Роза Рымбаеваның жұрт біле бермейтін қырлары

 Қазақстанның Халық әртісі, кеңестік және қазақ эстарадасының белгілі әншісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, Құрмет және Парасат ордендері мен марапаттың иегері Роза Рымбаева Қуанышқызы өмірде қандай адам? Ол қандай студент болды? Күйеуімен қалай танысты, қандай отбасында тәрбиеленді? Өнерге қалай келді? Және кімдердің өмірінің өзгертуіне себепкер болды? Бұл жайлы Роза Рымбаева қонақта болған «Дара жол» бағдарламасында белгілі болды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Арфи сахнасында ән шырқаған, үлкен байқауларда жүлделі орын алған, бүкіл республикаға танымал болған Роза Рымбаевадай жұлдызды университет ұстаздары қалай қабылдады, ондай шәкіртке сабақ беру оқытушыларға қиын болды ма?

«1979 жылы Кәукен ағаның айтуымен музыкалық театр ашылады деп әдейі сол курсты қабылдаған болатын. 1 қыркүйекте сабаққа келдім. Сонда маған курсыңда Роза Рымбаева оқитын болады деді. Ол кезде Роза атышулы ҚР еңбек сіңірген әртісі, Болгариядан гран-приді алып келген қыз. Мен ойладым енді курстың берекесі қашатын шығар. Бұл енді еркелеп, сабаққа келгісі келсе келіп, келгісі келмесе келмей жүреді ғой деп ойладым. Содан кейін сабаққа бардым, қаздай тізіліп отыр екен. Біздің актер шеберлігі мамандығымыз бойынша, алдымен жаттығуларды үйретеміз», - дейді Халық әртісінің ұстазы Рәхила Машурова.

Ол жаттығуларға итчуттар кірген екен, содан кейін барып хайуанаттар әлеміндегі жаттығуларды жасау керек болыпты. Бірақ, ең қиыны да осы болған екен. Себебі, екі аяқты адам бір уақытта төрт аяққа жығылып, маймылды, қозыны, тауықты, мысықты көрсетуі тиіс болатын.

Бір күні сабақ кезінде оқытушы аудиториядағы студенттерге қарап шығып, қап-қара кішкентай қызға көзі түседі де: «Рымбаева маған мысықты көрсетіңізші» дейді.

«Ол көрсетпейтін шығар деп ойладым. Енді ол қиын ғой. Ал балалардың бәрі қарап отыр. Бір уақытта бір жерден «мияууу» деген дауыс шықты да, Роза төрт аяғынан тұрып, сол жаттығуды жасады. Балалардың бәрі көмектесті. Сол күннен бастап «бұл қыз шынында да оқитын бала» деп ойладым. Бұл жоғарғы оқу ғой енді, ол оқып кетті», - дейді ұстазы.

Студент бола тұра Роза Рымбаева арасында гәстрөлдерге де барып-келіп жүрді. Сонда балалардың екі ай оқыған бағдарламасын Роза гәстрөлден келгеннен кейін бір аптада меңгеріп алып, алда жүрген.

«Құдай берген талантымен, алғырлығымен, жауапкершілігімен Роза 5 жыл бойы оқыды. 5 жылдың ішінде Розаның жасаған рөлдері мысалы, Арбузовтың ең атышулы пьесасы «Иркутская история» бүкіл союзда қойылды ғой. Міне, Роза сондағы Валяның рөлін ойнады. Керемет жақсы шықты. Содан кейін Чихан шешейді, Дормидонтаны ойнады. Роза массовкаға ұялмай шығатын. Өйткені, әртіс массовкаға шығуға ұялатын болса, ол еш уақытта әртіс болмайды. Әртіс массовкадан өседі»,- дейді ұстазы Рәхила Машурова.

Сол кезден бастап Роза ұстазының досы да, ақылшысы да, сырласы да болды. Ұстаз бен шәкірт арасында бұл керемет сыйластық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Оның айтуынша, совет кезінде аты асқақтап тұрған үш әнші ғана болған. Олар Алла Пугачева, София Ротару және Роза Рысбаева еді.

