Қытайда жазушы қаламақымен миллионер болады
Әкбар Мәжит – қытай қазақтарының арасынан шыққан шоқтығы биік қаламгер. Ол Қытайдың Іле аймағына қарасты Қорғас ауданында дүниеге келген. Жасынан қытай тілінде білім алған. Ланжу университетінің Қытай әдебиеті факультетін бітірді. Қазір Бейжіңде тұрады. Прозашы. Шығармаларын қытай тілінде жазады. Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері. Қытай мемлекеттік әңгімелер сыйлығының, Ұлттар әдебиеті сыйлығының үш дүркін иегері. «Қытай жазушысы» журналының Бас редакторы. Қаламгер өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына орай өткізілген тойға келіпті. Біз жазушыны сол мерейтойда жолықтырдық. Миллиардтың ортасынан, Бейжіңдегі 20 миллион қытайдың арасынан келген Әкбар аға ана тілін ұмыта қоймапты. Бізбен емін-еркін сұхбаттасты. Ол бір топ жас ақын-жазушы жігіттермен танысып жатып: «Мен жастарға сенемін», – деп Мағжан айтқандай, қазақ жерінде жазушылыққа талпынған жас көп екен. Бұл – қазақ әдебиетінің болашағы. Мен қазақ әдебиетінің әлем әдебиеті деңгейіне көтерілетініне сенемін», – деп ырзалығын білдірді.
– Әкбар аға, біздегі әдеби процестің тәртібін көріп отырсыз. Қытайда қаламгерге қатысты жүйенің тәртібі қалай?
– Қытайда да осындай. Қытай Жазушылар одағы бар. Қаламгер қауымның осы одақтық тәртібі Кеңес үкіметі кезінен қалған жүйе ғой. Біз де осы тәртіп.
Қытайда Мемлекеттік Жазушылар одағы, сонан соң әр өлкеде бір-бірден, 31 өлкеде, 31 Жазушылар одағы жұмыс істейді. Мемлекеттік жазушылар одағында 9600 мүше бар. Өлкелік Жазушылар одағының әрқайсысында 3000 қаламгерден тіркелген. Сонда барлық өлкелік одақтарда 100 мыңдай ақын-жазушы бар.
– Қаламақы мәселесі қалай? Жазушы жазған-сызғанына алатын қаламақымен өмір сүре ала ма?
– Қытайда қаламақы саясаты жолға қойылған. Заң бойынша 1000 әріпке қытай ақшасымен 300 юань беріледі. Поэзия үшін 10 жол (10 тармақ) өлеңге 300 юань. Сонда есептеп көріңізші, бір романға немесе өлеңдер жинағында қанша әріп бар?
Шынымды айтсам, кейбір жазушылар еш жерде жұмыс істемей, тек қаламақымен ғана жан бағып отыр. Тіпті кітап жазып миллионер болып отырған қаламгерлер де бар. Мысалы, Мо Янь сияқты Нобель сыйлығын алмаса да, қаламақымен миллионер болып отырған жазушы Бейжіңнен ғана емес, басқа қалалардан да көптеп кезігеді.
– Мо Янь демекші, жазушының шығармаларымен толық таныс шығарсыз. Мо Янь Нобель сыйлығын талантты жазушы болғаны үшін алды деп ойлайсыз ба, әлде басқалай «саясат» болуы мүмкін бе?
– Мо Яньның жазған-сызғанының бәрімен таныспын. Оның Нобельді алуының саясатын айтайын. Біріншіден, ол шынымен талантты жазушы. Екіншіден, оның шығармаларының бәрі ағылшын тіліне аударылған. Сондықтан оның романын комиссия мүшелерінің бәрі оқып, түсінген. Нобель үшін аударма өте маңызды. Үшіншіден, Мо Яньның бұл сыйлыққа қолы жетуінің тағы бір себебі – қытай экономикасының дамуы. Әлем Қытайдың өзімен де, оның экономикасымен, санасып отыр. Өйткені, ақша қай заманда да елді, елдің саясатын да билейді.
Мо Яньның тырнақалды әңгімесі мен редакторлық ететін журналда жарық көрген. Сол үшін де Мо Яньмен жақсы таныспыз.
– Ол қандай журнал?
– «Қытай жазушысы» деген журнал. Бұл Қытайдағы ақын-жазушы қауымның басты журналы. Мен осы басылымның Бас редакторымын. Біздің журналдан биыл 10 шығарма мемлекеттік сыйлық алып отыр. Бір мерзімді басылымнан 10 шығарманың мемсыйлық алуы – рекорд.
Сіздерде қалай екенін білмеймін, Қытайда баспасөз деген – бір мемлекет. «Қытай жазушысы» да үлкен орда. Журналдың қаламгер қауымға арнаған 8 түрлі әдеби сыйлығы бар.
– Қытайдағы жаңа әдебиеттің жайы қалай? Ақын-прозашы қауым бүгінгі қоғамға, әдеби процеске ілесіп жатыр ма?
– Жоқ. Қытай ұшқан құстай дамып жатыр ғой. Бүгінгі техника, технология мен ғылым ертең бір белеске көтеріліп жатыр. Бұған қытай жазушыларының қаламы ілесе алмауда. Бұл жақтағы қаламгерлер де бүгінгі тақырыпты көп қаузай бермейді екен ғой. Қытайда да сондай, ертедегі ертекті айтудан жалықпайды. Бірақ мұндай сарқыншақтан оқырман шаршайды, әдебиет тоқырайды.
– Қытай жазушылары қазақ әдебиетімен таныс па? Жалпы қазақ қаламгерлері туралы түсініктері қалай?
– Қытайдың көптеген жазушылары қазақ әдебиетін менің жазған-сызған дүниелеріммен өлшейді. Ал Қазақстандағы жалпы жазушылармен таныс емес, бірақ бұл жақтағы әдеби әлемді біледі. Сол үшін де Абайдан басталған қазақ әдебиетінің тақырыбы мен бай тіліне тәнті. Қазір Қазақстан Президенті мен Қытай басшысы Жаңа Жібек жолын дамытуды қолға алып жатыр ғой. Бұл жаңа Жібек жолы – әдебиеттің жолы болуы керек. Біз бұдан былай қазақ жазушыларын қытай тіліне аударуды жаппай қолға аламыз.
Қытайлар арғы-бергі қазақ әдебиетінен Абаймен ғана жақсы таныс. Данышпан ақынды қытай тіліне мен аудардым. Менен бұрын Шу Жу шиң деген жазушы орысшадан аударған екен, Абайды жұтатып жіберіпті. Содан кейін өзім қолға алдым. Абайдың 45 қарасөзін түгелдей ханзуша сөйлеттім. Әлі күнге дейін жақсы оқылады. Көп таралыммен бірнеше рет басылды. Менің Абайды аударғаныма қазірше ешкім сын айтқан жоқ.
– Абайдан басқа кімдерді оқыдыңыз, мәселен, өз замандастарыңыздан кімдердің шығармасымен таныссыз?
– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», шағын әңгімелерін, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін, Мұхтар Мағауиннің романдарын, Олжас Сүлейменовті да түгел оқыдым. Бәрі тамаша қаламгер. Бірақ осы жазушылардың соңғы жылдары жазған дүниелерімен таныс емеспін. Жаңа шығармалары жоқ па, әлде қолыма түсіре алмадым ба? Баспадан былтыр, биыл шыққан кітаптарын қараймын, іші баяғы жас кезінде жазған шығармалары.
Қытайда да осы жазушылардың жасына жеткен ақын-прозашылар бар. Бірақ олар жазудан қалған жоқ. 80 жасында роман жазып жатқан ақсақал бар.
– Ал Қытайдағы қазақ жазушыларының шығармашылығы туралы не айтасыз?
– Сіздер Алтайдың арғы беті дейсіздер ғой, ол жақта 500-ге жуық қаламгер бар. Оның 60-қа жуығы Мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі. Олардың бәрі қазақ тілінде жазады. Қытайша жазатын қаламгерлерден екі-үш жазушы ғана бармыз. Мысалы, жазушылардан мен және Еркеш деген қарындасымыз екеуміз ғана қытай тілінде жазып жүрміз. Сонан соң Шәріпхан Әбдәлі деген тарихи-танымдық дүние жазатын бір бауырымыз бар. Қайша Тәбәрікқызы деген қарындасымыз аудармамен айналысады. Осы сияқты қытайша жазатын жазушылар саусақпен санарлық қана. Басқалардың бәрі ана тілімізде жазады.
– Әкбар аға, бізді сіздің отбасыңыз туралы сұрақ мазалап тұр...
– Әйелім де жазушы. Юннән өлкесінде туған, бәйзу ұлтының қызы. Өмір бойы қытайдың ішінде жүрген соң, әйелімнің басқа ұлт өкілінен болуы заңдылық сияқты. Жеңгеңнің жазған әңгіме-сатиралары өте көп. Телефильмдердің сценарийін де жазады. 20, 30 бөлімді телехикаялардың сценарийін жазды. Ол сценарийін жазған фильмдердің үшеуі – Мемлекеттік сыйлық алды.
Екі ұлым бар. Үлкені өзіңмен аттас – Жарас. Қытай-Жапония ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейді. Кіші балам – Ершат. Ершат Қытай Орталық телеарнасында журналист болып жұмыс істейді. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. ҚХР төрағасы мен министрлер шетелге шыққанда тілші ретінде бірге барады.
– Әңгімеңізге рахмет!
jasqazaq.kz