Роман және уақыт шындығы

Роман және уақыт шындығы

Қоғам қайраткері, журналист-қаламгер, публицист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев цензуралы заманда ұлттың ақиқатын ашуда еш қаймықпаған, тың деректерді табудан бір сәтке тынбаған өр әрі бірегей тұлға ретінде танылады. Бүгін біз ол кісінің тек бір қыры – жазушылық жағын терең зерттейтін мақаланы ұсынғалы отырмыз. Мұнда автордың ашаршылық жылдарындағы және Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының сүреңсіз тұрмыс-тіршілігі мен басынан өткен зобалаңын боямасыз беретін ақиқат романдары талқыланады...

Алды кең, ақылы кен басшылардың үлгісі саналған Кәкімжан бақ пен таққа тоқмейілсіп, буына масаттанбай, қаурыт жұмыс, сан-сапалық саяси науқандардың өтпелі ауыр толқындарының арасында қаламын қаңтармай, «кәрі жолдасын» тақ пен бақтан жоғары оздырған. 1972 жылы ҚКП Орталық Комитетінде нұсқаушы боп жүріп «Ызғар» атты тұңғыш романын жазып бітіп, оны күні кеше өзі қызмет істеген «Жетісу» газетіне жариялатуға алып келіп: «Кезінде куәсі болған, көптен ойда жүрген оқиғалар еді, «қағазға түсіп қалсыншы» деп жазғаным ғой. Қай деңгейден шыққанын қайдам, өзімсініп алғашқы үзіндісін өздеріңе ұсынып отырмын. Повесть не роман деп қопақардай ғып қоқырайтпай «кітаптан үзінді» деп бере салыңдар», - деген көрінеді. Кішіпейілділік – адамгершілік көркі. Сол «қопақардай» «қоқырайтпауды» өтінген шығармасы Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған алғашқы көрнекті роман қатарына қосылды, оқырмандары жоғары бағалады, сол ауыр жылдардағы нәзік иықтарды зілбатпан салмағымен езген күндердің шындығымен мұңая да кеудесін кере, көзінде оты жанып қабылдады. А.С.Пушкин: «...клянусь честью что ни за что на свете я не хотел бы переменить Отечество или иметь другую историю, кроме истории наших предков, такой какой нам бог ее дал» деп жазыпты. Демек, Ұлы Отан соғысы – біздің тарихымыз. Тарих – біздің маңдайымызға жазылған тағдырымыз. Отанымыздың рухы – күш-қуаты көрінген барометрі. Еңбегі бір, тері ортақ халықтардың болашағын сақтап қалуға арпалысқан ортақ ерлігінің тарихы. Демек, Кәкімжан Қазыбаев халық тарихының көкірегіне құлақ тосудан туған «Ызғырындағы» уақыт шындығы жұрттың жүрегіне ақжаңбырдай сіңді. Ешкім де Отан анасының басынан кешкен тарихын жатырқамай, онан керісінше ата-бабасының үздік қасиеттерін танып, қастерлеп, оған ерлік шежіресінің жаңа беттерін қосып, байытпақ. Ұлы Отан соғысы тарихына арналған К.Қазыбаевтың «Ызғар» романы «тың тақырыптағы» алғашқы эксперимент деп қабылдасақ, оның қалай шыққаны жайлы белгілі журналист, әдебиетші Сарбас Ақтаев: «Әр алуан адамдардың, сан қилы кейіпкерлердің мінез-құлқы, қаракет-қимылы арқылы тыл өмірінің өзі бір жатқан мылтықсыз майдан екенін, күркіреген соғыс алаңындағыдан кем түспейтін қиындықтары барын, сол ауыртпалықты қайыспай көтеріп, жеңісті жақындатысқан жалаңтөс жандардың ерлігін жырдай баяндап, көркем кестелейді» деп толғанады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Кәкімжан - 12 жасар бала. Өзі туып-өскен «Алғабас» ауылының әр адамын, таныс-тіршілігінен толық хабардар. Романның басты кейіпкері Нәшекең оған әкесі жайлы: «Момын шаруа еді байқұс. Колхоз жұмысы десе, ішкен асын жерге қоятын. Адал ниетіне берген ғой сендіреді»,- дейтіні бар. Л.Толстой: «Для художника его собственная жизнь всегда есть самой первый материал для творчества», - деп шығарма арқауы жазушыға ет жақын өмірден алынса, солғұрлым қызықты, мазмұнды, бойға сіңімді болатынын ескертеді. Роман оқиғалары өтетін: «Алғабас», «Көкөзек МТС-і», «Ағарту», «Октябрь», «Киров», «Ленин», «Жаңа тұрмыс», «Көкиірім», «Қарабөгет», «Сарқан», «Антон», «Мариям», «Шөлтұмсық», «Лепсі», «Ақсу», «Тасбекет» т.б. Кәкімжан Қазыбаевтың кір жуып, кіндік кескен, мектепке барып, отты жылдары бала-шаға, кемпір-шал, жесір аналары, жеңгелерімен бірге таңды таңға ұрып еңбек етіп, майдан даласында жаумен жағаласып жатқан әке-ағаларының аман елге оралуын тілеп өткен, орта білім алып, Жеңістен соң арман қуып, қалаға аттанғанда шығарып салған көзге ыстық, көңілде мәңгі орнығып қалған туған-өскен жер еді. Бір сүйсінерлігің ол очерктері, повестері мен романдарында кең көсіліп, еркін суреттейтін оқиғалары көбіне туған жер топырағында өрбиді, кейіпкерлері де өзі жете білетін, жыға таныс адамдар. Гётенің: «Ақынды танығың келетін болса, оның туып-өскен жерін барып көр» дейтін ұлағатты сөзі есіңе түседі. Алатау, Жоңғар Алатауы, арқыраған Лепсі, ақбұйра толқынды Балқаш, айдынын шағала бауырымен сипаған Алакөл, құм үйірген Лепсі, көктемде, бір түнде өре түрегелгенде лапылдаған өртті елестететін Қайран жотасының қызғалдағы, сарғайған сағыныштай жүрегіңнің басына мұң үйіретін сарғалдақтар, қарағайлы орман, қоғалы көл, бетегелі белдер, қайтқан құстардың бауыр басып, сұңқылдап қимай қоштасатын жұмақ мекені «Ызғар», «Сұрапыл» романдарында көкірегіңді күйге бөлейтін көрікті картиналар боп көзіңді арбап, бояуы бірінен-бірі асып түсетін салтанатты көштей әсерге бөлейді.
«Ызғар» романында тұтас бір ауылдың өмірі сөз болады деу қисынсыз. Өйткені, «Алғабастан» 150 шақырым қашық жатқан Лепсідегі элеваторға арбамен астық тасу үшін қаншама ауылды басып өтіп, қаншасына түнеп, қайғысы ортақ, мұңы бір, тұяғына сүрініп отырса да қуырған бидайды қонағына санап беріп, талшық еткен ауыртпалық салмағы ортақ елдің өмірі романда географиялық шектеуді білмей, кең қамтылған. Шағын ғана ауылдың тепсе темір үзетін 110 азаматы майданға аттанып, ақсақ-тоқсақ, Төлештей миына зақым кеп, қайтып оңалмас мүгедек жарым жанды боп 30-ақ адам ауылға оралады. Бір ауыл адамдарының ғана көзінен аққан қанды жас, бір көлдің суын толтырғанмен, соғыстың аты – соғыс. Батыр тұлғалы, нардың жүгін көтерер, Күлжәмиладай халық анасының тәрбиесін көріп, иір бұтақты емендей еңсегей бойлы боп өскен Дәнекер де анасы құдайдың құлағын шулатып, «жер-көкті жұлғанымен», әскерге алынды, соғысқа бірінші боп кіріп, Брест қамалынан шегінген шақта жаудың жолын бөгеп, ерлікпен қаза тапты. Күйеуі Үрістембекті үркіншілік жылдары ақтар атып кеткен, жастай жесір қап, бір жасар Дәнекерін тістеп өсірген Күлжәмила атың өшкір соғыста соңғы үмітін өшіріп, қатал да қатігез өмір есігін жылап ашып, өңешінен ақ жалын төгіле еңіреп, жылап жабады. 90 млн адамды жұтқан жебір соғыс кімді аясын!.. «Ызғарда» Күлжәмила образы типтік деңгейге көтерілген. Бірде қаһарлы, бірде мамыражай, бірде майысқақ, бірде алдаспандай зәрлі, бірде құдайдың өзін қарғаудан тайынбаған долы, бетпақ көрінсе, бірде дастарханын жайып, адал асын елдің аузына тосқан иманына берік, намазы бұзылмаған, пейілі даладай ақжаулықты кейуана. Бірер күн ауырып, далаға шықпаса, жұрт Қарабас пен Ебінің желіндей саулығына сауап, сөзі қуатты, жүріс-тұрысы, әрекеті қуатты, ешкімге ұқсамайтын Күлжәмила кемпірді сағынып, іздей бастайды. Бригадир, қоймашы, қырманшы, элеваторға астық тасушы, шопан, бірде сатушы, жұмыстың қай саласы аңсап жатса сонан табылатын Әшекең-осы Күлжәмила кемпірдің антиподы. Момын, аз сөйлеп, көпті зердеге ұялататын, көпке қамқор, ел тізгінін мойнына жүктеген, Мұқағалидің тілімен айтқанда, «арсыз күлкің тиылмас, жылауың да, айтысың да басылмас, ылаңың да, араздасып ағайын кетер еді, бір ауылда болмаса бір қарияңыз» осы көнбіс, ақырын жүріп, аңдап басатын, абыз Нәшекең және азулы, айбарлы, көңілі таңғы шықтай мөлдір, сәбидей пәк Күлжәмила кемпір. Осылардың арқасында аштық ауылға жоламайды, ауылдың дастарханы – ортақ. Жүз мыңдап салынатын соғыс заемын, күшіктеп жатқан налогты өтеу еңбек күніне не астық, ақша берілмейтін талай шаруашылық колхозшыларын теңселтіп өтсе де, мұнда ел басына түскен ауыртпалықты көтеруге барыңды ортаға салып құтылатын үрдіс берік орын тепкен. Жетімді жебеп, жесірдің арын сақтауға да бұл ауыл берен. Ауданнан кеген өкіл, суырдың айғырындай Әлімжан, күлімкөз, ақ шабақтай тулаған, қызыл шырайлының әдемісі, соғыстан оралмаған Мұқатайдың әйелі Асылжанға көзі түсіп, түн жамылып кеп, төсегіне жатпақ боп күш көрсетеді. Күлжәмила айқай-шудан бір пәленің болғанын сезіп, өкілді масқара етіп, үйден қуып шығады. Жаның түршігетін, қанды ауыз қасқырға қарсы әрекет жасаған Күлжәмилаға елжіреген Асылжан: «Аю әпкем, ақымақ өкілді тәубесіне бір келтірдің» деп сүйсінеді. Сол өкіл қызыл қарын, аш балаларына деп арқалаған отынның арасына тыққан бір дорба бидайлары бар қырманнан қайтқан әйелдердің жолын тосып, «қорғансыздарды қасіреттің құрығымен қылғындырғанда» шолақ белсендінің тағы да жолын кескен осы – «аюкемпір». Ниетіне, қатігез ісі, арам пиғылына қарап жұрт «немістердің оғы да жиіркенген» Әлімжанның қорлығына шыдамаған Күлжәмила, ауылға келген райком хатшысын іздеп барып жолығып, өкілдің бар қиянаткерлігін жайып салып, араша сұрайды. Бәрі шала сауатты, шолақ белсенді емес, жер бетінде жақсы адамдар да бар ғой. Ауыл анасы Күлжәмиланың қынжыла отырып айтқан өкілдің өктемдігіне райком хатшысы күйіне отырып:
«Осындай аналардан айналғай да. Осындай айбаттар қосылып қой, апа, кешегі өңмендеген жауды өкшелеп қуып бара жатқанымыз. Фашистер де талай аруды зарлатты... Жақсы күн жақын, апа. «Күн көтерілгенде түн артын қысады» демекші, әлі-ақ бәрі орнына келер. Көздің жасы да тиылар. Түн жамылып шығатын қаны сасық қандалалар бар ғой. Сол ғой ол. Өзіңіз де мыжып жіберіпсіз...» - деп ауылдың иесі барына айызы қанады. Жымысқы, зымиян өкілдің енді бұл маңға табаны тимейтін болады... «Жал, құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз» (Бұхар), іс басына қояр адамның тапшылығынан әскерден келгенін ескеріп, өкіл етіп тағайындалған Әлімжан «жүз күн атан болғанша бір күн бура боп», жесір әйелдерді «жемтігіне» айналдырмақ болған шақта «сасық қандала» өз түбіне өзі жетеді.