Сол кезде бүкіл елдің ішінен суырылып шығып, әсем даусымен халық жүрегінен орын алған қазақтың Розасы осыдан 2-3 жыл бұрын Мәскеуде, биыл Белорусияда жұлдызын мәңгіге қалдырды. Халық әртісінің ұстазы шәкіртінің бұл жетістігіне қатты қуанды. Ұстаздың ендігі арманы Қазақстанда да Розаның жұлдызының қалуы. Ол туған елі де Розаға арнап жұлдыз қойса үлкен қуанышқа кенелетінін айтты. Ұлағатты ұстаз «Розаның мұғалімі болған мына мен бақыттымын» дейді. Айтуынша, Розадай Халық әртісінің ұстазы болғанына көбісі қызғанып қарайды екен. Ал, оның шәкірті кім? Роза ғой дегенді естіенде Рәхила Машурова кәдімгідей ерекше сезімге бөленетін жасырмады.

«Мен сахнада шәкірттерімді көргенде қуанамын. Солардың тілеуін тілеп отырамын. Ал Розаның жолы, оның орны бөлек», - дейді Роза Рымбаеваның ұстазы Рәхила Машурова ағынан жарылып.

Роза Рымбаева өмір бойы халықтың алдында жүргендіктен, оның жетістігіне бүкіл ел куә болып келеді. Ұстазы Розаға ұстаздық еткені үшін өзін бақытты санаса, курстастары осындай қызбен оқығандарын мақтан тұтады.

«Роза ешқашан, құрбыларының жанында жүргенде де мен Розамын деген емес. Гәстрөлге кеткенде қалып қойған сабақтарын бізден сұрап, үйреніп, кейде соны көрсетіп, бізден де озып кететін кездері болатын. Апайымыз «Ойнамаңдар. Қараңдаршы Роза жүр ғой сахнада ойнамай-ақ», деп шын жүрекпен өмір сүріңдер дейтін. Талай қызықтар болды. Бір күні Розаға жаңағы «Иркутская историяда» Валяны берді. Оған сахнада жылау керек болды. Содан ол әлі шықпай. Сол уақытта Розаны қатты аяп кеттім. Ақыры шыдамай сахнаның артына барып Розаға бір сөз айттым да, кетім қалдым»,- дейді актриса, Роза Рымбаеваның курстасы Меруерт Омарбекова.

«Сол кезде Меруерт маған ауыр сөз айтты. Бір уақытта Машурова: Рымбаева сахнаға деп, айқайлады. Мен сол күйімде кеттім сахнаға. Ана Мираның айтқан сөздерінің бәрінен көзден жас мөлдіреп ақты. Мен жылап, рөл жайында қалды. Валяны амалсыздан ойнап, жүрдім жылап, көзден жас ағып жатыр, ағып жатыр»,- деп күлді Роза Рымбаева студент шағын есіне алып.

Осылайша, Роза құрбысының ауыр сөзіне жылап жүріп, кейіпкердің образына қалай кіріп кеткенін де білмей қалған. Сөйтіп, Меруерт құрбысы Розаға осы сюжетті орындап шығуына көмектескен.

Гәстрөлдік сапарға жиі шығатындықтан, Роза сабақтан қалып қалатын. Бірақ, ұстазы шәкірті қатарға ілессін деп, тіпті театрдағы рөлдерін кейінге қалдырып, түнгі 11-ге дейін Роза Рымбаевамен бағдарламаны қайталап, дайындық жасайтын.

«Мен курстастарымды қуып жету үшін апай кейде театрға да шақырып, дайындайтын. Апайдың маған деген еңбегі зор. Бүгінгі сахнадағы жүріс-тұрысым, ойлауым, көзқарасым, образға кіруім, қазіргі сахнадағы кәсіби шеберлігім ол – ұстазымның маған кетірген еңбегі. Және де курстастарымның барлығы мен 1 айлап кешігіп келгенде де, бәрі жан-жақтан көмектесетін. Образ жасауға, рөлдерді сомдауға. Мысалы, Меруерттің мені жылатып, көмектескеніндей»,- дейді Роза Рымбаева.

Көбісі Розаны әнші ретінде білгенімен, өмірде жан-жақты адам екенін елдің бәрі біле бермейді. Курстасы Меруерттің айтуынша, Роза Рымбаеваның актерлік шеберлігі тіпті керемет. Халық әртісі көп адамдардың жүріс-тұрысын, сөйлеуін бақылап жүріп, кейін пародиялап құрбыларын күлкіке қарық қылады екен. Кезінде режиссер Борис Приображенский Николаевичтің өзі Розамен бірге «Баттерфляй» атты спектакль қоймақшы болып, арманда кетті. Режиссер әркез «Роза келеді сол рөлге, Розамен жұмыс істегім келеді» деп айтып жүріпті.

