Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бар. Міне, сол халық даналығы осындайда айтылса керек. Қазақ әдебиетіне талай керемет жазушы, арқалы ақындар сыйлаған Оңтүстік өңірі жас талапқа да кенде емес екен. Ал бұл жолда «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының еңбегі ерен. Олай дейтініміз, құрылғанына үш жыл толған қор жас қаламгерлерді қолдау аясында бірқатар тағылымы мол, рухани кемелденуді мұрат тұтқан іс-шаралар өткізді. Соның бірі — «Шырайлым — Шұбайқызылым» атты жазба ақындардың байқауы. Ол алғаш аудандық деңгейде, сосын облыс аумағында, енді республикалық дәрежеде өтіп отыр. Жас таланттарды табуды мақсат еткен байқау, Мағжанша жырласақ, «толқыннан толқын тудырған» ғаламат жиын болды. Мұны Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылындағы М.Х.Дулати атындағы аудандық мәдениет сарайында өткен жас ақындардың жыр додасынан көріп қайттық. Шындығында, табиғаты әсем Түлкібас өңірінде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Шырайлым — Шұбайқызылым» жас қаламгерлер республикалық байқауының деңгейін халықаралық дәрежеде деп айтуға болады. Себебі, жыр додасына Қытайда туылса да, тілінің шұрайынан айырыла қоймаған қандас бауырлар да қатысып, жүлдегер атанды.
Байқауға бас-аяғы 50-ге жуық туынды түссе, соның ішінен 15 жас талап суырылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі ақын, журналист Жанарбек Әшімжан, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт, ҚР Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері, Жазушылар одағы ОҚО филиалының төрағасы Әбілда Аймақ, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ө.Маткеримов «Мархабат-Мирас» қорының игілікті ісіне, жас ақындардың шығармашылығына сәттілік тіледі.
Жас таланттарды тәрбиелей отырып, кейінгі ұрпақты кітап оқуға бет бұрғызу, сол мақсатта облыстың белгілі ақын-жазушыларын жастар ісіне тартуды көздеген Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Сәтпай Нұрлыбайұлының бастамасымен “Мархабат-Мирас” қоғамдық қоры құрылып, аз ғана мерзім ішінде талай жас таланттар тұсауының кесілуіне мұрындық болған еді. Туған жер табиғатының ерекшеліктерін, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атанған аймақтың артықшылықтарын жас қаламгерлер шығармашылығы арқылы айшықтауға, жас өскін таланттарды ынталандырып, жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысуды мақсат еткен шара өз межесіне жеткені анық.
Иә, Түркібасы жерінде Шұбайқызыл атты теңдесі жоқ шоқы бар. Табиғат-ана оянған шақта Шұбайқызылдың етегін қазақ қызғалдағы көмкереді. Бейне қызыл көйлек киген қырмызы қыз секілді. Мүшәйраның 1-орын иегері ақын қыз Жансая Құттыбекованың:
«Шұбайқызыл, қазақы дархан далам,
Басынан бақ-дәурені тарқамаған.
Қыз ғұмыры секілді қызғалдақтар,
Табиғатың ұқсайды, қалқам, маған»,— деп келетін жолдары осы ойды дөп басқандай. Анығында, ХІХ ғасырда Қаратау мен Алатау, Қазығұрт, Ақсу-Жабағылы, Шұбайқызыл қызғалдағын сырт елдерден жеткен зерттеушілер Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы деп атап, әлемдік ғылымға солай еніп кетсе де, ХІХ ғасырда қарашекпенділер қаптағанда оны «Красная горка» атандырыпты. Жергілікті бір шайыр:
«Шырайлым – Шұбайқызылым!
Құзғындар көрген қызығын.
Жаным-ай жотам – жасылым!
Жүдегеніңе жасыдым...»,— деп жырға қосыпты. Дала гүлдерінің сұлулығы туралы 2012 жылы қарашаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газеті Шұбайқызылда республикалық фотосеминар өткізіп, атынан адасып бара жатқан қазақ гүліне ен салып, әдемі есім де берілген еді.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жыр додасына қатысқан жас ақындар ішінен Батырхан Сәрсенхан, Әлішер Әлімжан, Нүркен Нұрғазыны айрықша атап өтуге болады. Әсіресе, 11 жылдық мектепті әлі тәмамдап үлгермеген Нүркеннің қалам ұстасы өзгеше.
«Дүнияны дәрменсіз кешір даулы...
Бұл биікті ел пейіш десін мәңгі.
Грейг, Кауфман...дейді? Білмейді екем,
Гүлсім, Кәмшат...арулар есімді алды...», — деп келетін балаң жігіттің ерке назы, қазақы қара өлеңді төрт тағандатып, буынын бусандырып жазған «Жұмақтың қызғалдақтарын» оқып отырып, «Мектеп оқушысы осындай жыр жаза ала ма?»,— деген сұрақ туындайтыны анық. Иә, Нүркеннің аты мұнан бұрын «Қазығұрт KZ» журналында жарық көрген «Математика» өлеңімен де таныс еді. Онда да, математика өлеңге айналғанмен, өлеңді математикаға иілдіре алмайтындығын осы жырында әзілмен айшықтаған болатын.
Ал Әлішер Әлімжан туралы республикалық, облыстық газеттерде көп айтылып, жазылып жүр. Әрине, бағасын жырсүйер қауым өзі бере жатар. Мүшәйрада оқылған Шұбайқызыл туралы жырында қазақ ауылының, даланың иісі аңқып тұр.
