Рок-н-ролл барда рок-марапат та болады!

Рок-н-ролл барда рок-марапат та болады!

Ел мәдениеті тарихында қалатын оқиға! Қазақстанның рок-музыкасына тұңғыш рет кәсіби баға берілді. Екі жыл бойы іріктеліп, жүзден жүйрік шыққан 20 шақты музыкалық ұжым желтоқсанның 2-сі күні Алматыдағы Республика сарайында салтанатты жағдайда марапатталды.
Музыканың бұл саласы туралы мей­лінше сенімді, мейлінше ресми, мейлінше биік мінберден айтатын кез келді. Tengri FM радиосы әуе толқынына шыққаннан бастап, «Тенгри биігінде» атты арнайы жобаны қолға алған еді. Жоба еліміздегі рок-ұжымдардың дамуына серпін беруді көздеген еді. «Алаш Медиа Групп» хол­дингінің бас директоры Батыр Қазы­баевтың айтуынша, рок-марапаттың мәні де – қазақстандық рок‑н-ролл команда­ла­рының аяғынан тік тұруына, олардың өнер көрсетуіне, сүйікті істерімен айналы­суына жағдай жасау. Ал мұндай ұжымдар бізде көп болып шықты. Екі жыл ішінде «Тенгри биігінде» жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық ұжымнан 3000-дай композиция келіп түскен. «Біз бұл жобаны рок-фестивальдармен көр­кемдеп келдік. Міне, енді жобаның бір кезеңін қорытындылайтын да уақыт жетті. Бұл шара дәстүрлі түрде өтетін болады. Қазақ­станда рок-н-ролл барда рок-жүлде де болуы тиіс», – дейді Б.Қазыбаев. Ма­ра­паттау салтанатын радиожурналист Сергей Майборода жүргізді. The Fridays аталатын топ кештің шымылдығын түрген соң түрлі номинация бойынша рок-ұжымдардың жеңімпаз атанғандары жария етілді. Музыка, ең әуелі, әр алуан дыбыстар мен техникалық детальдардан тұратынын ескерген ұйымдастырушылар марапаттың бісмілләсін «үздік аран­жировка» номи­нациясынан бастады. Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­серва­тория­сының ректоры, халық әртісі, пианист Жәния Әубәкірова мен ресейлік танымал музы­кант Сергей Галанин бастаған кәсіби ма­мандар мен білікті сарапшылардан тұра­тын қазылар алқасы бұл жүлдеге Some Toir тобының шығар­маларын лайық деп тапты. Рок-н-роллдың мақсаты – музыка­мен ба­бын келтіре отырып, поэзияны ұлықтау. Бұл жағынан «поэзия» аталы­мында сынға түскендердің қайсысы да осал болмады. Дегенмен жүлде мүсіні Che Francisco то­бына бұйыр­ды. Мүсін демекші, ол радио­микрофон пішінінде жасалған, жоғарғы бөлігіндегі шеңберде электр­гитара мен одан тарайтын зарядты күш бейнеленген, бұл отандық рок-музы­кадағы жаңа толқынды меңзейді. Салтанатты марапатқа дейін негізгі аталым бойынша бәсе­келеспейтін ұжымдар арасында ғаламтор жүлдесі үшін дауыс жиналған еді. Оның нәтижесі бойынша Flash Set тобы жеңімпаз деп танылды. «Әйелдер вокалы» номи­нациясында – Sugarfree Blues, «ерлер во­калы» номи­нациясында Cry Baby тобының солистері жеңіп шықты. Angry Ants тобы «үздік трек» аталымы бойынша сыйлыққа ие болды. «Рокқа деген адалдығы» үшін жүлдесі бойынша бес ұжым бақ сынаған еді: Motor-Roller, BluesMotel, «Суб­куль­тура», The Fridays және «Жантик-Бэнд». Қазылар бұлардың ешқайсысының да кәсібіне адалдығына күмән келтірмей, сыйлықты бәріне бірдей үлестірді. Ал «Қазақстанда рок‑музыка­ның дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесі құрылғанына 45 жыл болған, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне табыс етілді. Кеште рок-н-роллымыздың бақилық болған құрметті өкілі Тахир Ибрагимов те еске алынып, оның інісі мен ұлына рок-марапат мүсіні естелікке берілді. Салта­натты думанда рок-ұжым­дардың әндері камера­лық оркестрдің сүйемелдеуімен көркем­делді. Бұл – елімізде бұрын-соңды бол­маған тәжі­рибе. Рок-н-ролл кешінде эт­никалық му­зыка орындаушылары да өнер көрсетіп, алда келе жатқан The Spirit of Tengri фес­тивалінен хабар берді. Саха елінен келген Юлиананың ерекше өнері, Angry Ants гитарашысы Нодар Машуров пен «Алдас­пан» тобының домбыра­шысы Мақсат Хасанов арасындағы айтыс, электрдом­бырашылардың «Көрұғлысы» көрермен­дерді тәнті етті.


Мәдина Өмірбекова, Tengri FM радиостансысының директоры:
– Қазақстанның бірінші рок-марапатын ұйымдастыруға Tengri FM радиосы өте үлкен еңбек пен күш жұмсады. Музыканттардың өзі де қыруар еңбек сіңірді. Бүгінгі шара елімізде рок-музыканың қандай деңгейде екенін, қанша сапалы композиция туып жатқанын тұңғыш рет көрсетеді. Бұл музыка біреулер үшін лирикаға толы, біреулер үшін өте қатты, енді біреулер үшін сондай нәзік, қалай болғанда да, рок-музыка дамып жатыр. Орындаушылардың арасында рок-мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан кәсіби таланттар көп.


Ілияс Аутов, Motor-Roller тобының жетекшісі:
– Мен елімізде рок-қозғалысты дамытуға қолдау көрсететін адам­дардың табылуын бұрыннан күткен едім. Өйткені бұған дейін орын­дау­шылар гитарасын арқалап, өз­дерімен-өздері күй кешуге мәжбүр болды. Әркім өз күнін өз халінше көріп, өнерін мүмкіндігі келгенше насихаттап жүрді. Көбі бұқараға жол таба алмай, қи­налды. Міне, енді ғана Tengri FM-нің арқасында тұңғыш рет бұл салаға көңіл бөлінді. Рок-н-ролл өкілі ретінде радио ұжымына осындай күрделі, көпшілік әрең төзетін, тіпті қолда­майтын қадамға барғаны үшін ал­ғысымды білдіремін. Қоғамда қа­рым-қатынастың түрлі құралы бар, эко­номика тілі, саясат тілі, әскери тіл деген сияқты, ал біз өзара рок-н-ролл тілінде сөйлесуге жол таптық.


Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының жетекшісі:
– Қазақ жерінде рокқа ұқсас әуен­дер әлімсақтан болды. Ал бүгін бұл музыканың биікке көтерілгеніне көз жетті. Рок-марапат салтанатында өнер көрсеткенімізге өте қуаныш­тымыз. Келешекте марапаттың ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймыз. Үлкен мерекеде барлық рок-орын­даушылар бірігіп, ортақ өнерді насихаттадық. Түрлі номинацияға ұсынылу маңызды емес деп ойлаймын, бастысы осы мере­кеде біз де өз өнерімізді жұрт­шылыққа паш ете алдық. Рок-орын­дау­шыларымыз қандай тамаша, музыкалары қандай керемет, міне, осыны тамаша­лаудың өзі ерекше әсерге бөлейді.

Уәде етілгендей, марапат соңы әйгілі Борис Гребенщиков пен оның «Аквариум» тобының мерейтойлық концертіне ұласты. «Әннің ескісі болмайды» деген орыс рок-музыкасының абызы кеште «Расти, бо­рода», «Лошадь белая», «Назад в Архан­гельск», «Огонь Вавилона», «Земля», «Слова растамана» сияқты танымал туындыларын орындады. «Аквариум» – көп аспапты ұжым. Мұнда әдеттегі гита­рашы, саксофоншы, флей­ташы, пернеші, барабаншылармен бірге, гармоника, тұрба, керней, кларнет, ман­долина, перкуссия, басқа да аспаптарда ойнаушы музыканттар бар. Көпшілікке вистл мен флейтада ойнайтын ирлан­диялық музыкант Брайан Финнеганның өнері ұнады. Б.Гребен­щиков үзіліс жаса­мастан, он шақты ән айтты, оны зал қоше­метпен қолдап отырды, «Все говорят, что пить нельзя» әні көрермендерді әбден экстазға бөледі. Бұған дейін сабырлы отырған жұрт орындарынан тұрып, билеп кетті. Рок‑гуру өз концертін Алматыға ар­налған «Отец яблок» әнімен қоры­тындылады. Журналистерге Алматының ақ қарына ғашық болғанын айтқан әйгілі музыкант Республика сарайындағы ды­бысқа жо­ғары баға берді.


Борис Гребенщиков, ақын, музыкант, «Аквариум» тобының жетекшісі:
– Мен үшін Қазақстанның бірінші рок‑жүлдесін табыс ету салтанатына қатысу – үлкен оқиға. Бірақ қазақ­стандық рок‑ұжымдардың шығарма­шы­лығымен әлі танысқан жоқпын. Міндетті түрде көңіл аударатын бо­ламын. Мен жастарға еш­қандай кеңесті тыңдамауға кеңес беремін. Музыкамен айналысатын қыз-жігіттер қызмет ететін ортасының, яғни өз заман­­дастарының талаптарын ғана ескеруі керек. Рас, өзім көп адамнан үйрендім, әлі күнге дейін ондай адам­дар табылып жатады, өмірде бұл жағынан жолым болды. Бірақ бәрінен бұрын мен ешкімге емес, музыкаға ғана қарыздармын. Менде қызығу­шылықты оятқан – музыка ғана. Музыканы толық түсінемін деп ешкім айта алмайды, өйткені музыка дін сияқты, ол біздің түсінігімізден жо­ғары. Биыл біз 40 жыл бойы жасаған жұмыстарымызды қорытындылап, келер жылдан бастап, қызметімізді мүлдем жаңа бағытта жалғастыратын боламыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста