Сыр өңірінің жұртшылығы биылғы жылы қазақтың жаужүрек баһадүр ұлының бірі – Бұқарбай батыр Естекбайұлының өмірге келгеніне 200 жыл толуына орай ұлан-асыр той өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні сол шараға арнайы дайындық шарасы басталып кетті. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде ерлікпен шайқасқан ардақты азаматқа бүгінгі ұрпағы осылайша құрмет көрсетуде.
Облыс орталығында баһадүр бабаға ескерткіш орнату көзделуде. Еңселі ескерткіштің қазір алғашқы іргетасы қалана бастады. Кейінгі ұрпақ батырға тағзым жасайтын орын Қызылорда қаласының «Шұғыла» шағын ауданындағы Ғ.Мұратбаев және Бұқарбай көшелерінің бойында бой көтермек. Сол жердегі алаңда биіктігі сегіз метрге жететін тұғырға тұлпарға мінген батырдың бейнесі орнатылады. Оның сметалық құны 2 млн 600 мың теңгені құрайды. Осы күндері ескерткіш орнатуға байланысты арнайы байқау жарияланып, жеңімпаз белгілі болды. Ескерткіштің жобасымен «АрхГрадстройКадастр» ЖШС айналысып жатыр.
Аталмыш орынның айналасы абаттандырылады. Осылайша бұл жер қала тұрғындарының демалатын саябағына айналмақшы. Бұдан бұрын Сырдың бас қаласында Қобыланды батыр мен Жалаңтөс баһадүрдің зәулім ескерткіштері қойылған еді. Ал одан сәл ертерек Келменбет батыр, Аманкелді Иманов секілді жаужүрек ұлдардың еңселі ескерткіштері орнатылған. Алаштың анасы атанған аймақ осылайша қазақтың Тәуелсіздігі үшін тер төккен асылдар мен ардақтыларын түгендей бастады.
Қызылорда батырлар қаласына айналады
Последние статьи автора