Роза Қуанышқызының үлкен әпкесі Ақайқан Рымбаеваның айтуынша, Розаның өнерлі болуы және бойындағы актерлік қасиеті анасынан дарыған. Роза Рымбаеваның анасы да әдемі дауыс иесі болыпты. Ал, нағашы апасы кез-келген еркекті аттан жұлып алатын мықты кісі болған. Атасы болса өз уақытында ауылнай болып, халықты тыңдата білген екен. Роза Рымбаеваның анасы бес баланың бірі. Әкесі Қуаныш кедей отбасынан шыққан бір үйдің жалғызы болған.
 

Қуаныштан 8 бала болды. Бірақ, кейіннен біреуі қайтыс болып, қазір 7 бала қалды. Роза Рымбаеваның әке-шешесі өте қарапайым, шаруакеш, өз жұмыстарына тыңғылықты жандар болған. Анасы өмірі жұмыс істеген емес. 8 баланы дүниеге әкелген ана 8 баласын аман-есен өсіріп, жеткізді. Бүкіл тәрбие, үй тірлігі анасының мойнында болды. Ал әкесі күнде, таңның атысы, күннің батысы жұмысында жүретін. Міне, Роза Қуанышқызы осындай қарапайым үлкен отбасында өсті. Бауырлары баршылықты-жоқшылықты демей, бәрі бір-бірін сүйрей-сүйрей мектеп бітіргеннен кейін әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты.
Көпбалалы отбасынан шыққандықтан ба, Роза Қуанышқызы кішкентайынан еңбекқор, жұмысқа тиянақты, еңбекқор болып өсті.

«Бір отбасында 1 басшы болады дейді ғой. Біз 8 бала болсақ та, ешқайсымызға мұндай қасиет бұйырмаған. Бірақ, тәрбие бәрімізге бірдей берілді. Әке-шешеміз еңбекқор, табанды, төзімді болуға үйретті»,- деді Роза Қуанышқызының үлкен әпкесі Ақайқан Рымбаева.

Осындай қасиеттерді бойына сіңірген Роза Қуанышқызы кейін отбасының барлық мүшесін орталыққа көшіріп әкеліп, Рымбаевтар мен Оқаповтар отбасына қорған болды. Әрқайсысына оқу іздеп беріп, отбасылы, үйлі-баранды қылып, бір азаматтың, тіпті үлкен кәсіпорынның жасаған жұмысын атқарды. Бірақ, Халық әртісі бұны ерлікке санамайды. Оның сөзінше, қазір көптеген әншілер отбасыларына осылай көмектесіп, қолынан келгенді жасауда.

«Қазір әншілерді байқасам, көпшілігі солай. Ауылдан әке-шешесін, бауырларын көшіріп алып келіп жатыр. Жалғыз мен ғана емес, қазір өнердегі жағдайы бар әртістердің бәрі осылай жасап жатыр»,- дейді Халық әртісі.

Совхоз ыдырағаннан кейін елдің бәрінің басына қиыншылық түсті. Сонда Роза Рымбаеваның да ауылдағы туыстары жұмыссыз қалды. Сол кезде бауырлары үшін емес, солардың балалары жақсы мектепте оқып, университетке оқуға түссе екен деген Роза Қуанышқызы туыстарын біртіндеп қалаға көшіріп алып келеді. Шамасы келгенше өзінікінен кем емес үй алып берді.

Бірақ, күйеуі Тасқын өмірден өткеннен кейін бар жауапкершілік екі есе боп Роза Рымбаеваның иығына түсті. Себебі, ол күйеуінің бауырларына да, өзінің туғандарына да көмектесті. Сонымен қатар, шығармашылығын да жалғыз өзі алып жүруі керек болды. Ең қиыны, қолында екі кішкентай бала Әли мен Мәдиін әкесіз, жалғыз өзі жеткізуіне тура келді.

«Ең жақсысы екеуі де музыкант болып, өзіміздің адамымыз болды. Қазір Әли, Мәди үшеуіміз дастарханда отыра қалсақ, біздің ортақ әңгімеміз көп. Көзқарасымыз, шешіміміз бір. Біздің отбасы – бір әлемнің адамы. Ал, менің бауырларым, апаларым барлығы – олар біздің жанашырымыз. Мен кез-келген кезде көмек керек болса, бауырларыма хабарласа аламын. Екі баланы тастап, гәстрөлге кеткенде кімге қалдырдым оларды? Осы жақындарыма қалдырдым. Осылар өсірді, қарады. Сондықтан, жалғыздың шаңы шықпай дейді, мен осы туған-туысқанымның арқасында қазір бақытты болып жүрмін. Бір-бірімізге тірек болдық»,- деді Роза Қуанышқызы көзі жасқа толып.