Күлжәмила – нағыз ұлттық менталитетті бойына толық сіңірген жан дүниесі, күллі болмысында артық-ауысы жоқ кейіпкер. Тазалықты, адалдықты қалайтын көкірегі ояу, намысшыл әйел. Жалғыз ұлы әскерге аттанарда аман-есен оралуын тілеп, бөрте лағын баласын үш айналдырады. Сол садақаға байланған лағы алты жылда құнан өгізшедей алып серкеге айналады. Дәнекерінен хабар жоқ, серке де қартая бастады, ана да жалғызының жолын күте-күте, баласының оралмасын сезіп, қайғыдан қалтырап, сағыныштан сарғайып солады. Садақаға байланған серкесін сойып, ұлына құран бағыштап, ел аяғы басылған оңаша кеште, жуынып-шайынып, таза киініп, жалғызының суретін кеудесіне қысқан бойы о дүниеге аттанады. Демек, Кәкімжан қазақ халқы киесіне балаған Домалақ, Абақ, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан аналардың «қоры» үзілмей Күлжәмилаға жеткенін, ол үрдіс жалғаса береріне көңіл қойдырады. Әсіресе әйел-ананың қайталанбас қасиеттері, болаттан құйылған сом тұлғасы, адамгершілік болмысы, күш-қуаты сыналар зауалды шақта айқынырақ көрінбек. «Осы ауылда не көп, - дейді ауылға Жеңіспен бірге жеткен Келбетке Күлжәмила қария, - қысыраған қатын көп. Бірақ әділін атсақ, осы ауылдың ауыл боп қалғаны да сол қатындардың арқасы. Мына, мына айналаңда отырғандардың бар ғой, тесік өкпе болмағандары жоқ шығар. Ой, мен бұл дүниеде қатыннан мықтыны көрмедім. Бұл шіркіндер не көрмеді, қарағым». Иә, не көрмеді? Темір өзек, «мықты шал» Нәшекең, қабырғасы қатпаған Әкіммен бірге астық сықия тиелген бес шанаға ие боп, қарлы боранда қайыспай 130 шақырым Лепсіге керуен тартқан Ахметжанын соғыс жалмаған Теңге; шалғы шапқанда, соқамен жер жыртқанда алдына жан салмайтын, кәрі шалға қосса да мұқалмай, Дәнекерді қылығы, қайсарлығы, ыстық жалынымен шарпыған, сырты бүтін, іші түтін Жанар; күйеуі Әбдіден «қаралы қағаз» алып үмітін үзген соң, аяғынан жараланып елге оралған Мұхатқа тұрмысқа шыққан күннің ертеңіне Әбдісі келіп, жынданып кете жаздаған Балжан; майдан даласынан туған топырағына қашқын боп жеткен қылмыскер Ерденнің қылығынан суық соққан гүлдей солған, «колхоздың қайраты»-Үміт; бір жағы кемпірі жоқ ауру атасын бағып, екіншіден қара жұмыстың бар ауыртпалығын арқалап, Мұқатайға деген сезіміне кір шалдырмай жүрген Асылжан; еркек кескінді, қарулы Байза; неміс тұтқынынан екі аяғын тізеден жоғалтып жынданып оралған, сүйген жігіті-Төлештің жауыңа да тілемейтін сыйқын күнде көріп, тағдырына лағнет айтып, іштей өксіп жүрген Бейсеннің қызы Айнаш көрген қорлық, шеккен азап, тағдыр мазағы осылайша қабырғаңды қайыстырып, жүрегіңді инемен сұққылайды. Роман қоғамға, уақытқа, халық басынан кешкен шындыққа, адамның қилы тағдырына көркемдік талдау жасайды деген қағиданың қисыны осы. Оны көрнекті орыс ғалымы А.И.Ревякин де: «Так художественная литература, воспроизводя действительность в ее типических проявлениях лишь ей присущими образными средствами, превращается в могучую познавательно – воспитательную, социально – эстетическую силу», - деп ол да романның танымдық, тәрбиелік, әлеуметтік-эстетикалық қуатын теріске шығармайды.
Романның басты мақсаты – характер сомдау. Кәкімжан адам образын жасаудың, характер сомдаудың тәсілін жақсы игерген. Кімнің кім екенін бейнетті бірге шегетін, қарасуды бөлісіп ішіп, көмейін бағып, ізін өкшелеп жүргендер қапысыз сезеді. Мәселен, Теңге Нәшекең жайлы: «Жұдырықтай боп жұрттың бәрін сүйреп жүрген біреу. Осы шал қажыса, бүкіл ауыл қажитындай... Басқарманың бас салып ұрысқаны, бригадирдің айқай-аттаны Нәшекеңнің төбесін бір көрсеткеніне тұрмайды» десе, Волга бойынан ауып келген неміс Гальфингер «әй, мықты шал, молодец шал» деп аз сөйлеп көп бақылайтын халықтың өкілі боп характерлік мінездеме береді. Нәшекең-еңбектің қара нары, ел бірлігін сақтаушы темір қазығы. Төрт жылдың ішінде колхозға қанша төраға келгенімен, Ахметқожадан бастап әскерге алнып, Отан алдында борышын өтеуге аттанады. Садық қана денсаулығының нашарлығына байланысты колхозынан табаны аумай бригадир, колхоздың порторгі, ақыры еңбегі сіңген артельіне преседательдікке тағайындалады. Үлкенге іні, кішіге аға, келген-кеткеннің ебін тауып, жау іздемей, достықтың туын жоғары ұстайды, дипломатияға жетік. Шораби Нәшекеңде жоқ қасиетті үстемелейді. Тым балажан, қатал, шақар. Азғындықты кешпейді, қарғатамырлықты қастерлейді. Күйеу баласы Әбді соғыста ерлікпен қаза тапқаны жайлы «қаралы қағаз» келіп, қызы басқаға тұрмысқа шығуға рұқсат сұрағанда иілмейді. Құдды, «Қан мен тердегі» Сүйеу қарттың аузынан түсіп қалғандай сұсты, бітеу. Қайсар ақшұнақ шал. Бірақ аз төбе көрсеткенімен, бояуы қанық, әрекеті сенімді, ірі. Аудандық партия комитетінің секратары, Әкімнің әкесі, Ерден, Әбді, Петровский, «ағаш аяқ» Асқарбай, Рахыштың Сағымбегі, Мұқатай, Төлеш, Мәлік бірер рет романда төбе көрсеткенімен, Кәкімжанның шымыр қаламы таныс, бейтаныс кейіпкерлер галереясын жасаған.
