Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімшілігінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен 18 мамыр күні сағат 16.00-де Ұзынағаш ауылының Мәдениет үйінде қазақтың талантты ақын қызы Роза Сейілханның шығармашылық кеші өтеді.
«Ауыл аман болса екен, тауым аман...» атты шығармашылық кешке белгілі қаламгерлер мен танымал өнер жұлдыздары, ақынның бір топ қаламдастары қатысады. Қазіргі қазақ поэзиясында нәзік те сыршыл лирикасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген ақын Роза Сейілханның есімі қалың оқырманға жақсы таныс болуға тиіс. Бүгінде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқаратын Роза – әдебиет, руханият тақырыбында жазылған толғақты материалдарымен келелі ой айтып, ақындық қарымын азаматтық публицистикамен де ұштастырып жүрген қалам иесі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, бірнеше республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері Роза Сейілхан 1972 жылы 25 cәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Әр жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, «Zaman –Қазақстан», «Ана тілі», «Алматы ақшамы» басылымдарында жұмыс істеген.
Өлеңдері өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан бастап республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді.
Ән мен жыр әуелейтін ақынның кешін талантты әнші-композитор Роза Әлқожа мен жас қаламгер Бейбіт Сарыбай жүргізеді. Келемін деушілерге есік ашық.