Роза Рымбаева күйеуі Тасқын Оқапов болмағанда бұл сахнада, өнерде жүрмес едім дейді. Айтуынша, конкурсқа қатысу үшін Алматыға алғаш келгенінде тіпті, концерттік костюмі де болмаған. Роза Қуанышқызы үлкен симфониялық оркестрмен конкурсқа қатысқан кезде, мектепте киіп жүрген ақ көйлегімен және ақ аяқ киімімен сахнаға шыққан. Роза осылай сахнаға шығып, ән айтып, конкурсты жеңіп алған кезде залда тыңдарман болып Тасқын Оқапов отырған еді. Ол кезде Оқапов Роза Рымбаева туралы білмейтін, оны танымайтын. Тасқын Оқапов ол конкурсқа үлкен оркестрде отыратын музыканттармен биллярд ойнауға келісіп қойғандықтан, соларды күтіп отыра тұру үшін келген болатын. Бір уақытта ол сахнада концерттік костюмсіз ән шырқап тұрған кішкентай қызды көріп қалады.

«Роза Алматыға алғаш рет көркемөнерпаздар фестивалінің қатысушысы ретінде 1975 жылы келген еді. Сонда осындай ғажайып дауыс иелері болады екен-ау деп таңдандым. Министр Еркінбеков мені үш рет шақырды. Сосын келістім. Бірақ, Семейдегі әнші қыз «Роза келсе ғана жұмыс істеймін» деп шарт қойдым»,- деген еді Тасқын Оқапов сұхбаттардың бірінде.

Осылайша, Тасқын Оқаповтың шақыртуымен Роза Қуанышқызы Алматыға келеді. Одан кейін Роза конкурстарға қатыса бастайды. Ол байқауларды жеңіп болғаннан кейін, Тасқын Оқапов пен Роза Рымбаева отбасын құрады. Халық әртісі Тасқын Оқаповпен 23 жыл өмір сүрген. Сол 23 жыл бойы Оқаповтың мектебімен сахнада жүріп, Машуровадан кәсіби білім алды.

Белгілі ақын Иран-Ғайып Роза Рымбаеваны шынымен де феномен деп атайды. Ол «кез-келген адам Роза бола ма. Кез-келген адам Роза болғысы келеді» деп, 60-тан астам әнінің барлығын «әйел болып, Роза Рымбаева болып жаздым» дейді. Ақынның тіпті, Розаға арнап «Құйттай құс» деген өлеңі де бар екен.

Роза Рымбаеваны қазақ ұлты ғана емес, кешегі Кеңес одағының ән сүйер қауымының барлығы төбесіне көтеріп, мадақтап, елдеріне шақырып, төріне отырғызуда. Розаны Белорусия президенті Лукашенконың өзі қолынан алып, елдің абыройы, рухани құндылығы деп мақтау айтты.

Ал осылай үлкен құрмет-ілтипатқа бөленген Роза Рымбаева әнге тосыннан келе салған жоқ. Ол көзін ашқалы әнші болуды армандап, бүгінде ел сүйіктісіне айналды. Розаның сахнада ән салғанына биыл 43 болды. Уақыттың зымырап өткенін байқамаған әнші ең бірінші бақытын тыңдармандары деп есептейді. «Тыңдармандарым болмаса 43 жылдан бері сахнаның төрінде жүрер ме едім» дейді ол.

«Көрермен келеді, концертіме билет алады, құрметтеп ду-қол шапалақтап қарсы алады, гүлдерін беріп жатады, менің әндерімді тыңдайды, құрметтейді. Осыдан асқан үлкен бақыт бар ма? Мәселе ресми атақтар алғанда емес. Бибігүл апамыз, Нұрғали, Ескендір ағаларымыздың жолын қуалап, менде халықтың әншісі болып жүргенді бақыт деп санаймын»,- деді Рымбаева.