Адамға ғұмыр бірақ рет беріледі. Одан қымбат еш нәрсе жоқ. Әйтсе де қалың, көк темірге құрсанған жау жан-жағыңнан қоршап алып, жойып жіберуге өліп-тірілген шақта біреу бәрін қырғызбас үшін өлімге бас тігіп, жойқын күшті бөгеуі керек қой. Ондай ерлікке мыңның ішінен біреу барары анық. Дәнекер мен Саша «Максимын» қалың бұтақ арасына құрып, аткөпір гранатаны алып қалып, жер қайысқан жаудың жолын жабады. 4 сағат беттетпей, қоршаудағылар құтылып кеткеннен кейін барып өлі денелерінен фашистер аттап өтеді. Сол Брест қамалындағы қоршаудан аман өткеннің бірі Ерден еді, көзсіз ерлікті көзімен көрді, рулас, ауылдас бауырының басқаларды аман алып қалу үшін жанынан безген дарқан, дарабоздығына таңқалды. Бірақ Алла біреуді дарқан, дарабоз етіп жаратса, біреуді қара басының қамын күйіттіген өзімшіл, қорқақ етіп те жер бастыратынының жағымсыз мысалы, осы – Ерден. Тағы бір шайқаста неміс қолына түсіп, «үш жыл немістен қорықты», онан ретін тауып қашып шығып, қолға түсіп қаламын ба деп «үш ай өз Отанынан қорықты». Сондағы бар арманы «қарт шешемді бір көріп, туған топырағын бір сүю» еді. Бұл-өзін-өзі алдарқату, опасыздығын ақтаған тұрлаусыз адамның шатасуы. Неше жыл төбесін көрмеген жалғызы қашқын боп оралғанда, сол шешесі: «Өлтірдің-ау Ерден, досқа күлкі, дұшпанға таба қылдың, бір емес, мың өлтірдің, бауыздап кет қолыңнан!» деп ойбай салады, ақ сүтін емген жалғызының оқ жыланға айналған сыйқын көргенде. Ана да, туған жер, сүйген жар, туған Отан да басқаны кешкенмен, ел басына күн туғанда сатқындық жасап, қу жанының амандығын ойлап, қорқау қасқырға айналғандығын кешпеген, лағнет айтқан, ұрпақты сақтандырған. Мұндай елдің жағасын ұстатқан, қан майданнан жырылып, қашқынға айналған жағымсыз құбылысты біз В.Распутиннің «Живи и помни» повесіндегі Андрей Гуськов, Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет» әңгімесіндегі Смайыл образынан ұшыратқанбыз. Енді олардың қатарына Кәкімжанның «Ызғарынан» Ерден қосылды. Андрейдің Настьясы күйеуінің осалдығын кешпесе де оны ұстап беруге қимайды, ақыры сол «қимастығы» өзінің де, неше жыл бала көтермей жүріп, енді көтерген кішкентайының да, қашып-пысып ілдалдалап жанын сақтап жүрген Андрейдің де түбіне жеткізеді. Настьяға қарағанда қырғыз әйелі Сейден, қазақ әйелі Үміттің діні қаты екен, ұстап беруге, ұсталғанына айылын жимайды. Бізше, Ш.Айтматов та, К.Қазыбаев та бір-бірін таңдап тауып, сүйіскен жастарды тым саясаттандырып, құдай қосқан қосағы ұшыраған «сатқындыққа» көздерін жеткізбей, бірден тарпа бас салып, айнып шыға келетін тарпаң мінезді, парықсыздау етіп жібергендей. Сейденнің де, Үміттің де ірілігі сүйгенінің қателігін, опасыздығын бірден әшкерелеп, торға түсіруге асығуында емес, өзіне берілген жүректің пәктігіне, сеніміне, жігітіне жанын қиған некелік аманатына адалдығын көзін жеткізіп, күйеуінің ақты қарайтқан, ластаған, алтынды мысқа айналдырған, құзғын, жыртқыштығын терісімен сезіндіруінде. Өзінің құнсыздығын, қорқақ, құдай қосқан қосағына да сатқындық жасаған кешірілмес күнәсін, зілбатпан қылмысын асыл жарының өзіне риясыз берілген ісі, әрекеті, махаббаты мойындатып, ойлантып өзіне-өзі есеп беруге, азаматтық ар-ұятын оятып, батыл бір шешімге жетелеп келуі қажет те шығар. Кейіпкерлердің ар, ұят, парыз алдында әділет таразысына түсіп арпалысуы оқырманды да толғандырары хақ. Өмірдің мән-мағынасын, қымбаттығын, тәттілігін, сезіне түсіп, жар таңдауда да салқынқандылық, жауапкершілік, парасат, ақылдылық, ұстамдылықты негізгі өлшемге айналдырып, көріне қателеспей, сүрінбей қара жерді нық басып жүруге үндемек.
«Көппен көрген ұлы той», «Ызғарда» ойсызға ой, жетесізге сабақ боларлық қылық-мінезге бай әдемі бір кейіпкер бар. Ол – 4 жасында жетім қалып, 16 жасқа дейін көкайыл, шайпау немере жеңгесінің таяғы мен қорлауынан қоңы тесілген Жанар. Жетімдік тағдыр оған ерте ақыл қондырып, пісіріп шығарады. Итке де қияр бір аяқ асын бергенін пұлдап, отырса опақ, тұрса сопақ жасап, 5- сыныпты зорға бітірткен немере жеңгесі желкелеп жүріп, 3 әйел алып, егде тартқан, «көрік пен балға, төсті ғана білетін», бес саусағынан өнері тамған ұста Төлепке саны жағынан төртінші әйелі етіп қосады. Қорғансыздың күні осы. Бірақ тәні қосылғанымен, жаны буырқанған теңіздей аласұрып, шау тарта бастаған, қара жұмыс қажытқан Төлептен бөлек еді. Қамқор қолдың аласыз пейілі арқасында қыстан көтерем боп шыққан қалпынан оңалып, көктемінде түлейді. Жас жүрек өрт құшақты аңсап, қол жетпеске қол созадырды. Дәнекерді табады. Бірақ тағдырдың жартылай табыстырғаны да баянды болмай, ішіне бала біткенде, Дәнекер әскерге алынады. Жаны ашымас жат қол жасы жетпей өмірден қажыған, қаңсыған шалға қосақтап бір өксітсе, жауыр болған жүрегіндегі берішке жан біте, күнге ұмсына бастағанда, жаратқан онан мәңгі көз жаздырып екінші қабат өксітеді. Алыс арманына апарар жол кесіліп жасып жүргенде, «сүйенері» Төлеп ол да колхоз малына күрек ашып жүріп, суық тигізіп, бұл дүниемен қоштасады. Енді бар сүйенері Төлеп пен Дәнекерге ортақ жалғыз ұлдың берген қуатымен еш алаңсыз колхаздың қара жұмысына «қара шолақ өгіздей» жегіліп береді. Жанар-өрт, жалын. Өз тағдырының татымсыздығына кейіп, көзін ашып сүйгені әскерге алынып, алысқа кетіп бара жатқанында ешкімнен айылын жимай, Дәнекердің мойнынан құшақтап, көз жасы сіңіп, жүрек жібімен өрнек салған орамалын ескерткішке ұсынады. Күйеуі бар әйелдің мұндай әрекетке қымсынбауы- құдайдың әділетсіздігіне көрсеткен үнсіз қарсылығы. Күлжәмила ауылдың аймаңдай жігіті Төлептің «қаңсығына» ортақтасуынан тіксінеді. Бірақ «оқ жыландай ысқырып, ханға сәлем бермей жүретін кемпір» соғыстың ауыр жылдарында желдің өтінде, боранның бетінде жүріп, елдің ардақтысына айналаған, «немересін» өсіріп жатқан Жанарды іш тартып, Дәнекерінің иісін сезініп, бір керемет күш жақындата бастайды. Қисынсыздықтар қиысып, қиын тағдырлардың киіз үйдің қабырғаларындай өзара жымдасып, құшағы жарасқан гармонияға көшуі, әрине, жазмыштан. Демек, Әбіш Кекілбаевша ой сабақтасақ, объективті және субъективті әлденеше факторлардың терең үйлесімінен осылайша эстетикалық болмыс-көркем шығарма тумақ. Р.Фокс: «... величайшие писатели отнюдь не были равнодушны и жизни своей эпохи. Шекспир в своих исторических драмах был проницательным политиком» деп ескертеді. Кәкімжан Қазыбаевты заманының ұлы жазушысы деп ұлықтамағанымызбен, оның өзі өмір сүрген дәуірінің шындығына енжар қарамағаны, саясаттың соқпағына сарыла түспегенімен, керегін қалқып алғаны анық. Соғыс жылдары қазақ ауылдарына Кавказдан, Волга бойынан, Қиыр Шығыстан чечен, құмық, ингуш, неміс, корей, жөйт, грек т.б. ұлттардың өкілдері жер ауып келіп, жергілікті халыққа сіңісіп кеткені мәлім. «Алғабасқа» неміс Гальфингер (Қалпангез), әйелі Анкель (Әнел), қызы Клара (локтір күлер) қоныстанып, жерсініп, құшағы ажырамас туысқа айналады. Қалпангер қырлап, тіктеп мая салғанда жұрт таң-тамаша қалады. Сүйсіну – жақындығын мойындау, алаңсыз табысу. Еңбек адамында бөліспейтін ешнәрсе жоқ қой. Төрт бірдей баласы соғысқа кетіп, хабарсыз жоғалып кеткен украин шалы, ұста Остап пен Дәнекерінен хабар күткен Күлжәмила кейуана шапшаң тіл табысады. Соғыс кезінде балалар үйінен әкелініп, үйге үлестірілген балалар қатарында 13 жасар Әкім де бар еді. Ауыртпалықты көтерісуден өз үлесін алмаса ішкені бойына дарымайтын Күлжәмила, Дәнекерінің тілекшісі боп жүрсін деп осы Әкімді қолынан жетелеп үйіне әкелген соң, баласынан кем көрмей бағып-қағады. Үй де, кемпір де, Дәнекер «ағасының» бөрте серкесі де өз меншігіне айналған Әкім адал, еңбекқор, көпшіл, ұғымтал, намысқой, мейірбан, тіл алғыш, алғыр боп өсті. Көңілінде алаң жоқ, алды бар, арты жоқ, ақылман Күлжәмилаға Әкім жатырқамай шапшаң бауыр басып, мүлдем сіңіп кетті. Соғыс аяқталған соң 14 жыл көрмеген, балалар үйіне өзі жоқта тапсырылып, сары ізіне түсіп әрең тапқан Әкімін әкесі Қасым алып кетпек болғанда: «Әкім Күлжәмиланы бас салды. Екі иығы бүлкілдеп ұзақ тұрды. Дәнекерді де осылай шығарып салған еді. Әкім ес білгелі бұлай құлазып көрген емес. Өзегі жылан жүргендей ашып, бір түрлі боп барады», - деп суреттелінеді. Сол Әкім әкесімен Лепсіге кетеді, бірақ бауыр басып, туған анасындай боп кеткен Күлжамила анасын ұмыта алмай кейіннен бауыр басқан үйіне қайтып оралып, құлаған шаңырақты қайта тұрғызып, ошағының отын маздатып, о дүниеге аттанып кеткен анасының бейітін күтімге алады. Сөйтіп, ішіне сыйғаннан көре алмаған құрметін, сыртына сыйғаннан көреді.
Міне, «Ызғар» романындағы оқиғалар бір ғана «Алғабас» колхозында өткендей боп көрінгенімен, ол күллі қазақ даласына ортақ типтік шындық, реалистік өмір картинасы. Егер Нәшекең секілді колхоз тіршілігінің қай жыртығына жамаса үйлесе кететін абыз ақсақалы; ауыл әйелдеріне сөзін де, әмірін де өткізетін дана, өктем ана Күлжамила; Төлеп тәрізді қара жұмыстың кәтепті қара нары; Сыдық тәрізді әділ де білікті, ұстамды, сырбаз, кісілігі зор басшы; Теңге тәрізді үйде әйел, түзде еркек орнына жүретін қарағаштай берік арулар легі бомаса, қанды соғыстың ызғарына үсіп, ауыл тұралап, ел тарыдай шашылып кеткен болар еді. Керісінше, ортақ қасірет, ортақ қайғы, ортақ мүдде, ортақ еңбек оларды сом темірей сомдап, қиын күндерде топтастырып, жеке басқа түскен қиыншылықты бірге көтерісіп, көптен қалыспай еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлестерін қосты. Асылы, Кәкімжан түкпірде жатқан қазақ ауылының ұмытыла бастаған шежіресін тірілтіп, сын сағаттарда сыр бермеген халқының ұлылығына тағзым етер көркем туындымен қауыштырды.
Кәкімжан Қазыбаевтың суреткерлік тұлғасын жарқырата танытқан туындысы – «Сұрапыл» (1995) романы. Көлемі жағынан диология деуге де лайық. Жазушының жанындай көретін, тонның ішкі бауындай жақын журналист-жазушы інісі Сарбас Ақтаев: «Сұрапылда» қаны сорғалаған шындықты шырқыратып жалғанның жарығына алғаш шығарған Кәкімжан оны көзі тірісінде баспаға тапсырып, басшылармен келісім-шартқа отырады. Кезінде тарысы піскеннің тауығы болып алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалаған қулар көзі кетісімен-ақ уәдесін тарс ұмытып, біріне-бірі сілтеп, бірден-бірге ысырып, аттай алты жыл жатқызды. («Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, ол тұрмас бастан жыға қисайғанда» (Абай) дейсің ғой баяғы – Т.С.) Кәкімжанның асыл досы, жаны таза абзал азамат Хайдолла Тілемісов бар ауырпалықты мойнына алып «Қайнар» баспасынан шығарды», - деп көзі жоқтың артында қалған аманатының кешкен күйін, оның қазақ әдебиеті тарихынан алатын тиесілі орнын шамалап береді. Иә, «Сұрапыл» авторы көз жұмғаннан кейін алты жылдан соң жарық көрді. Мұнда ақ пен қызыл алма-кезек жеңісіп, ығыр еткен жылдар, күллі Волга бойы, Украинаны ойсыратып, бізді де соғып өткен 1921 жылғы аштықты, тәркілеу, зорлап ұжымдастыру, отыз екінің аштығы, отыз жетінің ойраны, қырықыншы жылдардың қырғынын-зобалаңды жылдардың зардаптарын, Кәкімжан бірінен-бірін шығарып, Кеңестік кезеңнің бұлғақты, аласапыранды шағының көз жасымен шұбарланған полотносын бөліп-бөлшектемей тұтас күйінде көркем бейнелеп берген. Әрине, тоқсаныншы жылдардың соңынан бастап «перестройканың» («қайта құру») оңды ықпалымен қазақтың ұлтжанды жазушылары коммунистік империя қымтап, құлыпта ұстаған шындықты батыл айтып, ақтаңдақтардың сірескен мұзына күн сәулесі түсе бастады. Десе де, орыстың көрнекті ғалымы Г.Н.Поспеловтың: «Художественные произведения, отличающиеся глубиной осмысления жизни, исторической правдивостью эмоционального отношения к ней и значительной степенью совершенства своей образной формы, не заменают друг-друга в историческом сознании общества, но сохраняют свою самостоятельную, художественную актуальность, соответственно переосмысливаясь из эпохи в эпоху» (Вопросы методологии и поэтики. Из-ва МГУ, 1983, с.185),- деген тұжырымы К.Қазыбаев романына келеді. Тарихи шындықты терең игеріп, перзенттік жүрегінің бар қуатын сарқа жұмсап, буырқанған сезіммен тебірене, толғана әдебиетте бұрын көп кездесе бермейтін жан сапасы жоғары, күрескерлік бейнесі көзтартарлық образдар қатарын көбейтті. Өткен дәуір ақиқатын, қазіргі дәуір шындығына сабақтап, эпикалық жанрдың драмалық қуатын молайта келе, философиялық кең ауқымды монументальды туынды жасаудың сәті түскен.
«Үркіншілік» тарауында жаны кеңірдекке тақалған Кеңес өкіметін сақтап қалуға Алакөл, Ақсу, Сарқан, Лепсі өңірінің жергілікті халқы малын да, жанын аямай ортаға салып, большевиктерден жақсылық күткен халық қорғаныс шебі 200 шақырымды қамтитын Черкасск бекінісінде азу тісін айға бұлаған, көк темірге құрсанып, өлім не өмір деп келген қаһарлы Анненковтың, Россияның солтүстік жағынан саулап төгілген ағылшын, француз, американ интервенттерінің әскерлеріне төтеп беріп, бір жылға созылған алапат соғыста бетқаратпай жеңіп шыққан. Қалған бірен-саран сілімтіктерін Қытай асырып жібереді. Черкасск қорғанысына басшылық еткен Жүсіп Есбергенов, жергілікті жерден шыққан шаруа баласы Федор Афанасьевич Белозеровпен тізе қоса қимылдап, жұртшылықты жеңіске жігерлендіріп, ең ақырғы зор майданды ұйымдастыра біледі. Ақтар тосынан тиіп, ауылды жайпап өткенде бастан кешкен ажал сағаты, қатыгездік, зұлымдық, геноцидтік саясаты малын бағып, бала шағасын өсіріп отырған бейбіт, момын, кеңпейіл жомарт халықты ашындырады. Олар Қызыл әскерге көмектесіп, қолдап, тиісті жерінде қару ұстап соғысып, не партизандық жорықты олардың тылында өрістетіп, онсыз да ішкі Ресейде сілікпесі шыққан, ашынған жыртқышты жүндей сабап, жаңа өкіметтің кеудесін тіктеуіне өлшеусіз үлестерін қосады. Көптен көңілі жарасқан шаруа адамдары Шодыр мен Нарғазы халықтың қолайына жағатын жаңа үкіметтің сойылын соғып еді, жалпақ жұрт соңдарынан ерді. Нарғазының қарындасы Дәмелі, Шеркес қорғанысында ақтармен айқасып жатқан 10 мың әскерге тамақ тауып беруге ағасы Нарғазы, бауырлары Жанғазы, Ерғазылармен бірге ел арасындағы беделін салып, беделі жүрмеген, ақтармен ауызжаласқан байлардың малын айдап кеп, неше жыл мылтықтың шүріппесінде, қайқы қылыштың қылпыған жүзінде ел мұратына қызмет етті. Сүзеген молда Тұрғанбектің үш көкжалы мен қызылжебе - Дәмелісін «кәпірлерге, дінсіздірге көмектесіп жүр, адасты олар» деп сыртынан ғайбаттап, есекке теріс мінгізуінің жөні солай. Дәмелі-теңіз түбіндегі маржан тастай су бетіне шыға бермейтін асыл. Өмір оны еркелеткен жоқ, әкесі мен шешесі Ажы аулынан қалың малын көсіп алып, күні еңкейген кәрі шалға тоқал етіп зорлап теліп жібереді. Ажалынан өлген шалының жылын өткізіп барып, әмеңгерлік жолымен отыздан асқан сұрбойдақ қайны Малыбайға қосылады. Матайдағы Қайнардың қызы адуын да ақылды, күллі Қармыс руын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған анасы Балжаннан көшкен көп қасиет Дәмеліні Малыбайдың шаңырағына ие болғаннан кейін арқаландырып жібереді. Бұл барған жері Ажыда немере қайнысы Қоспанбеттің қолдауымен бар билікті қолына алып, алмағайып заманда аздырып-тоздырып, шолақ белсенділердің илеуіне айналдырмаудың қамымен жөнсіздіктерге араша түсіп, елді бүтін ұстап, алаңғасар кезеңде алжаспаудың амалымен ақылын сауады. Ақылжан, Кеңесжан, Амангүл есімді балаларды дүниеге әкеліп, момын, шаруадан басқаға елікпейтін, ақкөңіл күйеуінің ернін жібітіп, арманын асқақтатады. Сұрапыл жылдары «іштен қыңыр туғанды, тезге салсаң түзелмес» (Бұқар) Лепірбай, Сеңкебай тәрізді надан, есер, шолақ белсенділермен айқаса жүріп өседі. Иә, Әбіш Кекілбаев дәл пайымдайтындай, отаршыл саясат біздің өзгеге де сенгіш, өзімізге де сезіктенгіш мінезімізді де пайдалана білді. Нарғазы сияқты халқының небір ауыртпалықтарын иығымен көтеріп, қанатымен қарлығаштай су сеуіп жүрген әулиепейіл азаматтарының бойын өсірмеді. Лепірбайлар елді ұстап, апаттан алып қалып, қарнын ашырмай, жыртығын жамап халқына қылаусыз қызмет етудің орнына, егін шықпайтын, шөл жайлаған Қаратұмсыққа ел қондыруға азаптанып, көнбегеннің үйін өртеп, милиция әкеп қорқытып, мінез көрсеткеннің қол аяғын байлап, көзіне көк шыбын үймелетеді. «Халқы жаманның биі азады, қатыны жаманның үйі азады» дегеніңіз осы. Абайға айтқызсақ, «берекесі кеткен ел-суы ашыған батпақ көл». Әпербақандығы, қиянаткерлігі үшін орнынан алынған Лепірбай, кектеніп аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Үмбетті атып кетеді. Кәрі шешесін жылатып, әйелін жесір қалдырып, балаларына жетімдік ноқтасын кигізеді.
Кәкімжан Қазыбаев «Сұрапыл» романында шолақ белсенділердің халыққа оба ауруынан кем тимеген кесірлі қылықтарын тамырын жалаңаштап ашып, қасқырға қой бақтырған бейдауа уақытты сынға алады. Қазақ ауылын қансыратып өткен аштық, тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, «ұлтшылдарды әшкерелеу», «тап дұшпандарын табу» науқанының басы-қасында елді білім, білікпен басқармай, таяқпен басқарған сол шолақ белсенділер «патшалық» құрды. Таптады, езді, итжеккенге айдады, қорлады, түрмеде шірітті... Күллі қоғам қылмыскерлер қолына көшіп, соларға дем беруші көлеңкесі мол күрделі тұлға адам ору науқанын қатыгездікпен жүргізуге жасыл көше ашқанда, Лепірбай мен Анарбай қалай желікпесін? Науқаншылдығы басым, аумалы-төкпелі заман жендеттері қамшының орнына шоқпар, тапаншаның орнына зеңбірік сүйретері заңды ғой... Аштықтан тұралған жұртты Қаратұмсыққа зорлап қоныстандырып, өткеннің қалдығы санап, киіз үйді өртеген.
Анарбайларға батып қарсылық көрсету де Дәмелінің маңдайына жазылған. Екі рудың қамын жеу арқылы, қазақтың қамын жеген Дәмелі, типтік образ дәрежесіне көтерілген. Нәзік жынысты әйел тұрмақ, нар тұлғалы Нарғазы, Қоспамбеттерді бітпейтін, жалғасып жатқан сұрапыл сүргіндер жүнжітіп жібергені мәлім. Сонда да, кейін Ф.Белозеров, інісі Нарғазы, баласы Ақылжан «халық жауы» боп ұсталып кеткенде ешнәрседен қорықпай, солардың артынан Итжеккенге бет түзеген, іздеушісі, рухани дем беруші де осы-Дәмелі. Оны құдай бейнетке, жетім-жесірді жебеуге жаратқан. Өмірі ит жыртқан қара терідей жырымдалған, асыл сүйекті ана-ізгілік әділдік іздеуші, жоқтаушы, «сұрапыл» теңселткен емен. Ұжымдастыру мен социалистік құрылысты орнату жылдарында аракідік Ажы аулында ауылдық Кеңестің төрағасы болып, ер азаматты жерге қаратқан қилы заманның тізгінін бекем ұстап, көптің ойынан шыққан ақылманы бола білді. Алайда, бетпақ, долы, қарау, қорқау заман асылды жез етті. Басыңа бақ қонғанда жұрттан асқан данасың, басыңнан бақ қайтқанда қалыбыңа барарсыңыңыз осы.
Қазақ аулында тәркілеу оңайға түскен жоқ. Халықты бай мен кедейге жіктеп, бірін-біріне айдап сап, елге пана, астына ат, үстіне шапан жауып, ашқа ас, жарлыға киім болған атымтайлар мен кессе қан шықпас қарауларды тозаққа бірге тоғытқан әпербақан уақыттың сорақылығын да Кәкімжан Бименде, Шатырбай, Бәсібек байларды тәркілеу процесін жағаңды ұстата бейнелейді. Бай бауырмал болмас, бауырмал адам бай болмастығын ұрпағына өсиет еткен құзғын пейілдің адамы – Ажы ауылының ақсақалы, шіріген байы Бименде. Ол сараңдығы жағынан Қарабай, Гобсектерден асып түсіп, «Оянған өлкедегі» (Ғ.Мүсірепов) Жұман байдың егізінің сыңарындай. Жылқы үйір-үйірімен, қой отар-отарымен мыңғырып жатса да не өзі пайдасын көрмейді, не басқаға сарт мезіреті жасауды құдай оған бұйыртпаған. Сондықтан құл-құтан, малшы-жалшыны ол ұстамайды, шығынын көтергісі келмейді. Әйелі - күңі, үйдің бар азабы мойнында, ұлдары мен өзі малшы; қызы шешесін аяп таңның атысы, күннің батысы бел жазбай, отымен кіріп, күлімен шығады. Бойжетіп отырған сұлу қыз тұттай жалаңаш. Жалғыз қызын былайша жүдеткені, ұлдарына малын аяп қыз айттырмай, сұр бойдақ қып сақтап келе жатқаны Бименденің ойына кіріп шықпайды. «Байға қайыр бітпесе, малынан келер не пайда?» (Бұхар). Ішпей-жемей жинаған шегірткедей шұбырған мал «қайырсыз байға» қандауырдай өңменінен қадалады. Аяуды білмейтін қорқау большевиктік жүйе тәркілеуге кіріскенде бір үйір жылқы, үш отар қойымен Қытайға асып кетуге мәжбүрлейді. Қалған малы ұстағанның қолы, тістегеннің ауызына бұйырады. Ағайынға да қадірі жоқ сараң қария, әйелі өліп, қызы мұнда қалып, бойдақ ұлдарымен бас сауғалап, Алланың кәріне ұшыраған. Әкеден мұраға қалған жер қайысқан малды барымтамен үстеген көкжал бөрі Шатырбай дәулеттің қызығын бір адамдай көріп, шенді де шекпенді де сынысымен жеңіп алып, шалқып жүреді. Ақ пен қызыл жарыса жетіп, біраз нәпақасын мұнан айырғанымен, есесін еселеп толтырып, кектенгеніне келдегін сілтеп, шапқанға шаптан тіреп жатып, шылқамаймен көмейін сыламайынша жібімейтін нағыз қабылан Шатырбай, жаңа эканомикалық саясат кезінде олқысын толтырып, барын базарлап шалқыды. Ақыры тәркілеудің желі Терістіктен соққанда, тез есін жиып, жырынды емес пе, барын түптей көтеріп, ағайын-туған, үрім бұтағымен бір түнде қопарыла арғы жаққа асып кетіп, орнын сипатқан. Ал, осы екеуінен де бай, Бәсібек қария болса – пиғылы кең, мырзалығы жанда жоқ, ағайынға, жетім-жесірге қолы ашық, жүрегінің оты, көңілінің нұры бар, адами биік қалпынан айнып көрмеген нағыз бақ қонған, қыдыр дарыған ел ағасы, құты. Мал қанша бітсе, шашуы да сонша. Орнымен жұмсаған шығын екінші қайнардан ағып, кемнің олқысын толтырып жатады. Әкесіне ас беріп, күнде қырғын, апалақ-топалаңнан ес жия алмай, қажыған жұртты ойын- сауыққа, ішіп-жеуге кенелтіп, алғыстан «алқа» тақты. Бәсібекке де тәркілеу жетті дегенде бүкіл Мәмбетей (руы – Т.С.) елі күңіреніп жылапты. Демек, ол – төңіректі барымен базар еткен, қоңыр желдей қоңыр мінезімен, дарқан пейілімен суарған, ішпей-жемей тойдырған, аузына қарататын кемел ақылдың иесі: «Біз астық қой, тастық қой. Байлық деген мықтап ұстамасақ, жүгенсіз ат секілді алып қашып кете береді. Содан бір жерге апарып соғады»-дейді жұрт ұстаған, иманына берік қария байлыққа бөгіп, асып-тасқан бейдауалыларға. «Туған жерден кету –тұқымыңды құрту, екенін жер түбінен сезетін Бәсібек ешқайда қашпай, малына көз сүзгендердің қолын да қақпады, ұрпағы туған жерден кіндігін үзбеуін қалады. Тәркілеушілер сұсты қарияның үстіне бірден кіріп баруға жүрексініп, алқындарын басқан. Торуылдағалы 3 күн өткен соң Анарбай қу мүйіз бастаған желөкпелер жүрек тоқтатып, Бәсібектің ақ ордасының табалдырығынан ішке аттап кіргенде ол жайбарақат: «Құдай берген абыроймен алтын да жинадым, күміс те жинадым. Малым да жыртылып – айырылады. Анау Бименде құсап, қалт-құлт етіп, құр жинай бермедім, қызығын көрдім. Не болды енді, қосақ арасында ол сорлы да арғы бет асып кетіпті. Арманым анау Матайдағы Маман-Тұрысбектерше ағаш үй салып, мектеп ашып, қараңғы қазақтың көңіліне мен де сәуле шашқым келіп еді. Оған жете алмадым. Егер менің жиған-тергенімді қазақтың, берісі осы Мәмбетейдің кеудесіне жаратсаңдар, алыңдар. Онсыз да шілдің боғындай тозып жүрген қазақты бай, кедей деп жауластырып қайтесіңдер. Мұның ру-ру болып, ата намысын қорғағансып, қырылғаны аз болып па. Қазақтың намысын қорғайтындай етсеңдерші... Өзің жақтағанды да, жақтамағанды да бір қазанға салып қайната бере ме?» - деп жан-жүрегі таза, шуақ шашып тұратын қария, заман райын кеш ұғып, барын уақытында орнына жұмсай алмай, із-тозсыз өмірден кетіп бара жатқанына өкінеді. Бар болғанына, бай болғанына кінәлі саналған Жетісудың тағы бір атымтайы бұлбұлды қарғадан айырмайтын көрсоқыр қарғылы төбеттердің аузында шайналып, түрмеде өкініштен өксіп көз жұмады. Бақ қонып, қыдыр дарыған ата-бабасынан еселеніп бүгінге жеткен мол байлық, халықтың игілігіне аспай, босқа рәсуа болады. Ол – даңғойлықтың кесірі. Роман кейіпкері Нарғазы Верныйға бара жатып Гавриловканың түбіндегі Мұқырыға қонғанда, үй иесі қарт жергілікті шолақ белсенділер атақты байларды тәркілеген соң, онан қалған малды иесіне деген өшпенділіктері қозып, мылтықпен атып, түгел қырып салғанын айтып, көзінен жасы сорғалағанын көрген екен. Ұлттық байлық, ұлттық намыс дегенді құдай санасына сіңірмеген, бір тойғанына, бір күнгі билігіне семірген бітеу жандар өз қолымен өзін буындырып, өз қолымен жаратушы сыйлаған байлықты жойып жатқанын қайдан білсін... Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов: «Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады», - деп, осындай оспадар, тоңмойындардың тірлігінен жеріп айтқан шығар. Бетеге кетсе, бектер кетсе, ел қалатынын, елдің несібесі солардан ауысқанымен, толығатынын табаны жерді езіп тұрған тасыр өз маңдай терімен оны жасамағандықтан парқына жетпесі айқын. Большевиктік идеология ұранымен қаруланып, байларға, билерге, молдаларға өшіктірілген олардан тек жаманшылық атаулы өріп шығатынына сенімі нық, әлгі әлеуметтік топтарға қатыстыны жойып, құртуға кектенген шолақ белсенділердің бетқаратпас ызғарынан зәрезап боп қорыққан ірі байлардың соңынан ілескен орташалар да аздаған күн көрісінен айырылып қалмау үшін есі барда жан сақтайтын жаққа сіңіп, жоғалған. 1930-1932 жылдары 1 миллион 300 мың қазақ жат елге кетуінің осындай трагедиялық сипаты бар. Бұл халық үшін орны толмас өкініш, моральдық, экономикалық, саяси-әлеуметтік, демократиялық соққы. Тәуелсіздік тұғырыңды шайқалтар апат. К.Қазыбаев сол апаттың себеп-салдарына да бойлатады.
