Сән сайысы саланы өркендетуге сеп болмақ
Алақайлауға жарап тұрған жаңалық: жуырда Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында халықаралық деңгейдегі «Аспара» атты сән фестивалі болып өтті. Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған керемет жаңалық болғаны сөзсіз. Елімізде кенжелеп дамып келе жатқан сән индустриясына қосар үлесі де қомақты болады деген үміт басым. Он саусағы фабрика дейтіндей небір хас шеберлер байқауда бағын сынады.
Оларға қойылған басты талап: туындыларын «Авангард» стилінде дайындап, аты аңызға айналған Айша-бибі сұлудың заманауи бейнесін жасау болды. Осы сән фестивалі арқылы сәнгерлер ұлттық нақыштағы элементтер мен заманауи сән үлгілерін ұштастыра білу қасиетін даралай білуі тиіс-тін. Қатысушылардың жұмыстарын Ресей, ҚХР, Испания, Шри-Ланка, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген кутюрьелер бағалады. Фестивальдің жүлделі сыйлықтарының қоры – 1,2 миллион теңге. Әу баста ұйымдастырушылар екі бағытты таңдап алған болатын. Яғни жас дизайнерлер арасында: «Авангард» жаңа заманауи стильді ұлттық нақышпен көмкеру, екіншісі – күнделікті киетін яғни «Прет-а-порте» бағыты таңдалған болатын. Байқауға қатысуға студенттер, жас дизайнерлер мен сән үйлерінен 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Олардың арасынан 34 жоба іріктелініп алынды. Қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі еліміздегі барлық облыстардағы жоғары оқу орындарында «Тоқыма және жеңіл өнеркәсіп» мамандығы бойынша білім алып жатқандар. «Аспара» халықаралық сән фестивалінің берері көп, әрине. Ең алдымен, түрен салынбаған тың жобалар мен дизайнерлік жаңалықтарға, бүгінгі сән саласындағы тенденцияларға ұлттық жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретіні анық. Әрі сән индустриясын дамытуға қосар үлесі де қомақты болары сөзсіз. Айтулы іс-шара өңірдің жеңіл өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді деген сенім мол.
Бүгінде Жамбыл облысында жеңіл өнеркәсіп, тері былғары, тоқыма өнеркәсібі жақсы дамып келеді. «ПОШ-Тараз» «Таразтеріаяқкиім» өндірісі жолға қойылған. «ПОШ-Тараз» итальяндық әріптестерімен біріге отырып тоқыма өндірісіндегі шикізат негізінде тоқыма жіп пен мата шығару өндірісін өркендетіп отыр. Өз кезегінде мұндай ауқымды іс шаралардың өңірдің өнеркәсібіне пайдасы зор болары анық. Сән фестиваліне әділтөрелік еткендердің арасында мүйізі қарағайдай ірі сән үйлерінің басқарушылары да бар. «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев әділқазыларға төрағалық етсе, оның мүшелері – философия ғылымының кандидаты Гүлнәр Ибрайшина, СУАР тоқыма және киім ассоциациясының төрағасы Жан Тон Жи (Қытай), Studio T.Vorotnikova сән үйінің директоры Татьяна Воротникова, (Қырғызстан), «СЫМБАТ» сән академиясының арт директоры Балнұр Асанова, «Набоко» шеберханасының дизайнері Ирина Набоко болды. Сондай-ақ құрметті қонақ ретінде Қытайдан Чинг Фен, Испаниядан Венука Ясасри Викрамараачи, Ресейден Сергей Воронин, Самарқаннан Елена Ладик, Ташкенттен Таисия Чурсина келді. Әлемдік деңгейдегі мықты сәнгерлердің сүзгісінен өту де оңайға соққан жоқ. Ине-жіптен жаңа шыққан әсем көйлектер дизайнерлердің талай жылғы еңбегінің, төккен терінің туындысы деуге болады. Бірінен-бірі өтіп, жұтынып тұрған нағыз жүйріктерді анықтау қазылар алқасына да оңайға соққан жоқ. Шетелдіктердің аузының суын ағызғаны біздің этнодизайн бағытындағы көйлек-көншектеріміз болды. «Шетелдік сән сайыстарына ұялмай-ақ ұсынатын нағыз шедевр», – деп баға берді майталман сәнгерлер.