Қызылжар гербіндегі кілт Буратинонікі болып шықты
Қызылжар қаласының гербінде бейнеленген кілт көңілге кірбің салып тұр. Шаһар еліміздің ең шеті, яғни солтүстік қақпасы екенін білдіретін кілттің крест бейнесінде таңбалануында не сыр жатыр? Қазір мемлекеттердің ғана емес, әр қаланың өз рәміздері бар екені белгілі. Рәмізге қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал Қызылжардың гербіне көз жүгіртсеңіз, қандай ой түйеріңізді де білмейсіз.
Қаланың басты таңбасы 2003 жылы жасалып қабылданған. Оннан астам адам қатысқан қалалық байқаудың нәтижесі бойынша 1 дәрежелі конструктор-суретші, Дизайнерлер одағының мүшесі Андрей Поповтың жұмысы жеңімпаз деп табылыпты. Гербтің эскизін бекіту туралы шешімді 20 адамнан құралған қазылар алқасы қабылдаған. Комиссия құрамында қаланың беделді деген ақсақалдары, зиялымын деп жүрген бірнеше азаматтары да қатысыпты. Бірақ олардың креске көңіл аудармай, бірауыздан қабылдап жібергені түсініксіз. Әлде бұған дейін облыстың гербін жасаған автордың жұмысын көз жұмып тұрып таңдай салды ма екен?
Герб шаңырақ іспеттес дөңгелек пішінде жасалған. Шеңбер ішінде қаланың бүгінгі тынысын және маңызын білдіретін төрт таңба салынған. Тістегеріш өнеркәсіп пен машина жасау қаласы екенін білдіреді, масақ – Қазақстанның астықты өлкесі, кітап білім мен ғылым орталығы дегенді ұғындырады. Ал ең жоғарыда бойына бір емес, үш крест салынған кілт тұр. Автордың пайымдауынша, ол Қызылжардың географиялық орналасуын көрсеткісі келіпті. Герб қошқар мүйізді оюмен көмкерілген. Ою дегеннен шығады, гербке байланысты қала әкімі Нұржан Әшімбетовке хат жолдап, орынбасарынан жауап алдық. Жауапта «Кілттің декорациялық үлгісі гербтің басқа элементтеріне сай, ал крест түріндегі сурет әртүрлі ұлттардың ою-өрнегіне, соның ішінде қазақ халқының ою-өрнегіне тән» делінген. Шынымен де, крест қазақтың оюы ма? Бұл сауалға жауап алу үшін этнограф маманға жолықтық.
Сәуле Бәйтенова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының этнография бөлімінің меңгерушісі:
– Қазақ оюлары төрт топқа бөлінеді. Зооморфты жануарлар, аң, құстардың мүшелері бейнеленген оюлар. Мысалы, қошқар мүйіз, қаз мойын, табан, өркеш сияқты оюлар. Өсімдік типтес оюларға жауқазын, үш жапырақ, гүл, шиыршық сияқтылар жатады. Қалған екі топ геометриялық және космогониялық деп аталады. Сүйір, ирек, қармақ, шынжыр дегендер – геометриялық, ал шеңбер, шимай, айшық, бітпес сияқты оюлар космогониялыққа жатады. Соңғысына креске ұқсайтын төртқұлақ оюы да кіреді. Ол төрт құбыланы білдіреді. Сондай-ақ тарихқа көз жүгіртсек, Керей руының таңбасында да крест болғанын аңғарамыз. Ал қазір ондай ою мүлдем қолданылмайды десе де болады.
Қазақта крест тектес ою бар делік, бірақ герб авторының кілтті қазақиландыру үшін қазақтың жоғалып бара жатқан төртқұлақ оюын әдейілеп салғанына күмәніміз бар. Бұны рәміз авторы Андрей Поповтың өзімен сөйлескенде де аңғардық.
Кілттердің басы, әдетте, біріне-бірі ұқсамайтын әртүрлі бедерлі, ал сабы қолға ұстауға ыңғайлы болуы үшін дөңгелек, үш бұрыш немесе төрт бұрышты қылып жасалатын. Ал крест бейнесіндегіні бірінші рет көруіміз. Сөйтсек, Поповтың кілті күнделікті қолданылатын құлыптың кілті емес екен, ол орыс ертегісіндегі Буратиноның кілтінің көшірмесі болып шықты.
Андрей Попов, Қызылжар қаласы гербінің авторы:
– Бұл кілтті салғанда дінге арқа сүйеген жоқпын. Қала солтүстіктің қақпасы екенін білдіру үшін кілтті бейнеледім. Ал кілттегі креске келетін болсақ, ол неге күнделікті қолданыстағы кілттерге ұқсамайды дейсіз ғой? Бұл бәріміз бала кезімізде сүйіп көрген Буратиноның кілтінің көшірмесі десе де болады. Оның кілтінде де осындай өрнек бар. Сондықтан бұны христиан дінінің белгісі деп қана қарамаған дұрыс.
Өткен жылы Қызылжар қаласының атауын ауыстыру туралы әңгіме қозғалған кезде үдере қарсы шыққандардың басында қаладағы христиан шіркеуінің өкілдері жүрді. Тіпті діни рәсімдерді ысырып қойып, қала атауын ауыстыруға қарсылардан қол жинағаны да мәлім. Олар дін әулиелері Петр мен Павелдің атын өшірмейміз деп шыққан болатын. Осындай оқиғалардан кейін гербтегі кілтте христиан дінінің басты белгісі крест оқыс, ойда жоқта салынды деген «ертегіге» біреуді сендіре қою қиын.
Ал қазақы құлыпқа келіңкіремей тұрған сол кілтті сәл «егеп» жіберу туралы ұсынысқа қалалық әкімдік неге жақ ашпай отыр?