Роза Рымбаева: Ақбота кей әртістер секілді ішкен-жегенін елге көрсетіп жүретін әнші емес
Роза Рымбаева Ақбота Керімбековаға ақ тілегін арнап, мақтауын асырды. Әркімді артық мақтай бермейтін қазақ эстрадасының мадоннасы әнші сіңлісіне нағыз өнер иесі деген баға берді.
Ақбота Керімбекова туған күнін атап өтті. Әнші думанды кешке өнердегі дос-әріптестерін, жақындарын, құрбыларын шақырды. Әріптестері ақ тілегін жаудырып, кештің көркін қыздырды.
Туған күн кешінің құрметті қонағы болған Роза Рымбаева Керімбековаға өз тілегін айтты.
“Ақбота нағыз әнші. Оның әр әні шедевр. Оның даусы нағыз талан. Ақбота лириканың ханшайымы. Ақбота кей әртістер секілді ішкен-жегенін көпке жария ететін адам емес. Оған қызыл-жасыл қызық емес. Оның даусы керемет. Тек жақсылықтар тілеймін. Біз бір ұстаздан сабақ алған адамбыз”, – деді Рымбаева.
Керімбекова мұндай мақтау сөзді естудің өзі құрмет деп алғысын білдірді.
“Кешегі кеште менің рухымды серпілткен ҚР еңбек ері, Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Қуанышқызы Рымбаеваның лебізі десем артық айтпаған болар едім! Расында Роза Қуанышқызы қазақ ән өнеріндегі ең кәсіби әрі ең мейірбан талант. Оның аса биік музыкалық талғамы, өзінен кейінгі толқынға қоятын қатал талабы, дөп беретін бағасы, өзін-өзі ұстау мәдениеті, заманға лайық көзқарасы маған және менің замандастарыма ерекше әсер етеді. Оның қатқыл мінезі, қатулы қабағы шын дарынның маңдайынан сүйгенде ұмытылып кетеді. Оның нағыз керек кезінде шын өнерліні қолдай алатын қасиеті мына жылы сөзі сатулы қоғамда нағыз ерлікке пара-пар әрекет!”, – деп жазды Ақбота ханым.
Әнші көптен бері жабырқап қалған көңілін көтерген халық әртісіне зор ықыласын білдірді.
“Күні кеше де думанды кешіме арнайы келіп, көптен жабырқап жүрген көңілімді көкке көтеріп кетті. Лайық көріп айтқан әр сөзін тыңдаған сайын жаным жадырап, ән салғым келді, киелі сахнаға құштарлығым артты. Міне, қамқорлық! Міне, биіктік! Міне, мотивация! Роза Рымбаева өзіңіз лириканың ханшайымына теңеген ізбасарыңыз Ақбота Керімбекова ән әлемінің падишасы атанған Сізге честь береді! Сіз біздің Генералымызсыз! Жасай беріңіз, Ұлт мақтанышы, шын таланттардың нағыз жанашыры!”, – деді ол.
Көптен көп көзінен тыс қалған Керімбекова туған күнін дүркіреп атап өтті. Өзіне ізгі тілегін игі жақсыларға тілегін айтты.
“Туған күн - жай себеп! Жақындар, тілеулестер, әрқайсысының шыққан жеке биігі, халқының жүрегінен алған жеке төрі бар өнер жұлдыздары думанды кешке туған күнді себеп қылып ең ізгі тілектерін ала келді. Меймандарымның жүзіндегі күлкіні, жанарындағы шаттықты көріп мен де жадырадым!”, – деп жазды Керімбекова.
Әншінің туған күнінде Мейрамбек Бесбаев, Сержанәлі Әлібеков, Меруерт Түсіпбаева, Роза Әлқожа, Ерлан Әбдірайымов т.б. қонақ болды.