«Сұрапыл» романындағы басты кейіпкер кешегі алаштықтардың сарқытын ішкен, жаңа қоғамды құруда білімін, күш-қуатын аямай жұмсап, отаршылдардан, большевиктік жүйенің шовинистік жымысқы салтынан сескенбей, олардан өресі биік, өрісі шұрайлы екенін ісімен дәлелдеген, қазақтың ұлттық интеллигенциясының алғашқы қарлығашы, жауынгерлік рух қанында бар Тайсойғандық – Жүсіп Есбергенов. Ол – Жетісудағы Азамат соғысының тағдырын шешкен Черкасск қорғанысын ұйымдастырып, ақтарды қақ маңдайдан соғып, табан тіретпей Қытайға қашыруға ересен ерлік жасаған көреген қолбасшының бірі. Жүсіп мінезінің кеңдігі-қарапайымдылығы, білім-білігінің молдығы, интернациональдық сезімінің жоғарылығы. Өз ұлтын сүйетін патриоттығы арқасында қарусыз, аңғал, кеңпейіл, бауырмал халқын ақтардың улы қылышынан сақтап, туған жерін солардың ылас табанынан босатуға жігерлендіріп, үмітін ұштады. Байлар, ауқаттылармен тіл табысып, жауын көбейтпеуге, үлкен ауқымды алып жатқан қорғаныс шебіне қажетті азық-түлік, қару-жарақтың көзін бітемеуге күш салды. Соғыс тактикасы мен стратегиясын шебер жүзеге асырудың нәтижесінде Жетісуға төнген ақ интервенцияның жоспарын күл-талқан етіп, Кеңес өкіметін аймақта берік орнатысты. Қызметі жоғарылап, облыстық атқару комитеті төрағасының орынтағына отырды ол. Социалистік құрылыстың қабырғасын қалап, байларды тәркілеу, ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік репрессия кезінде адамгершілік, әділеттілікті ұстанып, асыра сілтеуге жол бемеуге тырысқан. Жергілікті жерде күні кеше ақтармен беріспеген шайқаста жұбы жазылмаған, ақылына ақыл қосқан Нарғазының ел ішінде етекбастылық көрсетіп жүрген жағымсыз әрекеттер жайлы арызын екі етпей, ел еңсесін тіктеуге көп еңбек сіңірді. Тарыққанды жебеп, алақұйын шақтың аламерез қылығын ауыздықтауға жергілікті жердегі ел арасында беделі бар азаматтарды батыл қолдап отырды. Қармыс ауылына Жанқазыны, Ажы аулына Қоспенбетті Кеңес өкіметінің өкілі етіп тағайындап, ынтымақ, бірліктің нығайып, жаңалықтың батыл өркен жаюына жол ашты. Ажы ауылының маңдай алды сұлуы Бименденің қызы Бәтимаға қосылып, бұрынғы таныстықты туыстыққа ұластырады. Сарқан жеріне ішкі Ресейден көшіп келіп, берік орнығып, тамырын терең жіберген орыс шаруасының баласы, еті тірі Федор Афанасьевич Белозеровпен шапшаң тіл табысып, ол ұлы достыққа ұласқан. Кейіннен Федор Афанасьевич Москвада білімін жетілдіріп, Сарқан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы боп ұзақ жыл еңбек етеді. Кешегі Черкасск қорғанысына ерекше еңбек сіңірген, мемлекет, қоғам қайраткері қазақ тілін жетік меңгеріп, оның салт-сана, дәстүрін құрметтеп, мінез-құлқындағы ізгілік, кісілік белгілерін құрмет тұтады, бойына дарытқан. Сол үшін оны жергілікті тұрғындар төбесіне көтеріп аялайды, оған шаң жұқтырмай, «Шодыр» атайды, оның айтқаны заң. Қазақты көгертетін, көштен қалдырмайтын кәсіп-«малсыз күні бар ма, малы құрыды дегенше қазақ та құрыды дей бер» дейтін Малыбайдың жан айқайын құптап, қосымша отырықшылыққа да бейімделе бастауына кеңес береді. Шаруаның бірінсіз-бірінің күні жоқ салаларының дамуын қадағалап, қазақты аштықтан құтқарып, өркениетті өмірге бейімдей бастады. Голощекиннің «Кіші Октябрінен» кейін тұралап, аштықтан жаппай қырыла бастағанына иманы қасым боп, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіне жағдайды толық түсіндіріп, көлемді хат жазып жібереді. Онда ол ашаршылықтың басты-басты себептері: малдан айырылу, жөнсіз салық салу, жоспарға бола қыста қой қырықтыру, астық екпейтін ауылға астық салығын салу тәрізді жөнсіздіктерді, науқанашылдықтың кесірін келістіре кең талдап көрсетеді. Қазақтың сөзін тыңдамаса да, орыстың сөзі құлағына жетер, трагедиядан шығудың жолын қарастырар деп үміттенеді. Бірақ Сталиннің көлеңкесі – Голощекин Белозеровтың қаққан дабылына қыңбайды, кейін осы дабыл оның басын жұтып, «халық жауына» айналдырады. Ел ішіндегі «шолақ етектер» мен «шолақ белсенділердің» көрсетуімен биік лауазымда жүрген Жүсіп Есбергенов те, біріне дос, біріне қайнаға саналған Нарғазының да қолына кісен салынады. Көп кешікпей Белазеровтың шәкірті, «халық жауының» жиені Ақылжан да Итжеккенге айдалады. Сөйтіп Жетісу өңірінен шыққан кеше ақатармен айқасып, қызылдарды жеңіске жеткізіп, мерейін үстем етіп, күллі зобалаңдардың өтінде жүрген, оққа кеудесін тосып, сүргіндерден елін аман-есен алып шыққан Кеңес өкіметінің сенімді сардарлары, серкелері «ұлтшыл-террористер», «халық жауы», «жапония агенттері» атанды. Маңдайына қарғыс таңбасы басылып, халқы үшін, ұлты үшін жанын беруге дайын азаматтар НКВД-ның қанішер, жендеттері Катков, Михаилов, Оспанов, Хамидуллин т.б. адам төзбес зорлық-зомбылықтарын, хайуандық жазаларын басынан кешіп, көз шығып, бас жарылып, қабырға сынып, бауыр езіліп, бүйрек істен шықса да тағылған кінәнің еш негізсіз екенін айтудан жаңылмаған. Жазықсыз атылса да сынбаған, болат сүйек, дініне беріктігіне жендеттері күйінген. Қайран Абай: «Единица жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз – ақ, өз басындық болар сол. Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?» деп егілетіні – «нөлдерді» бастайтын «единицалардың» - Серкелердің амандығына қатыстылығын қалай дәл айтқан десеңізші!.. Сталин халық арасынан шыққан кемел ойлы, білімді, көшбасшы «Единицалар» мен сүт бетіндегі қаймағын сылып алып, бір шыбықпен айдаса да мыңқ етпейтін «көк су» - тобырларды қалауы – осындай антихалықтық, жексұрын саясаттан бастау алғанын тарих, жария кезең жарыққа шығарды. Жағымпаздер мен жылпостардың, дарынсыздар мен күншілдердің күні туып, Т.Д.Лысенколар жаһанға мәшһүр генетик, «халықтық академик» А.И.Вавиловты да «халық жауына» айналдыруға ұяты жеткен.
Т.Д.Лысенколар Қорғаныс саласында да табылып, еліміздегі бес маршалдың үшеуі: А.И.Егоров, М.Н. Тухачевский, В.К.Блюхер және белгілі публицист Эрнест Генридің жазуына қарағанда, жоғары дәрежелі командирлік құрамның үштен екісі «халық жауы» боп шығып, «қарғыс арқалап», жаһанамға жөнелтілген. Бұлайша 58 баппен жазаға тартылғандар саны 3 млн 770 мыңға шыққан да, атылғандары: 642 мың 980. Жалпы Сталин патшалық құрған кезінде өлтірілгендер – 42,6 млн адам екен. Қаннан сел ағызып, көз жасынан көл тұрғызылған. Басқасы басқа, КСРО-да екінші адам В.Молотов әйелі Жемчужинаны «халық жауы» деп ұстап әкеткенде, араша түсуге беттемеген. Арынан шенін, басының амандығын жоғары қойған. «Халықтардың әкесі», «мұртты көсем» бажасы – Республиканың ішкі істер Комиссары Станислав Францевич Реденекке де осындай айып тағылып, атылғанда беті бүлк етпепті. Жаныңнан бездіретін әлгіндей қаныпезерліктерді оқып отырып, «Сұрапылдағы» Мирзоян («Мырза жан»), Жүсіп, Федорлардың жазықсыз жапа шегулеріне күйзелгеніңмен, шүкіршілік етесің. Өйткені, өзгені аямаған, өз бетін де шиедей етіп, күндердің күнінде атаға туған күн ботаға да туатынына еш күманданбайсыз. Уақыт соны дәлелдеді де! Сталиндік репрессиясының КСРО-ға ғана емес, адамзат қоғамына тигізген зияны орасан зор, сол зиянды көркем кестелеген шығармалар қатарына А.Бектің «Новое назначение», В.Дубинцевтің «Белые одежды», А.Рыбаковтың «Дети Арбата», В.Бондаренко романдары мен Т.Абуладзенің «Покаяние» көркем фильмін жатқызуға болады. Ал қазақ әдебиетінде К.Қазыбаевтың біз сөз етіп отырған «Сұрапыл» романы жергілікті тарихи деректер негізінде жазылып, әлгі туындылардың ілегінен сүбелі орнын сайлап алды. Шведтің белгілі саяси қайраткері Пьер Альмарк «Ашылған жарақаттар» атты кітап жазып, «адам етіне жерік» мемлекеттердің жауыздығын әшкерелейді. Кеңес Одағын «ГУЛАГ елі» деп жиіркене атаған. Оның куәлендіруінше, Сталиндік репарессия дәуірлеп тұрған шақта 62 млн «ішкі жаулардың» 40 млн-ны темір тордың ішінде азаппен өлген. Осы қуғын-сүргін жалғасқан Қазақстандағы «АЛЖИР» лагерінде 1937 жылы ғана 7600 әйел қаза тапқан. Тек 1937-1938 жылдары 100000-нан астам адам «халық жауы» ретінде тұтқындалып сотталса, соның 25000-ға жуығы атылған. Адам сүйегінің үстіне жаңа қоғам орнатамын деп жаныққан Сталин осындай құлақ естіп, көз көрмеген нәубетті қосақана қолымен жасапты. Заты, «все прогрессы реакционы, если рушится человек» (А.Вознесенский). Жоғарыда аталаған туындылар, «Сұрапыл» романы да бар, сол «адам етін жегіш» бас жендет, тиран Сталиннің қылышынан жазықсыз азапталып өлгендердің рухына тағзым етіп, зиратына шашылған бір уыс топырақ.
К.Қазыбаевтың «Сұрапыл» романының стилінде полифонизм жетекші орынға шыққанын аңғарамыз. Өйткені, А.Я.Эсалнек: «Полифония – скорее всего внутрениий принцип организации художественного материала в романе, связанный опять же со спецификой его ситуации, проявляющийся в постоянном сопоставлении характеров, прямом или подразумеваемом, в скоре позиций героев, конфликте их мыслей и т.д. и.т.п.» (Внутри жанровая типология и пути ее изучения. Из-во МГУ, 1985. Стр.98), - деп берген анықтамасынан алшақ кетпейді. Заман, уақыт, қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани-экономикалық жай-күйі кейіпкерлер образын қалыптастыруда материал ретінде пайдаланылатындықтан, полифония шығарманың ішкі принциптерін жүзеге асыруда жетекші орынға ие.
Қазақ кеңқолтық, момын, көнпіс, ынтымақ, береке-бірлікке жақын, халық саналғанымен, кемсіту, қорлау күштеу, намысына тиіп, өзгеден төмен қойып, өзеурегенге көндіге қоймаған. Сұр жендет Ф.И.Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп «Кіші Октябрьді» күштеп, бассыздықпен жаныға жүргізген саясатына жергілікті халық үн-түнсіз қалмаған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қаражанның зерттеу материалдарына сүйенсек («Егемен Қазақстан» 05.05.2007), қазақ халқы Голощекиннің «Кіші Октябрі» мен күштеп ұжымдастыруына қарсы 370-тен астам көтеріліс болып өткен. Ұжымдастыру жылдары жүз елу мыңнан астам қазақ қуғын –сүргінге ұшыраған. 2 млн-ға жуық адам, халықтың 42%-і қырылған. 1 млн жүз мың (кей деректе 1 млн 300мың – Т.С.) жергілікті ұлт өкілі Еділ, Орал, Сібір бойына, Қытай, Монғолия Түркия, Иран, Орта Азияға ауа көшіпті. Қабырғаңды қайыстыратын ақиқат 1939 жылы 1929 жылғымен салыстырғанда қазақ халқының саны 63,8%-ке кеміп, туған Отанында небәрі 36,2 пайызы ғана қалған. «Сұрапыл» романында бұл фактілер көркем интерпретациясын тапқан. Өйтпейінше, ол тарихи романшы ретіндегі суреткерлік борышына енжар қарап, басты мәселенің мәнін түсірер еді. «Исторический романист, а тем более биограф обязаны знать все факты, относящиеся к их теме, независимо от того, сколько их он использует в своем произведении» (Д.Жуков. Биография биографии. «Советская Россия». М., 1980. Стр. 61)
Көпке аян, аласапыранның көкесі ауылда болды. Голощекиннің халық басына таңған жұт, аштық, індет ауыртпалығы «Сұрапылда» автор суреттеуінде, кейіпкерлер сөзі, көзімен берілетін баяндауларда да кең қамтылған. Сарқан көшелерінде «кәдімгі бөренедей қатар-қатар тізіп тастаған өліктерді» Федор Белозеров жаңа құрылыстың, социализмнің беделін түсірген қайғылы оқиға, орны толмас апат санайды. Райком тапсырмасымен детдомға балалар жинай ауданға қарасты ауылдарды аралаған тәрбиеші Қайша 10 ауылдың төртеуінен тірі пенде таба алмаған, екі ауыл босып кеткен, ал қалған төрт ауылда үлкенінен тірі қалғаны шамалы, 30-дай бала табылған. Бір үйге кіргенде, кемпір мен шал, қан-қан келіншек өліп жатыр, сақал-мұрты өскен жас жігіт, қолында ожау, қазандық қасында жан тапсырыпты, қазанда жас сәбидің еті асулы еді... Мұнан шығатын қорытынды: кімнің де болса бүгінгі есіл-дерті мынау сұрапылдан тірі қалу, аштан өлмеу. Анау жантәсілім еткен жігіт аштықтың кесірінен жас баласын асып жеп, жансақтамақ болған. Әйелі-ана қарсы, күйеуімен келіспей, арпалысып өлген. Жігіт те, әке-шешесі де қайбір жетіскендіктен осындай күйге жетті дейсің?.. Ақыры баласын қазанға салып асқанмен, жеуді құдай қоштамаған. Қоштамағаны – ожауын ұстап, сорпасын сапырып, етін табаққа түсіріп алмақшы болғанда әлі құрып үзілгені. Асылы, Қайша айтпақшы, «бір кіріп алса дендей беретін дерт секілді ашаршылық дегеннің аса қомағай апат. Жалмап жатыр, жалмап жатыр...» Айтары жоқ, сол қомағай апат екі жарым миллион қазақты көмейіне салып үлгерді. Кәкімжан Қазыбаев күллі халықты теңселтіп өткен апаттың азалы күйін романның «Сұрапыл» бөлімінде бастау бұлағынан бастап, сарқылар арнасына дейінгі аралықта жанға тизіге, жүректі қабындыра отырып бейнелеп берген. Ол-тілге өте сақ, бояуды жағуға да сергек, ойы терең, қаламы жүрдек жазушы. Сөз өнерінің майталманы марқұм Зейнолла Қабдолов ағамыз орнын тапқан екі сөз қатар тұрса біріне-бірінің сәулесі түсетінін, сөз сәулесі сөзге түскен жерде сурет пайда болатынын, ал сол суретке айналған жерден образ басталатынын еске салатыны бар-ды. Кәкімжан осы туындысында көл-көсір материалды жеті өлшеп, бір кесе пайдалана отырып, сөздің сәулесін сөзге түсіріп суретке айналуына, суреттен образ жасау шеберлігіне көтерілгені қуантады. Ол не жазса да баппен жазады. Оқиға өтетін өңір Қазыбаевқа жете таныс. Рельефін қолмен сипап отырғандай. Тау-тасы, арқыраған өзені, қорғандары, шалқар көлдері, сағымды даласы, екілене соққан желі, қысырақтың жалындай құбылып, сағыммен сыланған селеулерінде дейін табиғи. Ата-бабалары кірін жуып, кіндігін кескен сайын сахара, аспанмен тілдескен тауларынан іргесін бөліп көшпей, берік орныққан рулардың атына қанық, белгілі адамдарына шекті шежірені жетік білетін Кәкімжан, халық басынан өткен күрделі оқиғаларды романына арқау еткенде шырқыраған шындыққа арқа тіреген. Саясатқа емес, парасатқа жүгінген. «Көп білу парасатқа апарады. Аз білу саясатқа жететін болса керек, өйткені білігі аз адам білмегенінің орнын қулықпен толтыратын болса керек. Ал саясат дегеніңіздің оннан тоғызы қулықтан шығады» (З.Қабдолов «Менің Әуезовімнен»). «Сұрапылда» Кәкімжан ғұмырының біраз жылдары саясаттың жетегіне жегілумен өткеніне қарамай, сол қатігез, қанды апаттарды халқының басына таңған Кеңестік империяның отаршылдық, басқыншылық, билеп-жаншыған қитұрқы, шовинистік саясатынан жиреніп, зорлығының салдарын көп білетіндіктен, парасатпен соны қат-қабатын жазып суретін көзге, көкірекке тоса, «оннан тоғызы» шындыққа суарылып, ойы орнықты, сөзі салмақты, беделі биік еңселі кейіпкерлер образы тұғыры берік боп өмірге жолдама алған. Ол Альберт Эйнштейннің «Мемлекет қанша қысса да өз ақыл-ойыңыздың шешімінен айнымаңыз» деген өсиетінен табылады. Романда Федор Афанасьевич зәресі ұшатын бір жай бар. Ауылдардағы аштықтан қырылып жатқан қазақ сәбилерін жинап, детдомдарға орналастырғанда олар: Ваня, Максим, Петя, Вера, Таня т.б. орысша аталып, құжаттар солай толтырыла бастаған. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы өзі орыс болғандықтан, қазақ балалары орысқа айналуын қолынан жасатып жатыр деген қаңқу әңгімеден сақтанады. Ол, әрине, оның сабырлы, байыпты, салқын қандылығынан, өзін алақанда алқалаған халықтың көңіліне кірбің түсіргісі келмеген ақжелеңдігінен де шығар.
Романда әйелдер бейнесі тұма, мөлдір бастаудай жұтынып шыққан. Дәмелі – типтік тұлға. Отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Барша ауыртпалықтың басы-қасында жүріп, қуғын-сүргіннен өзі де зәрезап болып шаршайды. Әйтсе де бірер күннен соң жығылған жалы қайта тұрып, бітіспес күреске белшеше араласады. Күрес – оның стихиясы. Күлжәмила («Ызғар») ешкімді бетіне қаратпайтын азулы, адуын болса, Балжан бәйбіше («Сұрапыл») де сол топырақтан жаралған. Сараң Бимендені Балжанның қызы Дәмелі «намазынан» жаңылдырып, қырық қойын Черкасск қорғанысшыларына азыққа бергізген. Бимендені Дәмелі ертеректе ағасы Шайболдың тоқалы болып жүргенде 100 қойын саттырып, бала-шағасын үлде мен бүлдеге орағаны бар. Бименде Дәмеліні «қадалған жерден қан алатының әлі қалмапты ғой. Бұл Балжан бәйбішенің ұлдары да қасқыр, қыздары да қасқыр» деп мойындап, олардың қолы ашықтығы, бас пайдасынан ағайынның аты озғанын қалайтын дарқандығына елітіп, көн көңілінің қалай жібігенін аңғармай қалады. Сұрапыл, үміт-үрейі мол жылдарда әке-шешеден айырылған сәбилер, «халық жауы» деп қудаланғандардың балалары, келін-кепшік, бауыр-қайындары осы «дүлдүл апа», Малыбай екеуінің кең құшағына жиналып, жүрегінің оты, көңілінің нұрына бөленді. Қазақ «шешесіне қарап қызын ал» деп тегін айтпайды ғой. Матай ішіндегі Қайнардың сұңғыла қызы Балжан Тұрғанбектің ауылына келін боп түсіп, балалары ержете бастағанда, өмірден ерте озған күйеуінің орнын басып, Қармыс руын пәле-жаладан сақтандырып, жақсысын да, жаманын да бастан өткеріп, жалы жерге төгілген құтпан айғырдай қорғап, еліне құт боп жолыққан. Онан тәрбие-тәлім алып өскен Дәмелінің жақсылығын көп көрген Бәтима-бақ та, байлық та бойына жарасқан, байдың қызымын деп сыздауды, дөкейдің әйелімін деп «ысқыруды» білмейтін, жан сұлулығы тән сұлулығымен үйлескен шырайлы да, қылықты ару. Дәмелінің өз келіні, ол да байдың қызы-Қайша, әке-шешесінің асыл қасеттерін қанына сіңірген, ұлттық салт-санаға жетік, жаңа заманның үрдісін де бойына сіңірген, білімді, текті тұқымнан шыққан кеудесі алтын сандық, темір төзімді, опалы келіншек. Оның күйеуі Ақылжанға әкесі Малыбайдың момын, шаруақор, береке-бірлікке құштар, салмақты, бауырмал, табанды, бірбет қасиеттері қанмен бойына сіңген. Ал, ол сондай-ақ нағашысы Нарғазының көзін көкке, жүзін желге тосып абдырамайтын батыр, қайсар, сабырлы, салмақты, салқынқанды мінездерін де құдай жан әлеміне молынан дарытқан дарынды жас. Бөтен көз көреген, үкімет оны ерте қызметке жегіп, данагөй ұстаздары Жүсіп, Федорлардан, қарапайым халық ортасынан шыққан асылдар-нағашысы Нарғазы, шешесі Дәмеліден ел ұстаудың үрдісін ерте көңіліне тоқып, шолақ белсенділердің көкпарына көп түсті, екіжүзділік, сатқындық, жарамсақ, жағымпаздық торына шырмала жүріп өсетін елдің өрлететін өнерін ғана қару еткендіктен, құдайы қорғап-қоштап аман алып қалғанымен, сталиндік репрессияға тұтылды, қиуазын қайтарудың жолы біржола кесілді.
«Сұрапыл» романында жазушының қаламынан кессе қан шықпас сараңды да, дүниеқоңыз ашқарақты да, Отаны тұрмақ, туған анасын, атасын сатып, бауырын бауыздап кететін шолақ белсендіні (шолақетекті) де, екі иығын жұлып жеп жүрген қорқау, ішіне пышақ айналмайтын ішітар, жиіркенішті, кекір мансапқорды да, «дүниені қараң су алып жатса да қыңқ етпейтін, салғырт-самарқау тоңмойынды да, аспанды абыстырып, қара жерді қабыстырып, үрит-соқпен жүретін алабүліктерді де, керісінше, халық ісі үшін аласапыран, бұлғақ заманда емендей қайсар, толғамалы ала балтаны толғап ұстап, жеке бастың мүддесін ойламай, тозақы тірлікте «күйкентай мен қарғалардың» үлесі үстем болмасын деп басын жұтқызса да кескілесіп өткен кісілігі бекем кісілерді, «ең берік ат, ең биік ат, ең баянды ат - Азаматтығына» (Ә.Кекілбаев) әжім түсірмеген қаһармандарды да көптеп ұшыратамыз.
Кәкімжан Қазыбаев-халықтың сөздік қорын өте тиімді пайдаланатын тілмәр жазушы. Кейіпкер характерін ашатын, іс-әрекет, болмысын аңғартатын тұста мақал-мәтелдерді тиімді, әрі көп пайдаланған. Мәселен: «Шебердің қолы ортақ, өнердің өзі ортақ», «Жолбарыс жүректі болғанымен де сирек туады», «Жаман адамның асқаны жаман, жаман өзеннің тасқаны жаман», «Ит жоқта шошқа үреді қораға; би жоқта құл жүреді жораға», «Өзеннің басы байланса, аяғы лайланады», «Қыздай қылмиған жігіттен, еркектей едірейген қыздан без», «Пәлелі көтке бармағыңды тықпа, тырнағың қалады», «Әйел азарда-жүргіш, тазы азарда – үргіш» т.б. Осылардың әрқайсысы кейіпкердің жан сапасын, көрген тәрбиесін таразылап тұрған мінездемелік (характерологиялық) сипатқа ие. Халықтың даналығы, халықтың адамгершілігі мақалында, афоризмдеріне жатады ғой. Кәкімжанның қай туындысын оқысаңыз да мақал-мәтелдер, даналық сөздер мол ұшырасады, ол оның дүниетанымы тереңдігінің айғағы. Демек, ол – стилі қалыпасқан, алымды қаламгер. Көрнекті әдебиет зерттеушісі В.Днепров: «Стиль – это общий характер выразительности различных форм. Стиль – это связь форм, обнаруживающая единство художественного содержания. Как естествоиспытатель по одной кости восстанавливает скелет вымершего животного, как искусствовед, обладающий чутьем стилистического сходства, становливает из обломков античный храм во всей его прелести» (Идеи времени и формы времени. «Советский писатель». Л.отд., 1980. Стр.65), - деп стильдің мәнін ашып берген. К.Қазыбаев та қазақ басынан кешкен қатерлі өткелдердің жазуға, айтуға, танып - білуге тиым салынған «ақтаңдақтарын» көркемдік тұрғыда «тірілтуде» өз стилін тапқан. Авторлық баяндау, психологиялық саралау, пейзаж, портрет, кейіпкерлер мінезін жүйелеу, диолог, монолог (медитативті түрі де), суреттеу т.б. шеберлік тәсілдерін тиімді пайдалануда Қазыбаевтың мол ізденгенін, талант арнасы орта түспей, ақыл айдыны тартылудың орнына, көкжиегі кеңи түскенін аңғарамыз.
Қорыта келе айтарымыз, К.Қазыбаев-халқымыздың біртуар ұларының еленбей кеткен тарихи еңбегін жұрттың танып-білуіне жол салып, олардың асқақ қаһармандық тұлғасын көркем бейнелеп берген, тарихи шындықтың салтанат құруына өлшеусіз тер төккен ізденімпаз, ұлтжанды журналист. Соғыс өрті бет шарпып тұрған қанды қасаптың ортасынан оралғандардың қайталанбас ерлігін, адамгершілік қасиеттерін «мылтықсыз майдан» саналатын ауыл өмірінің аңызға бергісіз арпалысты тірлігін, трагедиясы, комедиясы, драмасын қаз-қалпында қуатты, жаны жайсаң, қилы мінезді қаһармандары тағдырымен ортақтастыратын, күрделі образдар әлемін сомдап береген қаламгер. Россия империясы «итінен кем тұтқанын» ал коммунистік әкімшіл-әміршіл жүйе ұлтымызды жоюға жасаған зобалаңдары түп-тамыры, қалтарыс-бұлтарысы, қат-қабаты, шатқалаңы, өрісі, құзы, терең иірімдерін байыппен сүзіп, ездік пен ерлікті, зұлымдық пен ізгілікті, пенделік пен азаматтықты салыстыра суреттеп, әсіресе Кеңес өкіметінің алан-елеңінен күні еңкейе бастаған шағына шейінгі көрсеткен көресісін, онсыз да «мың өліп, мың тірілген» ащы тағдырлы халқымыздың ХХ ғасырдағы тарихын асырып аптықпай, не жасырып жарамсақтанбай, не ақкөз қыжылдың жетегінде кетпей, бәрін орын-орнымен қаз-қалпында көркемдік қалыбынан үлпілдетіп пісіріп шығарған қайсар, ұлтжанды жазушы, баянды азамат, табанды күрескер, ажал сағаты соққанша қаламы қолынан түспеген Жетісудың жалынды жыршысы - Кәкімжан Қазыбаев. Тәуелсіздіктің ауасын жұтып, дәмін татуды армандап, арпалысып өткен, бостандықтың қадірін бағалауға үйреткен Кәкеңнің саз жазылған туындылары бізді өмірге неге келдің, не тындырдың, не тындырмақшысың, халқыңның үмітін ақтадың ба, азаматтық бет-бейнеңе төңірегіңнің көңілі тола ма деген сауалдарға жауап беруге шақырады. Әрине, ойға бастаған шығарма-оңға басталған іс-әрекеттің локомотиві. Көзден кеткенмен, артында терең із қалдырып, рухы өзіңмен күнде табысып отыратын қанатты да, тұяқты перзенттерін аялап, көңіл төрінен орнын сайлайтын халықтың келешегі арайлы.

ТҰРСЫН СЫДЫҚОВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Педагогика ғылымдары академиясы академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста