қазыбек Жанашұлы Жарылғапов деген азамат жасап, мектебімізге сыйға тартты. Бірде Қазыбекпен кездесіп қалып, сөз арасында Қ.Сәтбаевтың бюстін жасату ойымда жүргенін айтқан едім. Ол менің сөзімді жерде қалдырмай, аз уақытта Қаныштай айтулы тұлғаның мүсінін жасап берді. Болашақта мектебімізде Қаныш Имантайұлына арналған мұражай ашсақ деген ниетіміз бар.
Қазақтың Қанышы ғана емес, ғаламның Қанышына деген құрмет жылдар өткен сайын арта түспек. Өйткені ғалымның ізін жалғастырушы ізбасарлары әлі де Қаныштай аты жаһанға мәшһүр ғалымның еңбектерін зерттеп, зерделеп, жаңалықтармен толықтыра түседі. Ғылым академиясының тұңғыш президенті, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы академик Қаныш Имантайұлы өзінің соңынан өшпес із қалдырып, небір білікті мамандар тәрбиеледі. Бүгінде қазақ ғылымын қазақша сөйлету әрқайсымыздың парызымыз. Ал №56 орыс мектебінің оқушылары қазақ ғалымы туралы қазақша баяндамалар, өлеңдер жазуы бұл білім ошағындағы білікті оқытушылардың еңбегі деп білеміз.