Роза жүрегі өте кең әнші. Оның жасаған жақсылықтарын көбі біле бермейді. Ол өзіне өлеңдер шығарып берген ақын Иран-Ғайыптың шығармашылық кешін өткізіп беріп, жаяу жүргенін байқап, көлік алдыртқан екен. Сонда ақын Роза секілді «қып-қызыл» көлік аламын деп, ақыры қызыл темір тұлпар алады. Оны «Розочка» деп атайды.

Жақсылықпен келген дүние болғандықтан ба, ақын ол көлігін әлі күнге дейін айдап жүр екен. Роза Қуанышқызы тіпті, ақын қатты сырқаттанып қалғанда да, бір күнде концерт қойып отаға қажетті қаржыны өзі тауып беріпті. Тағы бір кезде Роза Рымбаева теледидар қарап отырып, үшемді дүниеге әкелген ананың халықтан көмек сұрап жатқанын естіп қалады. Отбасының нашар жағдайда отырғанын білген әнші әлгі ананы үйіне дейін іздеп барып, қаржылай көмек көрсетеді. Розаның өмірінде орын алған бұл жағдай сәйкестік емес, Құдайдың қалауы болса керек. Өйткені, Роза бейтаныс отбасыға көмек көрсету үшін оларды өз аяғымен іздеп бармағанда сұп-суық бөлмеде жатқан үшемдердің бірінің аты Әли, екіншісінің аты Мәди, үшінісінікі Мәдина екенін білмес еді.

Бұл оқиға 14 жыл бұрын болғанымен, әнші оларды содан кейін көрмепті. Ал, жақында ғана «Дара жол» бағдарламасына қонақ болған Роза Рымбаеваға үлкен тосынсый жасалды. Бағдарламадағылар Роза Рымбаева көмек көрсеткен Әли, Мәди есімді ұлдары бар отбасын арнайы іздеп тауып, өздеріне көмек қолын созған әншімен жүздестірді. Бұл Роза Рымбаеваның жасаған жақсылығының тек біреуі ғана. Ол осыдан біраз жылдар бұрын үйсіз жүрген жас әншіге көмектесіп, өмірінің жақсы арнаға өзгеруіне тікелей себепші болды.

2007 жылы облыстық филармонияның әншісі болып жұмыс істеп жүрген Мақсат Айтжанов алғашқы шығармашылық есеп беру концертін өткізуді жоспарлайды. Және сол концертте өнеріне ғашық болу арқылы өнерге келген, үлгі тұтқан тұлғамен бір сахнада ән салу арманы екенін жеткізеді. Мұны естіген Роза Қуанышқызы «Маған Мақсаттың ешқандай ақшасының қажеті жоқ. Концертін менің бос күніме қойсын, мен Шымкенте барып қайтамын» деп жауап қайтарған.

«Сол концерт менің өміріме де, өнеріме де үлкен өзгеріс, жетістік алып келді. Келгеннен кейін апай «жағдайың қалай? Концерт беру оңай емес екенін білемін. Менің оның қандай ауыр жүк екенін білемін. Ал сен қалай бұл жүкті арқалап жүрсің?» деп жағдайымды сұрады. Мен әзірге бойдақпын, бірақ бұған дейін пәтер жалдап, филормонияда түнеген кездерім болды дедім. Апай қатты таңғалды. Сен жасы 30-ға жақындаған азаматсың. Ал ондай азаматтың әркімнің үйінде қонып жүргені ыңғайсыздық тудырмай ма деді. Содан апай екеуіміз сахнада бірге ән салдық. Сол кезде Роза Қуанышқызы облыс басшысынан маған баспана мәселесінде көмек көрсетуін сұрады. Бірақ, одан еш нәтиже болмады. Алайда, апай қай жерге мүмкіндігің жетеді, сонда барып концерт ұйымдастырайық деген болатын. Сөйтіп, біз бірнеше қалаға концерт ұйымдастырып, қаражат жинап қайттық. Осылайша, сол түскен қаражатқа мен 2 бөлмелі пәтер сатып алдым. Бүгінде мен отбасым, бала-шағам бар қызметі, шығармашылығы жолға қойылған азаматпын! Сол үшін Роза Қуанышқызына өзімнің үлкен алғысымды білдіремін»,- деді әнші Мақсат Айтжанов.

Ал тұңғышы Әли соңғы жылдары анасымен тығыз байланыста екенін айтты. Кейінгі кездері тіпті, анасына арнап ән жазып жүр екен. Әли Оқапов жақсы әндерді өзіме емес, бірінші кезекте анама жазғым келеді дейді.

Stan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста