Шәкірдей эпик ақын жоқ қазір
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, Халықаралық Жамбыл қорының лауреаты, ақын, Шәкірдің хатшысы:
Шәкір Әбенұлы, Қайым Мұхамедханов. 1988 жыл
– Төлеген аға, Шәкір ақсақалдың хатшысы болып, ақынның қасында жүруіңізге не себеп болды?
– Сол кездегі Абай аудандық райкомының бірінші хатшысы Хафиз Матаев: «Шәкір шалға ие бол, қолжазбасын жинақта», – деп маған тапсырған соң, қасынан сегіз жыл бойы бір елі қалмай, осы күні ел айтып жүрген бар шығармасын жинадым. Екі кітабын шығаруға атсалыстым. Шалдың қасында жүрген өмірім еш зая кеткен жоқ. Бірінші, ел таныды. Ә.Нұршайықов, З.Қабдоловтар «шалды ертіп жүрген –Төлеген» деп, мен туралы да жазды. Шәкір арқылы еліміздің маңдайалды жазушылары Әзілхан Нұршайықов, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденовтермен Алматыда дәмдес, дастарқандас болдым. Екіншіден, шалдың қадір-қасиетін түгелдей білемін десем артық айтқандық емес. Шәкір менің әкем Жанғалиды Әріп Тәңірбергенов құралпы ақын деп бағалайтын.
– Шәкір атаның ерекше қасиеттерін айтып берсеңіз.
– Шәкірдің қабілеті көп. Эпикалық жағынан поэзиясы кең тынысты, ауқымдылық жағынан қазір Шәкірге жететін ақын жоқ. Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиндердің поэмасы ұзаса 400-500 жол болады. «Құлагердің» өзі екі баспа табақтай, ал Шәкірдің әрбір поэмасы – бір кітап. Оқымай-тоқымай, «Таңшебер–Жапал», «Кейпін батыр» сынды дастандар тудырған ақынға Құдай қасиетті үйіп-төгіп берген. Поэма жазатын ақындар қазір некен-саяқ. Оның поэмаларынан бүтіндей бір дәуірдегі адамдардың мінездерін, қарым-қатынастарын көресің. Адам бір роман оқығандай болады. Адам портретін берудегі шеберлігі керемет. Ал қазір батыр туралы жазса, соны ғана дәріптейді. Шәкір Қодарды суреттегенде «кеудесіне біткен түгі бұршақ соққан шалғындай ығы-жығы» дейді. Қандай тамаша сурет!
Екінші ерекшелігі – ән-күйлерінде өзіне дейінгі ақын-сазгерлердің сарынын пайдалануы. Бірде Шәкір Әріп Тәңірбергеновке барса, сықылықтап күліп: «Тобықтылардың шығармайтыны жоқ. Ендігі шығарып отырғандарын қарашы – үш шекті домбыра. Домбыраларының өзі шата болып келеді» депті. Үш шекті Абай домбыраның үшінші шегінен мандалинаның үні шыққанын Әріп «шата» деп отыр. Шәкірдің әндері мен күйлері үш шекті домбыраға арналып жазылған. Кезінде «Өнер» баспасына үш баспа табақтай әндері мен күйлерін нотасымен кітап етіп өткізгенбіз. Шалдың шалдыбар мінезінің кесірінен шықпай қалды. Баспаның сол кездегі директоры Сұлтан Оразалин болатын. Сол кітап әлі күнге дейін баспада жатуы мүмкін. 20 шақты әні, 10-ға тарта күйі бар. Шәкір «Әнші моласы» деген әннің сөзі менікі болғанымен, әні менікі емес, Көкбайдың әні» деген болатын. Ол кісі алты ақынның сарынын білген. Сабырбай , Түбек жөнінде жинаған дүниелері – бөлек әңгіме.
– Ақын-композитордың ашылмай жатқан қыры бар ма?
– Ашылмай жатқан қыры – прозалық шығармалары. «Маскүнем шебер» деген екі томдық үлкен хикаятын баяғыда «Совхоз туы» газетіне жарияладым. Шығармасы қазіргі прозаға мүлде ұқсамайды. «Мың бір түн» оқиғасы сияқты философиялық астарлы. Әрине оқымаған адам болған соң, сюжет, әдеби норма жағынан ақсап жатады. Ал мазмұндық, ой тереңдігі жағынан дау жоқ, керемет.
– Қуақы мінез, қалжыңбастығы туралы айтсаңыз.
– Досы Жұмакүлбай екеуі қалжыңдасқанда, шыны қайсы, өтірігі қайсы айыра алмай қалатынмын. Қасқабұлақта Үбіғали деген бойы екі метрге жуық достары болды. Семеймен екі ортада бір күн жатып, бір марқасын жеп қайтатын үйлері – Үбіғалидың шаңырағы. Менің студенттік шағым. 70-жылы екі шалды мен Абайдан алып барып, Семейден қайтарда, Үбіғалидың үйіне соқтық. Бір шай ішіп болған соң, қып-қызыл төбелес басталып кетті. Бір-бірін тарпа бас салып, айғайласа жөнелді. Жас кезім, зәрем ұшып кетті. Үбіғалидың бәйбішесі үндемейді, теріс қарап отыр. Бір уақытта сап тыйылып қалды. Сөйтсем, бұл кісілердің қалжыңының өзі осындай ойын екен. Кемпірі менің білмейтінімді біліп, теріс қарап отыр екен. Әңгіме барысында байқағаным, Жүкең есе бермей отырады екен. Шәкір шал сыйлай ма, әлде Жүкеңнің үлкендігінен бе, Жүкеңнің алдын кесе-көлденең өтпейді. Жұмакүлбай қолма-қол басымырақ сөз тауып, ұйқастырып отырады. Ана кісі үндемей отырады екен. Қайта Үбіғали ақсақал мына екеуінен де басымдау, «қазір сендерді сабаймын» деп мықтылығын көрсетіп қояды. Бірақ ол кісі – әңгімеге жоқ, қара күштің иесі.
– Шәкір көпті көрген шежіре ғой, әңгіме айтқанда майын тамызатын болар?
– Кеңес дәуірінде аузы күйіп қалған, әңгімені абайлап айтатын. Шәкәрім екінші рет тірілгенде, ол кісі бар. Өмірінде екі рет көрген екен. Бірақ көргендігін ғана айтады, басқа нәрсені ашпайды. Тыңдаушыны алдын ала зерттеп, байқап алатын. Арзан күлкі іздегендер, кеудесінде тереңдігі жоқ ортаға боқауыз өлеңдерін айтып күлдіре беретін, шын ниетімен тыңдағысы келген есті құлаққа таң атқанша отырып, ел-жер туралы тарих айтудан жалыққан емес. Ұғар құлаққа айтар әңгімесі де ойлы, тыңдаушының ұйқысы да келмейтін. Ақсақалдық, бабалық қасиетпен айтатын әңгімесі өте терең. Шалға деген қарызымды қолымнан келгені сол – өлең түрінде қағазға түсіріп, «Баба жайлы балладалар» деген балладаларым арқылы беруге тырыстым.