«Күлтесіне көктемнің арымды орап,
Ұшар маған сыйлаған ауыл қанат.
Жүре-жүре өскен ек аяқ тозып,
Тауға беттеп,
Қыр кезіп,
Адыр қарап.
Үкілі үрдей үмітті бір ақыннан,
Күтіп ылғи үмітті тұратын маң.
Бар қызығы көктемде шұбатылған,
Өлең тердік, гүл емес, мына қырдан», — деген жолдарда ауылға деген сағыныш, даланың гүліне деген құрмет менмұндалап тұрғандай... Дегенмен, Оңтүстікте Бақытжан Алдияр ағасы бастаған өлең көшінің тізгінін ұстар ақын болатындығына бек сенімдіміз. Мұқағалидан, бертінде Есенғалидан қалған өлеңдегі қарапайымдылық арқылы тереңдікке ұмтылу Әлішердің жырынан аңғарылады. Әйтсе де, ізденсе күні ертең жас талаптың өз соқпағын табатыны айғақ.
Батырхан Сәрсенханның өн бойынан қазақтың қайсар ақыны Мұхтар Шахановтың қимыл-әрекетін көргендей боламыз. Әсіресе, әруақтанып, екі қолын сілтеп-сілтеп тастап өлең оқыған сәтінде...
«Ұмытып жар-бөбегі жыр аңсауды,
Жалаң табан кемірген құлан тауды.
Бесігін алып қашқан қаралы ана,
Қаратаудың басында бір ән салды.
Қанша ғасыр боздатып бозінгенді,
Қараша жыл тарихтың көзінде өлді.
О, Шұбайым, тапталмас табандарға,
Енді сенің жайқалар кезің келді».
Міне, тілге жеңіл, жүрекке жылы, рухтандырар, шабыттандырар жырлар. Қазақтың қызғалдақтарына, қазақ қыздарына арналған мадақ жыр.
«Жанарыңнан бір сәтке жас ұққан кім,
Қарымтасын қайтарсын қасық қанның.
Сабағыңнан себепсіз жұлғандарды,
Киесі ұрсын, зарлаған ғашықтардың»,— деген жыр жолдарында табиғат-анаға деген бауырмалдықтың, Отанға, қаракөз қарындасқа, бауырға деген ыстық ықыластың, үлкен жүректің соғысын аңғарғандай болдық. Жыр додасында Мархабат Байғұт ағамыздың «Әр жыл сайын Шұбайқызыл басына шығып, шығармашылық адамдарының шабытын шыңдауды дағдыға айналдыру керек. Онда бір тал қызғалдақ жұлынбауы тиіс»,— деген аталы сөзіне Батырхан баласының осы жыры серпін беріп тұрғандай.
Батырхан Түркістандағы ізін басып келе жатқан «өлеңнің» уызын ішкен жас ақындарға аға болатындай жыр жазып жүр. Шымкентке келген сайын өзін әр қырынан көрсетіп, қазақтың арқалы ақыны Төлегенше жырларын жатқа соғатын қасиеті тағы бар.
Осы ретте республикалық «Шырайлым — Шұбайқызылым!» атты 14-29 жас аралығындағы жас қаламгерлер байқауында жас ақындар Шұбайқызыл шырайы аталуға тиісті қазақы қызғалдақ пен сарғалдақтың Голландияға әкетілген қазақ қызындай тағдыры, замандастардың туған жерге, тәуелсіз елге деген перзенттік сүйіспеншілігі терең тебіреніспен, таза жүрекпен, озық оймен, жаңашылдықпен, құнарлы көркемдікпен бейнелеп, жүйрік сәйгүліктің жалындай төгілтіп жазған көркем жырмен түлкібастықтарды жыр жауһарына қанықтырды. Жабық түрде өткен байқауда ақын Жанарбек Әшімжан бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша Отырар ауданынан келген Жансая Құттыбекова І орын, Қытай Халық Республикасынан келген Бақбер Алтайұлы мен Түркістан қаласынан Батырхан Сәрсенхан ІІ орынды иеленді. Ал ІІІ орынды шымкенттік Дәурен Айманбетов, алматылық Әріби Дауыл және жерлесіміз Әлімжан Әлішер жеңіп алды. Созақтық Күләш Нұрлыбек, алматылық Алпамыс Файзолла, түлкібастық Нүркен Нұрғазы, мақтааралдық Ербек Бәкиев, жамбылдық Хамит Есаман, алтайлық (ҚХР) Ержан Думан ынталандыру сыйлығын алса, алматылық Абылайхан Есімбай облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесімен, қызылордалық Ерасыл Шәрібек Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының арнайы жүлдесімен, «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының жүлдесімен қызылордалық ақын Құралай Мырзағали, шымкенттік Әсел Ережепова марапатталды.
Жеңімпаз атанған жас жазба ақындар арнайы сыйлықтар және дипломдармен құрметтелді. Байқауға қатысушылар қызғалдақ мекені саналатын Шұбайқызылым шоқысына барып, табиғаттың әсем көркін тамашалады. Тұрар Рысқұлов саябағына ағаш отырғызды. Түлкібастан бір-бірін қимай аттанған бауырмал жүрек ақындар Оңтүстіктің табиғатына тәнті болып тарасты. Келесі жылы да Түркібасыда кездесіп, тұқымы қаулап бүр жарған қызғалдақтардың сұлулығынан шабыт алмаққа уәделесіп жатты...