Шәмші – кеше мен бүгінді жалғап жатқан алтын арқау

Есімі – әнге, ал өзі мәңгілік сағынышқа айналған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов егер тірі болғанда кеше 81 жасқа толған болар еді. Халқымыздың аяулы перзенті фәни дүниеде 62 жылға жетер-жетпес өмір сүрді. Жаратқан иесі маңдайына жазған сол азды-көпті ғұмырында дүйім жұрттың жан-жүрегін баулаған теңдессіз туындылар қалдырды. Жасыратыны жоқ, бүгінде Шәмші есімі күллі қазақ әнінің символындай әсер береді. Ал әндері әр ұрпақтың өз сезімі, өз сыры іспетті қабылданып, жаңарған уақытпен бірге келер күндерге жалғасумен келеді. Шәмші – кеше мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғап жатқан алтын арқау. Сол арқау барда қазақтың жас өркені еш уақытта тамырсыз, тарихсыз, талантсыз болмайды.
Шәмші тәрізді біртуар тұлғаларын танып-білу, ұлықтау арқылы ұлт ұланының ұлттық санасы қалыптасады, ұлттық рухы оянады. Шәмші өмірінің соңғы жылдарында үнемі қасында болып, жақын араласқан, басынан өткен-кеткен оқиғаларын өз аузынан жазып алып, кітап шығарған жазушы Оразбек Бодықовтың композитор жайындағы хикаяттарына жүгініп отырғанымыз да содан. Бұл – Шәмші табиғатынан сыр шертетін тағылымды әңгімелердің, әрине, бір парасы ғана...

               Абай ОМАРОВ (коллаж) 

Шәмші қалай Шәмші атанды?
Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында Сарыкөл деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасына 1927 жылы Қалдаяқ деген кедей келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты Әнапия екен. Оның оң аяқ балтырындағы үлкен қалды көріп жүрген жеңгелері оны Қалдаяқ атап, содан осы ат оған сіңісіп кетіпті. Татарлардың гар­монын, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір ұл бала дүниеге келеді.
«Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!» деген ха­барды алып, үйіне асыға келген әкеге жыр­тық шүберекке ораған нәрестені қолына ұстата қойыпты. Нәресте болса да, ересек адамның қарулы қолын сезе қойған бала шар ете қалады. Басқа балалардай шыңғы­рып жыламай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап: «Мен сені қиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мына дауысың патшанікі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен», – депті. Сол кезде Құдайберген де­ген құрдасы: «Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да, тақияңа тар келмес», – депті. «Онда айтқаның келсін. Жамшид деп қоямын», – депті сонда бала­дан басқа байлығы жоқ әрі кедей, әрі өнер­паз әке. Ол адамдар Жамшид деген ат алған сол бала содан аттай 30 жыл өткенде Шәмші Қалдаяқов болып өсіп-жетіліп, «ва­льс­тің королі» атанатынын білген жоқ-ау... Бірақ «король» деген аты дардай болғанымен, бұл өмірдегі басқа бақыттан жұрдай болып өтетінін де білген жоқ олар... 
Тыныштық қайда?
Соңғы үш жылды біз Шәмші екеуміз бірге өткіздік. Шәмші өскен жерлер – Шым­кент, Ташкент, Жамбыл облыстарын тү­гел араладық. Көп жердің қонағы бол­дық. Сол кездері дастарқан басында отыр­сақ та, жиындарда бас қоссақ та, еститініміз – көбіне өсек-аяң, біреудің болғанын көре алмау, сырттарынан балағаттау. Соның бә­рі­нен әбден мезі болып, бір күні Шәмшіге: «Қайда барсақ та, дау-дамай. Адамдардың бір дамыл алатын тыныш жері бар ма? – деп едім. «Бар», – деді еш ойланбастан. «Қай­да?» «Молада», – деді. «Апырай?..» «Мо­лада жатсаң, қас та жоқ, дос та жоқ... Билікке таласу не қор болу да жоқ... Ішкілік те, тоқшылық та жоқ», – деді Шәмші. Сөйт­ті де, күліп жіберіп: «Ол жақта компар­тия да жоқ. Ешкім саған партияны ән қылмадың деп айып таға алмайды», – деді. «Партияны жырламадың» деп, ат-атақтан құр қалып жүрген Шәмшінің бұл шыны еді. 
Айырмашылық
– Әйел мен еркектің мінезіндегі айыр­машылықты білесің бе? – деді маған Шәмші.
Өзің-ақ айтшы.
– Еркек әйелін оп-оңай кешіреді де, болған оқиғаны сол сәтте ұмытып кетеді. Ал әйел кешіруін кешіргенімен, ешқашан ұмытпайды... Хе-хе-хе...
«Сен не сөзге болсын, ұтқыр да өткір жауап таба қоясың. Ойлау қалпың неткен жылдам!» – деп, бір күні шынымды айтқан едім. Шәмші оған: «Ешқандай жылдамды­ғым жоқ. Мен айтарымды айтам да, сосын барып ойланамын», – деді. «Неге?» «Айт­қан сөзім тыңдаушыма қалай әсер ет­ті» – соны ойланамын». «Шашың түсіп, қас­қа болып қалғаныңа мақтанғандай, үнемі жалаңбас жүресің. Неге?» – дедім мен. «Не­сі­не ұяламын? Ән басымнан емес, жүрегімнен шығады ғой», – деді Шәмші.
Композитор болудың әлегі
Жұрттың бәрі ән шығарып жатқанда мен қаламын ба деп, бір өрт сөндіруші ол да композитор болғысы келіп, музыка мектебіне түсуге арыз береді. Сынақ алу­шы­лар әлгінің түрін көріп-ақ күлкілері келе­ді. 
– Сіз мектепке түспестен бұрын рояль мен скрипканың айырмашылығын айтып беріңізші, – дейді оған әлгілер.
– Айырмашылығы жер мен көктей, – дейді өрт сөндіруші. – Өрт болса, скрипка лап етеді де, рояль ұзақ жанады...
Әкім Лұқпан әңгімесі
«Әр жақсымен сұхбаттасқан әр күнімді бір жылға есептесем, мен мың жасаған екенмін» деген сөзді Әкім Лұқпан айтқанын білесің ғой» деді Шәмші бір күні. «Білемін. Ол – Иса Пайғамбардың өмірін жазған кісі. Христиандар оны Лука және Лукьян деп те атайды». «Ол кісі әрі дәрігер болған. Барлық емдік шөптердің қасиетін білген. Міне, сол кісі ел кезіп, ауру-сырқауларды емдеп жүріп, басына баспана салуды ой­ла­мапты. Шөлде келе жатқанда жел тұрып кетсе, ықтасын жасайды екен де, сол жерді паналайтын болса керек... «Уа, ғұлама, сен неге үй салып алмайсың?» – дейді екен кезбе емшіні аяған жұрт. Сонда Лұқпан: «Мен бұл дүниеге қонақпын. Үстіме зәулім ғима­рат орнатсам да, күндердің күнінде о дү­ние­дегі тұрақты үйіме кетем. Сондықтан ол нәрсеге несіне әуре боламын» дейді екен оларға..» – деді Шәмші күрсініп. «Бұл әңгі­мені неге айтып отырсың?». «Мен де Лұқ­пан секілді үйді ойластырған адам емеспін. Қонаев бергізген үш бөлмелі пәтер екі ба­лам үйленсе, онда сыймай қалатын түрім бар. Қонаев маған екінші рет үй бергіз­бейді. Тіршілік болса, күндер­дің күнінде қайда барамын?.. Жас келген сайын соны ойланып, Әкім Лұқпанның жолын бекер қудым-ау деп өкінем, – деді Шәмші. Мен үндемей қалдым. Шәмшінің фәлсафасына әркім әрқилы жауап беретін­дігін білген­діктен үндемедім. Шәмшінің ойы дұрыс па, бұрыс па, оны келешек ай­та­ды.
Шәмшінің жылауы
Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де оған «Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілер ме екен?» деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.
Бұл 1989 жылдың жаз айы болатын. Біз Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музы­кант жігіттің үйінде қонақ болып отырған­быз. Таңертеңгілік газетті қарап отырған Шәмшінің дауысы оқыс шықты.
– Мә! –деді ол маған газетті ұсынып, – мына указды оқы.
Мен қарасам, газетте Шәмшіге «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілген указ жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағат­тың да тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүретін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тыйылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіре­се, Шәмшінікі. Себебі бар өмірін шығарма­шылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кі­тап­шасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, «Өнер қайраткері» деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал  «Үздік мәдениет қызметкеріне» ондай ерекшелік тиіс емес.
– Ие, бәрі бітті... Тынды... – деді Шәмші терең күрсініп. – «Сенген қойым сен бол­саң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен бі­реу...
– Апырай, неге бұлай етті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, – деп қалды Райымқұл.
Ие, кім десе, о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып, еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз – бұл.
– Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? – деді Шәмші дауысы әрең шығып.
– Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар..
– Жоқ, көңіл, – деді Шәмші. – Бірақ сол көлдің шөлге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.
Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Екеуміз үш жыл бірге жүргенде мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәм­ші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйіріл­ген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал бұл жолы шындап жылады. Әлдекім­дердің оңдырмай атқан оғына қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай болып сезілді маған...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста